Kyzylorda-news.kz. Өзіне қол салу мәселесін зерттейтін балалар психиатры Сергей Скляр Қазақстанның жасөспірімдер суициді бойынша әлемде үштікте екендігімізді айтты. Суицид шкаласы бойынша, 2021 жылы – 19-ыншы орын, 2022 жылы 7-інші орын, 2023 жылы 3-інші орынға табан тіредік. Бұған басты себеп неде?.Алланың пендесіне өлшеп берген ғұмырын Алла өзі ғана белгілейді. Алайда бүгінгі қоғамда өзінеөзі қол салып, жас өмірін қиюдан таймайтындар көбейді. Елімізде өткен жылы кәмелетке толмаған 169 жасөспірім өз-өзіне қол салып көз жұмған. Біріккен Ұлттар Ұйымының статистикасына сәйкес, 2023 жылы суицид жағдайы бойынша Қазақстан әлем бойынша 19-орынға жеткен. Ал, біздің ауданда биылғы оқу жылы басынан бері оқушылар арасында 3 қайғылы жағдай орын алды. Жақында туысымыздың 17 жасар ұлы өз-өзіне қол салып, мерт болды. Себебін отбасылық мәселе деп түсіндірді. Аталған дерттің елімізде дендеп кетуіне не себеп?
Ақпарат көздеріне қарап отырып көңіл құлазиды. Апыр-ай жалындап жанып тұрған шақтарында неге өмірімен қош айтысты? Жалғанның жарығымен қоштасып кете баратындай басына не күн туды екен деген сан сауал туындайды. Жер бетіндегі пенденің ең басты құндылығы – тіршілік емес пе? Өмірге бір күннің ішінде мыңдаған адам келіп жатса, мыңдаған адам бақилық болып жатады. Көптеген адамдар талқаны таусылып, Жаратушы қалауымен өмірден озады, ал өз өміріне өздері балта шауып, ажалынан бұрын өмірімен қоштасатындарды не деп ақтап аларсың? Әсіресе қоғамның өзекті мәселесінің бірі - кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің көбеюі көптің көңіліне қаяу салып отыр. Өз-өзіне қол жұмсау - бұл жасөспірімнің қасақана өз өліміне себеп болуы. Әсіресе балалар арасын жайлаған бұл дерт болашақ үшін қауіп тудыруда. Ғалымдар өзіне-өзі қол жұмсау талпынысы – өз қайғысына назар аударту немесе айналасындағылардың көңіл бөлуін қалау ниетіне қатысты «көмек туралы жан айқайы» дегенді айтады.
Бала өзіне қол жұмсау арқылы атаанасымен, мұғалімдерімен, құрдастарымен, өз-өзімен тіл табыса алмағанда, соңғы дәлел ретінде жүгінеді. Баланы мұндай күйге түсірмеудің бір жолы ретінде психологтар баламен қарым-қатынасты түзеп, байланысты нығайту керек екенін айтады. Яғни, баланың өз-өзіне қол жұмсауында отбасының әлеуметтік жағдайының әсері көп емес екенін алға тартады. Бастысы, бала сол отбасында өзін қалай сезінеді? Қазір ата-аналар материалдық тұрақтылыққа ұмтылып, балалармен байланысын жоғалтып жатады. Байланыс жоқ жерде отбасы да жоқ. Бұл жерде басты мәселе – баланың махаббатты сезінуінде. Бала үйден, әке-шешесінен, жақындарынан жылу ала алмаса, махаббатты сезіне алмаса, оның орнына керісінше қысым көріп, жазаланса немесе ата-анасының ұрыскерісі, бір-біріне қол көтеруі деген сияқты жағдайларды күнде көріп жатса, мұның бәрі баланы эмоционалдық тұрғыдан әлсіретеді. Бұл оның стресс жағдайлар кезінде оған төтеп бере алуын қиындатады. Сол кездерде бала суицидпен ғана қорғануды жөн көруі мүмкін дегенді мамандар айтып та, жазып та жүр.
Жасөспірімдік шақта балалардың мінезқұлқында, сана-сезімінде үлкен өзгерістер болып жатады. Мектептегі мәселелер, достарымен қарымқатынас, отбасылық жағдайлар сияқты кішігірім қиындықтарды балаға ауыр қабылдап, туындаған мәселенің шешімі табылмайтындай көрінеді. Ақырында, санасында жаман ой қылаң беріп, өзөзіне қол жұмсауды құп көреді. Бәлкім, бала отбасының жылылығы мен қамқорлығын сезіне білсе, ішкі жайын ата-анасына бүкпесіз айта алса, жаман ойдан аулақ болар ма еді? Дейтұрғанымен, біздің аудандағы орны толмас үш оқиға кім-кімді де бей-жай қалдырмады. Сондықтан да бұл мәселеге мемлекеттік деңгейде мән беріліп, мамандар мен жауапты орындардағы қызметкерлердің бірлесе жұмыс істеуін қажет етеді. Жасөспірімдер арасында жиі-жиі кездесу ұйымдастырып, өзара әңгімелесу барысында ел тарихы, ұлт мақтанышына айналған батыр бабаларымыз бен ұлы тұлғалардың өмір жолынан мысал келтіре отырып, мәнді жиындар ұдайы ұйымдастырылып тұрса, келеңсіздіктің алдын алуға болар ма еді?
Аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегеновтен сұхбаттасып, осы тақырып төңірегінде пікірін білген едік.
– Өмірлік өзекті мәселені қозғап отыр екенсіздер. Әр отбасының өз ұстанымы, өзіндік ырым-тыйымдары мен дәстүрі бар. Психологтар жүйелі жұмыс жасап жатқанымен астарында отбасылық жағдай тұрғанын түсінеміз. Әсіресе қоғамнан оқшауланып, өз-өзімен тұйықталып, ортаға қосылмай жүрген баланы дер кезінде күйзелістен алып шығуға назар аудару маңызды. Арнайы мамандар бақылауды күшейтіп, әр балаға мән беріп, жағдайын біліп, жұмыс жасау керек. Балаға жан-жақты факторлар әсер етеді. Кейде психологиялық ауытқушылық немесе сырқат ретінде де қарастырылады. Ал, дінімізде өз-өзіне қол жұмсаған адамды арулап шығарып салмай, жаназасын оқымайтын еді. Бірақ қазір қоғамда ондай жоқ. Меніңше, қоғамдық сана жаңарып, ұлттық құндылықтарға мән беріліп, балғындарды шынайы өмірге тура қарай білуге баулуға тиіспіз. Әсіресе, ер азаматтардың қоғамдағы рөліне мән берілсе дегім келеді. Әрбір отбасында береке – бірлік, ынтымақ нығайса, бәрі ретке келеді деп ойлаймын. Аудандық білім бөлімінің психологы Аида Айнақожаевамен тілдесіп, атаулы тақырып төңірегінде ой қозғадық. – Біздің ауданда үш бірдей қайғылы оқиға орын алды. Бұл балалардың барлығы да толық отбасынан шыққан, құқық бұзушылық есепте тұрмайды. Айналып келгенде дәм-тұзы таусылып тұр ғой. Жалпы ауданда, 44 мектеп болса, онда 63 психолог маман жұмыс жасайды. Барлығы да өз істерінің маманы, әр баламен жұмыс жасап келе жатыр. Жылына екі рет балалардан психологиялық тест алынады. Яғни, көктем мен күз айында. Былтыр күзде осы тексеріс нәтижесінде 50 бала қадағалау тобына алынды. Оның 37-сі арнайы мамандардан ем қабылдап, үздіксіз бақылауда. Ал, 13 баланың ата-анасы қарсылық танытты. Отбасында ата-ана баланы мейирге болеп осирсе, баламен сырласа алса, болашак урпак жайсыз жагдайдан аулак болады.
Осы тұста, кент орталығындағы «Құмсақаба» мешітінің имамы Ержан Сейітжаппаровтың пікірін білген едік.
– Жап-жас өрендеріміздің осындай бір дертке шалдыққаны бүгінгі қоғамның ең басты мәселесі. Өзіне-өзі қол жұмсау үмітсіздіктен, жан тынышсыздығынан туындайды. Бір сәт айналамызға зер салып, қиналған кісінің жанын түсінуге тырысайық, құлазыған көңілдеріне демеу болайық. Бүгінгі заман ақпараттың дамыған кезі. Сондықтан да өсіріп отырған ұл-қызымызды тым қатты еркелетіп, өз еркіне жібермей, жамандықтан тыйып отыру керек. Егер бала күнінен ғаламтордан түрлі көріністер мен көкжәшіктегі небір шетел фильмдерінен бас көтермесе, оның түбі тұманды іске алып баруы мүмкін. Жүрегі иманға толы, рухани бай адам мұндай келеңсіздікке жол бермейді. Өйткені ол өзіне берілген барлық нығметтің Алладан екендігін, кеудесіндегі жанның Алланың аманаты деп біледі. Жүйкесі әлсіз адамдар өз-өздеріне жиі қол жұмсап жатады. Баланың жанарының нұры жоғалып, ештеңеге қызықпайтын болса, алдын алған абзал. Өзін өзі өлтіру – ауыр күнә, – дейді имам.
Аудандық емхана психологы Жаңабек Искаков былай дейді:
– Суицид жөнінде облыста бірінші орында тұрған жайымыз бар. Баланың осындай қайғылы жағдайға баруы ең бірінші ата-анаға байланысты. Өйткені кейінгі кездері көпшілік атаананың балаға уақыты аз, жұмысбастылық басым. Бала қиналған сәтте ең бірінші атаанасынан көмек күтеді. Ал, ата-анасы сол баланың жайын біліп, өзара әңгімелеспесе осындай жағдайларға алып келеді. Осы ретте мысал келтіріп кетейін. Көршілес аудандардың бірінде балаларға «Кім болғың келеді?» деген тақырыпта сауалнама жүргізіліпті. Сонда бір бала «мен теледидар болғым келеді» деп жауап жазған екен. Сонымен ол баламен тілдесіп көрсе, «менің ата-анам күні бойы жұмыста, кешке үйге келгенде теледидарды қосып, ұйықтағанша соған қарап отырады. Маған көңіл бөлмейді. Мен сол үйде ілініп тұратын теледидар болғым келеді. Ата анам үйге келгенде маған қарап отыратын еді» деп жауап беріпті. Байқасаңыз, қандай аянышты жағдай. Ол баламен дер кезінде жұмыс жасап, қалыпқа келген. Ал, біздің аудандағы тіркелген өкінішті жағдайлардың үшеуі де ұл бала болып отыр. Ер балада қандай да бір жағдай туындаса, қыз бала секілді біреуге айтып немесе көз жасын сырқып ішіндегісін шығара алмайды. Торығу бір ғана мәселеден туындамайды. Бірнеше уақыттан бері іште жиналып, соңында тәуекелге бел буып өз өміріне қиянатқа барады. Сондықтан да егер сізге балаңыз не қызыңыз, танысыңыз немесе көршіңіз «маған өмір қызық емес» деген сөз айтса, ескерусіз қалдырмаңыз. Бірден дабыл қағыңыз. Ол адамға көмектесуге тырысыңыз, басқаларды да көмекке шақырыңыз. Одан бөлек, балаңыз кімдермен бірге жүріп, араласатынын білу аса маңызды. Егер перзентіңіздің бойынан енжарлықты, көңілсіздікті, ешнәрсеге зауқы болмайтын селқостықты байқасаңыз, бірден арнайы мамандарға жүгініңіз. Әрі бұл ата-ана ғана емес, мектеп, айналасы мен жақын-жуығы, бәрі бірдей назардан тыс қалдыруға болмайтын жағдай. Сонда ғана біз қоғамда орын алып отырған келеңсіздіктің алдын ала аламыз, – деді маман.
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп қазақ бекер айтпаған. Әкесі ұлының, анасы қызының тәрбиесіне дұрыс көңіл бөлу керектігін аңғартады. Қыз бала анасымен сырлас әрі болашақ ана екенін құлағына құйып отыруы тиіс. Қазіргі баланың мінезі тұрақсыз. Шырт етпе, тез ренжіп қалады. Ондайда ерекше көңіл бөлу керек, атаана мен мұғалім, психолог пен инспектор бірлесіп жұмыс істегені жөн. Суицид жағдайында ата-ана мұғалімді, мұғалім ата-ананы кінәлап жатады. Бұл дұрыс емес. Теледидар, интернет баланы бұзатын жаман нәрсеге толып тұрғанда оған тосқауыл қою қиын. Осы ретте айта кетейін, бірде қоғамдық көлікте отыр едім, үш-төрт жасар баланың бұзықтығына шыдай алмаса керек, анасы арқасынан салыпсалып қалды. Мұндайға әбден еті үйренгендей ол арқасына тиген соққыға мыңқ етпеді. Айналасында тұрған жолаушылар да бұл оқиға көз алдында болмағандай елеусіз қалдырды. Дәл осындай оқиғаларға жиі тап болып жүргеніміз жасырын емес. Бүгінде ақпарат құралдарынан «баласын өлімші етіп сабап тастапты», «оқушысын соққыға жығыпты» деген хабарларды жиі оқимыз. Жуырда ғана бір жас әйелдің өзінің қызын сабап жатқан жағдай әлеуметтік желі арқылы тарап, көпшіліктің жағасын ұстатқаны бар. Баланы қатаң жазалау арқылы тәрбиелі, тәртіпті қылып өсіреміз деп ойлайтын ата-ана қатты қателеседі.
Баланың аты бала, бір орнында отырмайды, қызығады, ұстап көргісі келеді. Сөйтіп жүріп бір нәрсеге ұрынады немесе бүлдіріп, сындырып тынады. Мұндай жағдайда ашуға берілген атаана не істейді? Жұдырығын ала жүгіреді. Мұнысын тәрбиелеу деп ойлайды. Осылай жасасам келесіде тентектігін қайталамайды деп сенеді. Бірақ бала біраз уақыт өткен соң жаңағы әрекетін қайта жасайды. Бала тәрбиесі тақырыбын жан-жақты зерттеп жүрген ғалымдардың пікірінше, баланы ұрып-соғу көптеген келеңсіз жайттарды тудырады. Үнемі таяқ жеумен өскен баланың психикасында көптеген ауытқушылықтар болып, өзөзіне қол жұмсауға әкелуі мүмкін. Ұрудың да өз реті болады. Еркеліктерінің арты шапалақпен аяқталып отырса, ондай баланың атаанасына деген сыйластығы азайып, сенімі таусылады. Сенімі таусылған бала әр нәрсеге ұрынғыш келеді. Бәлкім, бірден жұдырықтың көмегіне жүгінбей, неліктен мұндай қателікке барды, соны білген дұрыс. Сонан соң бұл ісінің дұрыс емес екенін түсіндіріп, алдағы уақытта қайталамауға шақыру керек. Қайтадан қайталап қойған болса, кезекті рет түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Бала тұрмақ, біздің өзіміз де қаншама рет қателесіп, қаншама рет келеңсіз жайттарға кез болып жатамыз. Сондықтан да баланың бала екендігін естен шығармай, арқасынан сипап отырып тәрбиелеу, мінеки, бұл өте жақсы әдіс. Егер бала әке-шешесінің тілін алмай жүрсе, оның себебін үлкендер әуелі өздерінен іздеуі керек. Мүмкін, үйдегілер жақсы үлгі көрсете алмай жүрген шығар. Басқа бір жағдайлар әсер еткен болуы да мүмкін. «Сен жаман баласың» деген сөзді естіп өскен бала қайдан жақсы адам болып шықсын?! Бұл тұрғыда ата-аналар тілдеріне өте абай болуы керек. Кейде қатты ашуға беріліп, туған баласын қарғап жататын әке-шешелер де бар. Бұл үлкен қателік.
Жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу үшін мектепке кәсіби психологтар керек. Себебі ондай әрекетке бейім балалармен жеке-дара жұмыс істеуге мектеп психологтарының қауқары аздық етеді. Ең алдымен, отбасында ашық, еркін қарым-қатынастың болмауы. Көптеген жеткіншектер мен жасөсіпірмдер атааналарынан жасқанып, кез келген тақырыпта ашық пікірін білдіре алмайды. Өйткені атаана тарапынан көп шектеу мен ұрысты жиі естігендіктен, көбіне өтірік айтып, жалған сөйлеуді әдетке айналдырады. Яғни, баланың ең жақыны ата-анасы баланың ойын тыңдап, сөзіне құлақ аспайды. Әйтеуір, күйбең тіршіліктің соңында жұмысты желеу етіп, балаға мән берілмей жатады. Сондықтан да ұл-қыз өсіріп отырған ата-ана баланың ойымен санасып, отбасындағы шаруаларды да ақылдасып, бала өзінің керек екенін сезінсе, жаман қадамға бармайды. Әлбетте, отбасынан кейін балаға мектептегі ортасы мен ұстаздардың ықпалы басым. Ақпарат ағынының дамыған уақытында мектеп психологтары әр баламен жүйелі жұмыс жасап, жеке-жеке зерделеу жұмыстары жүргізілсе құба-құп. Әсіресе, психологиялық әлсіз балаларды жіті қадағалап, өмірде туындаған кез келген қиындықтың шешімі болатынын әрі уақытша екенін түсіндіріп, бала санасына сіңіретіндей жұмыстар жүргізу керек-ақ. Ең бастысы, досындай сырлас болып, кез келген уақытта басындағы туындаған түйіткілді бүкпесіз жеткізе алатынын, сенімді адам екенін бала сезінгені жөн. Ел ертеңі болар жастарымыздың жалындайтын шағында жаға ұстатар әрекетке баруына тосқауыл болуға жұмыс жасау әрбіріміздің азаматтық міндетіміз.
Әсел РЗАЕВА
Фото: Жаңақорған тынысы