Kyzylorda-news.kz 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай «QYZYLORDA JASTAR FEST» тақырыбында мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылады.
Бұл туралы баспасөз орталығында өткен брифингте «Qosyl» қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Медет Жорабек баяндады.
– 8-11 тамыз аралығында жастар арасында түрлі шаралар ұйымдастырылады. Атаулы күнді мерекелеу 8 тамыз күні қала жастарының арасында тазалықты дәріптеу мақсатында «Табиғатты сақта – болашақты қорға» атты жастардың экологиялық қоқыс жинау сайысын өткізуден бастау алады. Шаралар легі әрі қарай, 9 тамыз күні – «Qyzylorda Youth Fest» би сайысымен, 10 тамыз – «Абай сөзі» челленджі – жастар арасындағы онлайн-акциясымен жалғасады. Ал, 11 тамызда – Орта Азия мен Қазақстан жастарының көшбасшысы Ғани Мұратбаев ескерткішіне тағзым ету шарасы, «Қызылорда – жастар қаласы» атты фотокөрме сайысы, «Шыңды бағындыр» – турникке тартылу сайысы және «Qyzylorda Youth Fest» мерекелік гала-канцерті өтеді. Қала жастарын айтулы мерекемен құттықтай отырып, жастар күніне орай өтетін шаралар легіне белсене қатысуға шақырамыз!, – деді орталық директоры Медет Ерданаұлы.
Бұл шаралар жастардың шығармашылығын қолдауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.