Kyzylorda-news.kz  Статистикалық мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда жыл сайын суицидтер саны өсіп келеді. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау көрсеткіші соңғы жылы 30%-ға артқан деп хабарлады zakon.kz

Елде кәмелетке толмағандардың зорлық-зомбылық пен буллинг нәтижесінде жасаған суицидтік оқиғалары туралы жеке есеп жүргізілмейді. Дегенмен, бұл құбылыстар қайғылы жағдайға себеп болуы мүмкін.

Балалар психологы Меруерт Байтуменова жасөспірімдердің мінез-құлқындағы алаңдатарлық белгілерді қалай тануға болатынын айтып, қайғылы жағдайдың алдын алу үшін маңызды кеңестер берді.

Оқшаулану және тұйықтық

Бұрын белсенді әрі ашық болған жасөспірім достарымен, отбасымен қарым-қатынас жасаудан қашқақтап, көп уақытын жалғыз өткізеді. Қызықтыратын іс-шаралардан немесе хоббилерінен бас тартуы мүмкін.

Көңіл-күйдің жиі өзгеруі

Көңіл-күйдің күрт ауысуы. Өзін әлсіз сезінуден агрессияға дейін. Болмашы себептермен тез ашулану.

Ұйқы және тәбет

Ұйқы режиміндегі кез келгең айтарлықтай өзгерістер. Тамақтану әдеттеріндегі өзгерістер. Салмақтың күрт артуы немесе азаюы.

Үлгерімнің төмендеуі

Сабақтарға қатыспай, оқуға қызығушылығы жоғалуы, үлгерімнің төменеуі.

Үмітсіздік және шарасыздық білдіру

Жасөспірім болашағының мәнсіздігі туралы сөйлей бастайды. "Ештеңе жақсармайды", "Ештеңенің мәні жоқ" секілді сөздер. Бұл өткінші сөздер сияқты көрінсе де, өте маңызды мәлімдемелер.

Суицидтік ойларды айту. Өлім туралы тікелей немесе жанама әңгімелер. "Менің болмағаным жақсы еді", "Мен бұл өмірден шаршадым" деген сөздерді елемеуге болмайды.

Жаман әдеттер, мінез-құлық өзгерістері

Аутоагрессия, алкоголь, есірткі, қауіпті әрекеттерге қызығушылық таныту. Өзін-өзі зақымдау. Мұндай әрекеттер не ауырсынуды жеңуге тырысу, не көмек сұрау болуы мүмкін.

Жеке заттарын тарату. Достарына және туыстарына күтпеген сыйлықтар табыстауы, жанына жақын заттарын достарына қиналмай беруі мүмкін.

Қиын сәтте жасөспірімді қалай қолдауға болады?

Ашық және шынайы әңгіме: жасөспірімнің сезімдерін талқылаудан қорықпау өте маңызды. Кейбір ата-аналар суицид туралы әңгіме осы ойларға итермелейді деп ойлайды, бірақ бұл – миф. Керісінше, бұл мәселені талқылау баланың сезімдерінің маңызды екенін және оны тыңдауға дайын екенін түсіндіруге мүмкіндік береді. Онымен түсіністік пен қамқорлық тұрғысынан сөйлесу маңызды, айыптаудан аулақ болыңыз.

Қарапайым сұрақтардан бастауға болады: "Соңғы уақытта достарыңмен көп араласпай жүргеніңді байқадым. Не болып жатыр?" немесе “Сен көңілсіз көрінесің. Әңгімелескің келе ме?”

Сабырлы және мұқият тыңдаушы болыңыз:

Жасөспірім сезімдерімен бөлісе бастағанда, оған ойын айтуға мүмкіндік беріңіз. Бірден кеңес беруге немесе мәселені шешуге тырыспаңыз. Ең бастысы – оны түсініп, қабылдайтыныңызды сездіру. Оның сезімдері маңызды екенін және сіз әрқашан қасында болуға дайын екеніңізді көрсетіңіз.

Әрекет арқылы қолдау көрсету:

Егер жасөспірім қиындықтарға тап болса, психологпен әңгімелесу, бірге уақыт өткізу немесе демалу сияқты нақты көмек ұсыныңыз. Қолдау туралы тек айту емес, сонымен қатар, әрекет ету де маңызды.

Қауіпсіз және қолдайтын орта құру:

Жасөспірімдер әдетте үйдегі атмосфераға сезімтал келеді. Үйде қолдау мен түсіністік орнағанына, айыптау немесе қысымның жоқтығына көз жеткізіңіз. Бала өзімен-өзі бола алатын және өзін қауіпсіз сезінетін кеңістік құруға тырысыңыз.

Кәсіби көмекке жүгіну: егер бірнеше алаңдатарлық белгілерді байқасаңыз немесе жасөспірім ашық түрде суицидтік ойлар туралы айтса, уақыт созбай, кәсіби маманнан көмек сұрау маңызды. Мектеп психологы, психотерапевт немесе дағдарыс орталығы қажетті қолдау мен көмек көрсете алады.

Жағдайды үнемі тексеріп тұру:

Жасөспірімнің сезімдері туралы әңгімені бір кезеңмен шектемеңіз. Оның жағдайын үнемі қадағалап отырыңыз, тіпті, жағдай жақсарған сияқты болып көрінсе де. Бұл балаға оның қамқорлықта екенін және өз сезімдерімен жалғыз қалмағанын білуі үшін маңызды.

Жасөспірімге дағдарыстан шығуға қалай көмектесуге болады:

Мәселені мойындау: жасөспірімнің қиын эмоцияларын елемей немесе "бұл өтеді" деп сендіруге болмайды. Оның сезімдерін ашық мойындап, оның түсінгеніне көз жеткізіңіз: қиын сәттерде өзіңді нашар сезіну қалыпты жағдай, бірақ бұған төтеп берудің жолдары бар.

Стресті басқару дағдыларын көрсету: жасөспірімдер ересектердің мінез-құлқына қарап, стрессті жеңуге үйренеді. Сіз өзіңіз қиын жағдайларды қалай жеңетініңізді көрсетіңіз: физикалық белсенділік, медитация, достармен сөйлесу немесе басқа да салауатты жолдар арқылы.

Тәртіп пен тұрақтылық орнату:

Тұрақты сабақтар, ұйқы және демалыс режимі жасөспірімдердің өздерін сенімді сезініп, дағдарысты жеңуіне көмектеседі. Режим эмоционалды күйді тұрақтандыруға және мазасыздықты төмендетуге ықпал етеді.

Жағымды қырларын таныту:

Жасөспірімге өмірдегі жағымды сәттерге назар аударуға көмектесу маңызды: достарының қолдауы, кішігірім болса да жетістіктер және қиындықтарды жеңе алатын қабілеттері.

Еске сала кетейік, барлық мектептерде 2023 жылдың желтоқсан айынан бастап "ДосболLike" антибуллинг бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама мектептердегі буллингтің барлық көріністерінің алдын алуға бағытталған. Олардың бағдарламасын Bilimland сайтынан көруге болады.

Фото: freepik

Тағы да оқыңыз: