Kyzylorda-news.kz    "Қызылорда облысы бойынша әйелдер күштерінің Альянсы" қоғамдық бірлестігі және облыстық Қазақстан халқы ассамблеясымен әріптестік меморандумның аясында жаңа жоба бастау алды.

Жобаның атауы – «Жас көшбасшылар мектебі». Ал мақсаты – жастарды тұлға ретінде қалыптастыруға, олардың азаматтық белсенділігін арттыруға, қоғамда өз орнын табуға көмектесу. Сондай-ақ, эмоционалдық білімділікке, көпшілікпен тіл табысуға, стресстік жағдайларды басқаруға үйрету.

Жоба өңірлік «Ассамблея жастары» ұйымымен бірлесіп іске асырылмақ. 

Достық үйінде жоба аясында алғашқы басқосу өтті. Басқосуда «Қызылорда облысы бойынша әйелдер күштерінің Альянсы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рахима Ахметова бұл мектепте жастардың көшбасшылық қасиетін шыңдаумен қатар, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру жолында бағыт-бағдар берілетінін атап өтті.

– Мектептің міндеті – әрбір жас тұлғаны қабілеті мен шығармашылық мүмкіндігін ашуға, өзін-өзі тәрбиелеуге мүмкіндік беру. Жастар түрлі саладағы адамдармен конструктивті қатынас орнатып, көшбасшылықтың нақты технологиясын меңгереді, – деді.

«Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов жастардың әлеуметтік белсенділігін дамыту проблемасына тоқталып өтті. Ол жастарды азаматтық жауапкершілікке, біліктілік қабілеттерін, денсаулық сақтау ортасын, жан-жақты дамыған интеллектуалды құзыретті тұлға болып қалыптасу жолында жұмыс істеуге шақырды.

Ал «Ассамблея жастары» ұйымының көшбасшысы Елена Пак жастар тарапынан гуманитарлық және әлеуметтік бағыттағы атқарылған жұмыстарға тоқталып, жаңа жобаның жұмысына сәттілік тіледі.

Өз кезегінде жастар сұрақтар қойып, алдағы бірлескен іс-шараларды талқыға салды.

Облыс әкімдігінде Қазақстан халқы ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында берілген тапсырмаларды жүзеге асыру жайы талқыланған, алдағы мақсат-міндеттерді белгілеуге арналған облыстық ассамблеяның XXVІ сессиясы өткен болатын. 

Аймақ басшысы өз баяндамасында Қазақстан халқы ассамблеясы XXХІІІ сессиясының тапсырмаларынан туындайтын міндеттер туралы айтты.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы XXХІІІ сессияда «Мемлекеттік саясаттың басты өзегі және жалпыұлттық бірегейлікті нығайтатын негізгі фактор – бірлік» деп атап өтті. Бүгінде елімізде 100-ден астам, Сыр өңірінде 30-дан астам этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүреді. Олар мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосуда. Қазіргі кезде ассамблея институты қоғамның барлық салаларында белсенді жұмыс атқарады. Мәселен, отбасын сақтау, мәдениетаралық байланысты нығайту, рухани-адамгершілік құндылықтарға тәрбиелеу, жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында ассамблея жанындағы ақсақалдар, аналар кеңестерінің рөлін ерекше атап өтуге болады. Облысымыздағы 11 этномәдени бірлестік пен ассамблея жанындағы қоғамдық құрылымдар жалпыға ортақ құндылықтарды, бірегейлікті, «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидаттарын кеңінен насихаттауда. Аймақта «Сыр өңірі – бейбітшілік пен келісім мекені» жобасы жүзеге асуда. Оның аясында ассамблея жанындағы ақсақалдар, аналар, медиация кеңестері, ғалымдар, белсенді жастар елді мекендерде кездесулер мен кеңес берулер ұйымдастыруда, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Облыстық ассамблеяның қолға алған қарқынды жобалары мұнымен тоқтап қалмақ емес. Өткен жылдарға шолу жасап өтек. Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ХХІV сессиясында берілген бірқатар нақты тапсырмалар жүзеге асырылып, толымды нәтижелерге қол жетті. Қызылордада «Анаға тағзым» орталығының ғимараты бой көтеріп, «Халық достығы» аллеясы салынды.

Сол жағалаудағы «Рухани жаңғыру» орталығы Үкіметтік емес ұйымдар үйі болып ашылды. «Достық үйінің» базасында Қазақстанның саяси реформаларының іске асырылу барысын түсіндіру мақсатында сарапшылар даярлау жөніндегі әдістемелік орталық құрылды. Сарапшы топ мамандары екі әдістемелік құрал әзірледі. Этномедиация бағытын дамытуға арналған жобалар жүзеге асырылып, кәсіби және қоғамдық негіздегі медиаторлар арнайы курстардан өтті.

Сыр өңіріндегі аналар кеңесінің «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы үздік деп танылып, өзге өңірлерге тәжірибе ретінде таратылды. Журналистер мен сарапшылар клубының мүшесі, «Хабар 24» телеарнасының меншікті тілшісі Нұрлан Жақыпбеков республикалық «Шаңырақ» байқауында этножурналистика саласының үздігі атанды. Облыстық ассамблея жастары әлемдік тренд «Ел бірлігі. Tik-tok Хаус» республикалық жобасында 1 орынды иеленді.

Этномәдени бірлестіктердің атаулы мерекелері де назардан тыс қалмады. Осы уақыт ішінде «Славяне» этномәдени бірлестігінің 25 жылдығы, татар этномәдени бірлестігінің 30 жылдығы, «Алекс» би өнері мектебінің 25 жылдығы, республикалық «Корё ильбо» газетінің 100 жылдығы аталып өтті. Облыстық ассамблея жанынан ақсақалдар кеңесі құрылды. «Өз еліңді таны!» жобасы аясында олар тарихи қалалар мен киелі орындарға саяхаттауда.

 

Қорлан САРЫ

Тағы да оқыңыз: