Kyzylorda-news.kz Қармақшы аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ комитеті ұйымының ұйымдастыруымен №284 мектеп-лицейінде аудан прокуроры Мейрамбек Маханбетжановтың қатысуымен «Прокурор сағаты» өтті. Оған білім беру ұйымдарының жас мамандары қатысып, аудан прокурорымен ашық, еркін форматта сұхбат жүргізді.

Жастармен кездесуде Мейрамбек Жаңбырбайұлы еліміздің ертеңі болар жас ұрпаққа тәлім тәрбие берудегі ұстаздар қауымының еңбегі өлшеусіз екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, қазіргі қоғамда ұстаздар өз мәртебесі деңгейінде қызмет жасап, өз құқығына қайшы келетін жайттарға жол бермеу, әкімшілік құқық бұзушылық мас күйінде көлік тізгіндеу, құмар ойындарына салыну секілді әрекеттерден аулақ болуы керектігі жөнінде жан-жақты, заң аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Мұнан өзге жастарға ұстаздық ұлы қасиетті алып жүрудің әдеп қағидаларына қатысты ақыл-кеңестерін айтып, ел мүддесі жолында қызмет жасауға шақырды.

Келелі кездесуде жас мамандар аудан прокурорына қоғамдағы өзекті мәселелер төңірегінде сауалдар жолдап, қойылған сұрақтар барысына тұшымды жауаптарын алды. Ал аудан прокуроры жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық әрекеттердің алдын алу және оны болдырмаудың бағытында еселі еңбек етіп жүрген бірқатар ұстаздар қауымын оқу жылының аяқталуымен құттықтап, Алғыс хаттар табыс етті.

Кездесудің соңына қарай Қармақшы аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлзира Абдазиева кештің қонағы болған, қашан да жастарға қамқорлығы мен қолдауын білдіретін аудан прокурорына өз алғысын айтып, ізгі ниетті ілтипатын жеткізді.

Тағы да оқыңыз: