Kyzylorda-news.kz Арал аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен, аудан прокуроры Мадияр Бекпановтың қатысуымен қылмыстық ахуал мен кәмелетке толмағандар арасында жасалған құқық бұзушылықтар бойынша «Тәртіп пен заң – үйлесімді өмірдің негізі» атты алқалы жиын өтті.
Мәжіліске аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, аудандық мәслихат төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаттары, зиялы қауым, ардагерлер, аудандық қоғамдық кеңес және әйелдер кеңесінің төрағалары, дербес бөлім басшылары, ата-аналар комитеті, аудандағы білім беру ұйымдарының басшылары мен ұстаздары, үкіметтік емес ұйым мүшелері қатысты.
Елдік мәселе сөз болғанда ең алдымен ұрпақ тәрбиесі, ұлт санасы алға шығатыны белгілі. Аталған жиынға арқау болған да осы мәселелер. Осыны алға тартқан аудан басшысы сапалы білім берумен қатар саналы тәрбие беру мәселесін де сөз етті.
– Қадірлі қауым! Сапалы білім – бүгінгі күннің басты басымдығы, бәсекеге қабілетті мемлекетіміздің бағдаршамы! Осы орайда білім саласына қойылар 2 талап пен міндет бар. Оның бірі – сапалы білім, екіншісі – саналы тәрбие беру. Мемлекет басшысы білім сапасын арттыру, еңбек нарығына сапалы мамандарды даярлау, ауыл мектептерінің жағдайын жақсарту мен бала тәрбиесіне қатысты мәселелерге айрықша мән беруде. Бүгінгі күні мектеп қабырғасында білім берумен қатар ұлттық тәрбиеге ден қойып, жұмыстарды күшейтуге аса мән беруіміз қажет, – деді аудан әкімі.
Жиында аудандағы қылмыстық ахуал және жастар арасындағы құқық бұзушылық туралы аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Құдайберген Бектөре және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында білім саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Жанназарова Санира баяндама жасады.
Бүгінгі күні қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – қылмыс пен құқық бұзушылықтың, зорлық-зомбылықтың алдын алу және кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Осы мәселе қазіргі таңда көкейкесті жағдайлардың біріне айналып отыр. Алқалы жиында осы мәселелер кеңінен талқыға түсіп, аудан әкімі тиісінше жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Жиындағы мәселелер жан-жақты талқыланып, көпшіліктің ой таразысына салынып, жиынға қатысушылар тарапынан ұсыныстар да айтылды. Бұл бағыттағы келелі жиындар алдағы уақытта да кең көлемде өткізіліп тұрады.
Фото: Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі