Kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданының жастары қашанда ұйымшылдығымен көпшілікке мәлім. Ауданнан шалғайда орналасқан Айдарлы ауылындағы жастардың ұйымшылдығы жұртшылыққа үлгі болып келеді. Ауданда қарқынды түрде жүзеге асырылып келе жатқан жастар бригадасы осы ауылда да ашылды.
Аталған жастар бригадасы ауыл халқының игілігі үшін жұмыс жасамақ. Өз кезегінде осы бағытта жасалып жатқан жұмыстар жөнінде Айдарлы ауылының әкімі Айбол Ержанов баяндады.
– Айдарлы ауылдық округінің жастары үлкені сөйлесе, кішісі қоштап, туыстық қарым-қатынастығын берік ұстап, түп қазығынан ажырамаған, ауызбіршілігі жарасқан бұрыннан ұйымшыл. Үлкені де, кішісі де еңбекке жақын. Содан болар, төрт түлігін түгелдеп қойып, қалған уақытын жерге арнайды. Бақша егеді, суарады, қориды. Ауылда төрт түлік асырап, бау-бақша егіп, кәсіп жасап, адал еңбегімен нәпақасын ажыратып отырған жандар күзде өнімін алып, артығын сатып, нәпақасын айырады. Ауылда азық-түлік қауіпсіздігін және ауыл тұрғындарын әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында биылғы жылы «Жастар бригадасы» үшін 10 гектар жер дайындап беруде. Көктемнің бір күні жылдық азығың демекші, қазіргі уақытта 10 жас дайындалған жерді ауыл әкімдігіне жаңадан алынған СНП-500 насосы арқылы суару жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Алдағы уақытта 3 га картоп және 7 га бақша өнімдері егілетін болады. Бұл дегеніміз, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін азайтып күнделікті өмірде тұтынып жүрген азық-түлік өнімдерінің тапшылығын болдырмауға өз септігін тигізері анық. «Қолы қимылдағанның, аузы қимылдайды» деген осы болар, – деді ауыл әкімі.
Туған ауылына сүйіспеншілік танытқан ауыл жастары осы кезге дейін Сәдуақас молда мешітінің жанынан 150 орынды шатыр орналастырған. Аталған шатыр бүгінде халықтың игілігіне жарап тұр. Ерікті жастар өз қаржысына ауылдағы 2 жалғыз басты ананың есік алдын темір шарбақпен қоршаласа, бір жалғыз басты анаға от жағатын және кіре беріс бөлме салып берді. Үш қарияның ауласын тазалау жұмыстарын ұйымдастырған. Жалпы, аудан жастарының еріктілік жұмысқа ат салысуы қуанарлық жағдай. Алдағы уақытта айдарлылық жастар еңбектің жемісін көре бермек. Әрине, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге жастар бригадасының қосатын үлесі зор. Ауданнның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру бағытында жастар орасан жұмыстар атқаруда.
