Kyzylorda-news.kz Баспасөз орталығында өткен брифингте қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мұхтар Жетілгенов І жарты жылдықта атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндады.

Қызылорда қаласы мен қалаға қарасты кент және ауылдық округтерде барлығы 31 425 кәсіпкерлік субъекті жұмыс жасауда. Бұл кәсіпкерлік субъектілерде 66 450 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

– Биыл сауда базарларын жаңғырту жұмыстары аясында инвестиция тарту көзделуде. Мәселен, қала аумағында жұмыс жасайтын барлығы 11 базардың ішінде 5 базар әмбебап қатарына енгізілген және олар 2025 жылдың аяғына дейін модернизациялаудан өтуі тиіс. Әмбебап базарларды жаңғырту жұмыстары аясында бүгінде «Қанат» базары толық модернизациядан өтті. Қалған 4 базар, яғни Жаңа базардағы Асбол сауда орнын және Ескі базар аумағындағы «Сұлтан», «Сыбаға» және «Талғат» сауда орындарын модернизациялау биылғы жылдан бастау алды, - деді Мұхтар Әбдімаратұлы.

Мемлекеттік бағдарламалар аясында да кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында

612,8 млн. теңгені құрайтын 56 жобаны несиелендіру жоспарлануда. «Жастарға арналған несие» бағдарламасы аясында

875 млн. теңгеге 175 жобаны қаржыландыру көзделуде. Екінші деңгейлі банктердің кәсіпкерлік мақсатта ұсыналған несиелерін Даму қорымен субсидиялау шаралары жалғасуда. Жыл басынан бері жалпы құны 8,9 млрд. теңгені құрайтын 229 жоба қолдау тапты.

Тағы да оқыңыз: