Kyzylorda-news.kz Бүгін Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбековтың төрағалығымен жастар істері жөніндегі кеңес отырысы өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері мен жауапты сала мамандары қатысты.
Кеңес отырысының күн тәртібінде жастар саясатын жүзеге асыру, шығармашылықты дамыту, жастар денсаулығы мен жұмыспен қамту бағытындағы негізгі 4 мәселе қаралды.
Алғашқы мәселе бойынша аудан жастарының шығармашылық әлеуетін арттыру мақсатында атқарылып жатқан мәдени жұмыстар туралы Шиелі ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Аруна Әзімхан хабарлама жасады.
Баяндама барысында жастарға арналған би, вокал, домбыра, музыкалық аспаптар, қолданбалы өнер, сахна тілі мен актерлік шеберлік, айтыс, жас ақындар мен термешілер, бейнелеу өнері және көркем сөз оқу бағытындағы үйірмелердің жұмысы кеңінен таныстырылып, жастардың өнерге қызығушылығын арттыру бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
Келесі кезекте Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасының бас дәрігері Еркін Жаңабайұлы жастардың репродуктивті денсаулығын сақтау, зиянды әдеттердің алдын алу және жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Сонымен қатар, жастар арасында түсіндірме жұмыстары тұрақты жүргізіліп, психолог мамандардың қатысуымен түрлі кездесулер мен профилактикалық шаралар ұйымдастырылып жатқанын атап өтті.
Үшінші мәселе бойынша Ақтоған ауылдық округінің әкімі Ержанбек Ахметов мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылу барысы туралы есеп берді. Атап айтқанда, NEET санатындағы жастардың тізімін қайта жасақтау, олармен жекелей жұмыстар жүргізу, жастар кәсіпкерлігін дамыту және жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Сондай-ақ, Алмалы ауылдық округінің әкімі Нұрдаулет Абсултанов өз округіндегі мемлекеттік жастар саясатының орындалу барысын баяндап, NEET санатындағы жастармен жұмыс, кәсіпкерлікке баулу, мемлекеттік бағдарламалар арқылы тұрақты жұмыспен қамту бағытындағы атқарылған шараларды атап өтті.
Кеңес барысында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков жастар мәселесі қоғамның маңызды бағыты екенін атап өтіп, жауапты сала басшылары мен ауыл әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Әсіресе, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, шығармашылық және спорттық үйірмелерге тарту, NEET санатындағы жастармен жүйелі жұмыс жүргізу, құқықбұзушылық пен суицидтің алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігін айтты.
Жиын қорытындысында көтерілген мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына нақты міндеттер жүктеліп, тапсырмалардың орындалуы тұрақты бақылауда болатыны ескертілді.
