Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысындағы И.В.Панфилов атындағы №5 мектеп-лицейде Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың 2023 жылғы 10 сәуірдегі «Балалар, жасөспірімдер және жастар арасында құқық бұзушылық пен топтық төбелестің алдын алу және болдырмау бойынша іс-шаралар» жоспарына сәйкес мектеп-лицей ұжымының қатысуымен арнайы жиын ұйымдастарылды.
Жиынның басты мақсаты – білім беру ұйымдарының директорлары, орынбасарлары, полиция қызметкерлері, белсенді ата-аналар, жастар мен зиялы қауым өкілдерінен тұратын арнайы мобильді топ құрып, рейдтік іс-шараларға кезекпен шығу кестесін әзірлеу. Сонымен қатар жиында кәмелетке толмаған жасөспірімдерді түн мезгілінде заңды өкілінсіз жібермеу, отбасылық қатаң қадағалауға алу мәселесін ата-аналардың назарына сынып жетекшілер тарапынан жеткізуді ұйымдастыру қажеттілігі де айтылды. Мектеп басшылығы жиында оқушылар арасында құқықбұзушылықты болдырмау мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізу керектігін де ескертті. Сонымен қатар жиында балалардың қауіпсіздігі де таңда басты назарда тұрған мәселе екені және мектептегі бақылау мен күзет қызметі күшейтілгені айтылды.
Ал кешкілік уақытта мектеп-лицейі әкімшілігі жанынан құрылған арнайы топ «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасына қатысты. Мамандар кешкі 23.00-ден кейін кәмелет жасына толмаған жасөспірімдердің заңды өкілінсіз көшеде, ойын-сауық орталықтарында жүрмеуін бақылады. Рейд барысында қала көшелері, мешіт, ойын-сауық орындары, балалар көп шоғырланатын аймақтар қатаң бақыланды.
