Kyzylorda-news.kz  «ORDA» жоғары колледжінде бірнеше басқармалардың бірлескен қадамдық жоспарына сәйкес кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша сала мамандарының қатысуымен құқықтық түсіндірме жұмысы жүргізілді.

Құқық бұзушылық – бұл қоғамға қарсы әрекет. Қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе қазіргі кезде өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Жас ұрпаққа құқықтық тәрбие беру арқылы оларды дұрыс жолмен жүруді үйретеміз. Жасөспірімдердің арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында құқықтық сауаттылық пен құқықтық мәдениетті арттыру өте манызды. Құқықтық сауаттылықты арттыру құқықтық тәрбиемен келеді.

Құқықтық мәселелерді сөз ету, оны тыңдаушысына жеткізіп бере білу аса қиын өнер. Жасөспірімдердің арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және оны болдырмау жұмыстарының негізінде тек қана білімді болумен шектеліп қоймай, сонымен бірге тәжірибелі, көпті көрген, адамдардың жүрегіне барар кілтті таба білер тәрбиеші болу да маңызды болып табылады.

Жастар тәртібі басты назарда 2.jpg

Түсіндірме жұмысына Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы - Зәбира Абылайкызы, Бас маман - сот отырысының хатшысы - Нұрғалиев Асқар Қосылбайұлы, Директордың оқу-тәрбие жумыстары женіндегі орынбасары - Абдибаттаева Гүлнар Мәуленқызы және колледж студенттері қатысты.

Бүгінгі қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі — жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Қылмыстың алдын  алудың бірден-бір жолы – оқушылардың мектептен тыс уақытта қосымша біліммен қамтылуын дұрыс ұйымдастыру.

Шара барысында Зәбира Абылайқызы қала көлемінде кәмелетке толмағандар арасында жалпы орын алып отырған құқық бұзушылықтарға тоқтала кетіп, кәмелетке толмағандар 14 жастан бастап қылмыстық жауапкершілікке, ал 16 жастан бастап әкімшілік құқықбұзушылық бойынша жауапкершілікке тартылатынын ескертіп, қылмыс түрлерін саралап, оның жауапкершілігі жайлы түсіндіріп өтті.

Жастар тәртібі басты назарда 1.jpg

Асқар Қосылбайұлы жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық түрлеріне сипаттама беріп, деректер келтірді. Қылмыс жасалған жағдайда әрбір азамат заңда көрсетiлген ереже бойынша жауапкершiлiкке тартылатынын, Қазақстанда заң бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімдерге түнгі сағат 22.00-ден кейін компьютерлік клубтарда отыруға және түнгі сағат 23.00-ден кейін көшеде ата-анасыз жүруге тыйым салынғанын айтып өтті. 

Құқықтық білім беру арқылы жасөспірім құқықтың не екенін ұғынады және оның санасы қалыптасып, дамиды. Өскелең ұрпақтың дұрыс тәрбие алып, қоғамдағы құқықтарын пайдалана біліп, қатыгездіксіз өмірлерінің сақталуы жолында аянбай еңбек ету – біздің басты парыз. 

Сондықтан да жаһандану үрдісі басым болып, батыстық өркениетке еніп келе жатқан қазіргі кезеңге жас жеткіншектерді жаңа заман талабына сай озық ұлттық дәстүр рухы негізінде тәрбиелеп, игі нәтижелерге жету жолында аянбай еңбек етуді басты назарда ұстаған абзал. Жасөспірімдерді патриотизмге тәрбиелеп қана қою жеткіліксіз. Ол үшін ұлттық идеологияны күшейтіп, халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған асыл мұрасын, дархан пейілін, ұлтжандығын қайсарлығын насихаттап көрсете білуіміз керек. Сонда ғана жоғарыда айтылғандар жүзеге асып, өз Отанын сүйетін, абыройын асқақтата алатын шын мәніндегі жанашыр жалынды жастарды тәрбиелеуге мүмкіндік туады.

 

Қорлан САРЫ
Фото:aqmeshit-zhastary.kz

Тағы да оқыңыз: