Kyzylorda-news.kz. Мемлекеттік грант Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында іске асырылып келеді. Осы жылдың жаңашылдығы жастарды несиелендіру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жолдауында жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамыту міндетін қойған еді. Жалпы жолдау жүктеген міндеттердің жүзеге асырылу нәтижесіне зер салсақ, осы жылдан бастап кәсіпкерлік салада сең қозғалып, бизнестің дамуына қатысты арнайы реформа жүзеге асырыла бастағанын байқауға болады. Соның бірі – жастарға арналған жеңілдетілген несие беру.
Бұл – жастарға арналған жаңа мүмкіндік. Мұның тиімділігі — жастарды қолдай отырып, олардың арасындағы жұмыссыздықты азайту. Сонымен қатар осы жоба арқылы жас кәсіпкерлер несиеге қол жеткізіп, өз жұмысын жандандырса, елде бизнес нысандарының қатары да артады.
Елімізде наурыз айынан бастап жастарға арналған жеңілдетілген несие беру бағдарламасы іске асырылуда. Жоба негізінде 21-35 жас аралығындағы жастар мөлшерлемесі 2,5 пайыз болатын несие алуға мүмкіндігі бар. Пайдалану мақсатына қарай мерзімі – бес жыл. Ал мал шаруашылығымен айналысатын жастарға жеті жылға дейін беріледі. Көктемгі егіс және күзгі жиын-терін жұмыстары үшін – үш жылға дейін, айналым қаражатын толтыру үшін (несиенің бір бөлігі) – екі жылға дейін беріледі. Несиенің ең үлкен сомасы 5 млн теңгені құрайды.
Иә, бұл кәсібін бастағысы келіп жүрген жандарға не болмаса кәсібін кеңейтуге ниетті жастарға таптырмас мүмкіндік. Бағдарлама аясында биыл 28,9 млрд теңге қарастырылған. Осы қаражат есебінен 5796 адамға жеңілдігі бар несие беру жоспарланып отыр.
Микрокредит алуға үміткер ұсынған құжаттардың мазмұны мен мәліметтерді сенім білдірілген өкілдің яғни агенттің тексеру мерзімі барлық қажетті құжаттармен бірге өтініш тіркелген күннен бастап 3 жұмыс күнін құрайды. Құжаттар мен олардағы мәліметтер микрокредиттеу шарттарына сәйкес келмеген жағдайда, сенім білдірілген өкіл қайтару себептерін көрсете отырып, микрокредит алуға арналған құжаттар топтамасын қайтарады. Сенім білдірілген өкіл өтініш тіркелгеннен күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде барлық қажетті құжаттармен және олардың микрокредит беру талаптарына сәйкестігімен ұсынылған бизнес жобаға бағалау жүргізеді. Бизнес жобаны бағалаудан кейін сенім білдірілген өкіл 3 жұмыс күні ішінде құжаттарды және бағалау нәтижелерін конкурс комиссиясына (бұдан әрі – Комиссия) ұсыну үшін халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органға жібереді. Бизнес-жобаларды іріктеу өлшемшарттары өзектілік, аргументтілік, экономикалық негіздемелік, қоғамдық маңыздылық, бұрын атқарылған жұмыстардың, іс-қимыл жоспарының болуы және бизнесжобаның өміршеңдігі болып табылады. Комиссия құрамында кемінде 7 адамнан кем емес, кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың, оның ішінде аудандық (қалалық) деңгейдегі, ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың, оның ішінде аудандық (қалалық) деңгейдегі, мәслихат депутаттарының, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерінен, ғылымибілім беру мекемелерінің, бизнес, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының, салалық сарапшылардың өкілдері, тұратын облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімінің шешімімен құрылады. Қаражат болған жағдайда бизнес-жобаларды іріктеу жөніндегі конкурстық комиссияның отырысы айына бір реттен кем емес өткізіледі.
Ең бірінші үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс. Сондай-ақ, портал грант алуға ерікті түрде қоныс аударуға қатысушыларды қоспағанда, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларының қатысушылары болып табылатын және соңғы 12 ай ішінде дәлелді себептерсіз жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысуды тоқтатқан адамдардың өтініштерін қабылдамайды. Өтінім беру үшін порталда тіркелу, грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту, бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу, өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою қажет. Ал жаңа бизнес-идеяны іске асыруға мемлекеттік грант алуға үміткерлердің еңбек санаты тіркелген жұмыссыздар немесе жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін) болуы тиіс.
Несиені алудың да өзіндік шарты бар. Соның бірі – кепіл қою. Егер үміткерде кепіл болмаған жағдайда үшінші тарап кепілгер бола алады. Кепілге жылжымайтын мүліктен басқа меншіктегі жер немесе арнаулы техника қабылданады. Сондай-ақ салық органдарына жеке кәсіпкер ретінде тіркелгеніне 5 жылдан аспауы тиіс. Өтініш берушінің жеке куәлігі, бизнес жоспары, жалақыны растайтын құжат, жеке шоттың болуы туралы анықтама, мүлікті бағалау туралы есеп және кепілдікпен қамтамасыз ету жөніндегі құжаттар қолында болу керек.
Өтініш қабылданған соң 15 күн ішінде бизнес жоспарға сараптама жасалып, баға беріледі. Оң баға алған үміткердің құжаттары конкурстық комиссияның қарауына жіберіледі. Комиссия үш жұмыс күнінде қарап, жауабы шығарылады. Егер, жоба комиссия қарауынан өтсе, үміткер шақырылып, өз жобасын қорғайды. Соңында жас кәсіпкерге бағдарлама шарттарына сәйкес несие беріледі.
Қазіргі қоғамда қалта томпайтар кәсіпті, тұрақты жұмыс пен бақуатты өмірді қаламайтын адам кемде-кем. Рас, ақша көктен жаумайды. Әлбетте еңбектену керек. Тұрақты жұмыс пен кәсіп қожайыны болмасаңыз табысты боламын деу бос сөз.
Осы орайда, жастарға арналған бұл бастама кәсіппен айналысуға қабілеті бар, бірақ қаржы мәселесі тығырыққа тіреп жүрген жандар үшін таптырмас мүмкіндік болмақ.
