Kyzylorda-news.kz. Қазалы аграрлы-техникалық колледжінде «Жас маманмен – жарқын болашаққа!» атты бітіруші түлектерге диплом тапсыру кеші өтті. Мерекелік шараға ата-аналар, ардагер ұстаздар, Қазалы қаласы әкімінің орынбасары Уәлихан Әуесханұлы, «Жастар ресурстық» орталығының директоры Нұрбек Ақпанбетов, Сыр Маржаны ЖШС бас агрономы Марат Талғатұлы, Қазалы аудандық ветеринариялық зертхана меңгерушісі Ханым Манабаева, «Дәурен» тойханасының басшысы Әлия Селеубаева қатысты.

Алдымен бүгінгі қуаныш иелері – түлектер зор қошеметпен көпшілік алдына шақырылды. Олар екі қатарға тізіліп, ерекше безендірілген колледж ауласында бой түзеді. Мемлекеттік Туды, Елтаңбаны және кітапты ұстаған білім алушылар мен үздіктер ортадан жүріп өтіп, сахнаға көтерілді. Жиналғандар Қазақстан Ресубликасының Гимнін орындады.

Салтанатты шараны Қазалы қаласы әкімінің орынбасары Уәлихан Әуезханұлы мен колледж директоры Арман Қонысбайұлы ашып, бітіруші түлектерге ақ тілегін жеткізіп, үздік дипломдарды табыстады. Биыл колледжді Айжан Қалқора, Рамазан Көшербай, Ақнұр Еркін, Берікбол Шарапат, Нұрмұхаммед Романқұлов, Ақмаржан Мамырбаева үздік дипломмен бітірді. Келесі кезекте директордың оқу жұмыстары жөніндегі орынбасары Шарбану Баекеева, директордың оқу-өндірістік жұмыстары жөніндегі орынбасары Қаршыға Арзақынов, Қазалы аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрбек Ақпанбетов, әлеуметтік серіктес өкілдері Ханым Манабаева мен Марат Талғатұлы сөз алып, бітіруші түлектерге құттықтауын жеткізіп, мамандықтары бойынша диплом табыстады. 

Биыл колледжді 2022 жылғы «Қазақстан Республикасы колледждерінің үздік 100 студенті» республикалық конкурс жеңімпазы, WorldSkills республикалық чемпионнатының қола медаль иегері Рамазан Ақжолов бітірді. Рамазанның ата-анасы колледж ұжымына шынайы алғысын білдірсе, колледж директоры Арман Қонысбайұлы ұжым атынан Рамазандай ұл тәрбиелеген ата-анаға сый-құрмет көрсетті.

Салтанатты жиын барысында республикалық, облыстық чемпионатттың жеңімпаздары Рамазан Ақжолов, Әйгерім Қалқора, Олжабек Әбілбай, Берікбол Шарапат, Нұрмұхаммед Романқұловқа Қызылорда облысының білім басқармасының дипломдары, ата-аналарға колледж әкімшілігінің Алғыс хаттары табысталды.

Биылғы оқу жылында түлектер «Автөкөліктерге техникалық қызмет көрсету және пайдалану», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету», «Ішкі санитарлық-техникалық құрылғыларды,желдеткіштерді және инженерлік жүйелерді құрастыру және пайдалану», «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Автөкөліктерге техникалық қызмет көрсету және пайдалану», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету», «Ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану», «Жол құрылыс машиналарын пайдалану», «Ветеринария», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету», «Ветеринария», «Ауылшаруашылылық техникаларын пайдалану» және «Жеміс өсіруші» мамандықтары бойынша диплом алды.

Салтанатты шара кезінде бітіруші түлектер кейінгі толқынға аманат туын табыстады. Колледж гимні, Студенттердің қоштасу әні орындалған сәтте ерекше толқынысты күй кешкен болашақ жас мамандардың көзінен алтын ұяға, аяулы ұстаздарына, достарына деген қимастық сезім есіп тұрды. 

Түлектер балдық би билеп, әуелете ән шырқады. Топ кураторлары мен шеберілері шәкірттеріне ақ жарма тілектерін арнау әнмен жеткізді. «Қимай тұрмын» әнімен шымылдығы жабылған шараға жиналғандар ерекше көңіл-күймен тарқасты.

Тағы да оқыңыз: