Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысында «Өз еліңді таны» атты танымдық экспедиция ұйымдастырылып, оған 20-ға жуық «Ел жастары» ұйымының мүшелері қатысты.
Танымдық шараны Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім және тіл орталығы» КММ ұйымдастырды.
Экспедицияның негізгі мақсаты – жастардың туған өлке тарихына деген қызығушылығын арттыру, тарихи-мәдени мұраларды кеңінен таныту және ұлттық құндылықтарды дәріптеу.
Сапар барысында жастар Жаңақорған ауданында орналасқан көне Сығанақ қалашығы мен Түркістан облысындағы Сауран қаласының тарихи орындарын аралады. Топқа «Қоғамдық келісім және тіл орталығы» КММ бөлім басшысы Жанболат Досмаханов жетекшілік етті. Ол қатысушыларға көне қалалардың тарихы, тарихи маңызы мен мәдени мұрасы жөнінде мазмұнды мәліметтер берді.
Экспедицияға қатысушылар ғасырлар қойнауынан сыр шертетін тарихи орындарды аралап, ата-баба мұрасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Әсіресе, Сығанақ пен Сауран қалаларының тарихи маңызы жастардың қызығушылығын арттырды.
Сапар соңында қатысушылар алған әсерлерімен бөлісіп, экспедицияның танымдық тұрғыдан пайдалы болғанын атап өтті. Жастар мұндай бастамалардың туған жер тарихын тереңірек тануға, ұлттық мұраға құрметпен қарауға және тарихи сананы қалыптастыруға ықпалы зор екенін жеткізді.
Айта кетейік, «Өз еліңді таны» танымдық экспедициясы – жас ұрпақтың ел тарихына деген қызығушылығын арттырып, тарихи-мәдени мұраны насихаттауға бағытталған маңызды жобалардың бірі.
