Kyzylorda-news.kz Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес Қазалы ауданында жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында күн сайын арнайы бөлінген топтар кезектілікпен түнгі рейд жұмыстарын тұрақты түрде ұйымдастырып келеді.
Рейдтік топ мүшелері күнделікті 22:00-ден бастап Әйтеке би кентіндегі ойын алаңдарын, саябақ, ойын-сауық орталықтары мен компьютер клубтарын, мейрамханаларды аралап, қоғамдық тәртіпті бақылау барысында кәмелет жасқа толмаған оқушыларға түсіндірме, ата-анасына ескерту жасайды.
Бұл жолы аудан әкімі аппаратының басшысы Ринад Тілеп бастаған құрам түнгі рейд жұмыстарын жүргізді. Топ құрамында аудандық полиция бөлімі, білім бөлімі, дербес бөлім қызметкерлері және мектеп директорлары қамтылған.
Алдағы күндері дәл осындай күшейтілген түрде рейд жұмыстары жалғаса беретін болады. Мұндай рейд жұмыстары аудан орталығынан бөлек ауылдық округтерде де жалғасуда.
Жасөспірімдердің қауіпсіздігі ата-аналар үшін ғана емес қоғам үшін де өте маңызды. Рейд жұмыстары тұрақты жүргізіліп тұрса, қауіп сейіліп, заң бұзушылық әрекеттер азаяды деген сенім мол. Мұндай түнгі рейд жұмыстары жергілікті билік өкілдерінің тұрақты бақылауында болады.
