Kyzylorda-news.kz. Жаңа дәуірдің кемел келбеті мен ізгілік әлеміне жол тартқан ғасырға жуық тарих сүрлеуінде тың із қалдырған оқу орны, теміржол саласына болашақ маманның білім кеңістігінде кәсіби білім алуы бағытында қызмет атқарып жатқан Сыр өңірінде өзіндік орны қалыптасқан іргелі оқу орны Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінде көк күмбез аспан көкжиегіне қанат қағып, ізгі мұрат жолына асыға аттанғалы түрған түлектердің «Жарқыра, жаса, жас маман! атты колледж бітірушілеріне арналған диплом тапсыру кеші өтті.
Шарада 9 біліктілік бойынша 217 студент болашақ маманның құжатын иеленіп, жаңа өмірге жолдама алды.
Бітіру кеші шәкірттеріміздің жұлдызды шеруімен басталды. Салтанатты жиында колледж директоры, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері Б.Ахметов, Қазалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Бекпанов, ардагер ұстаз М.Ақниязов, «Қамқор Локомотив» ЖШС Қазалы локомотив жөндеу зауыты филиалының директоры Н.Алмагамбетов, Қазалы белгі беру және байланыс дистанциясының директоры А.Динахметов, Қазалы жол дистанциясының басшысы А.Құсанов, Қазалы стансасының бастығы С.Боранқұлов, Қазалы аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Н.Ақпанбетовтер мамандық бойынша бітіруші 11 топтың студенттеріне дипломдарды табыстады.
Шара барысында колледжде білім алумен қатар шығармашылық қабілетін көрсете білген, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытқан бірнеше студентке колледж директорының Алғыс хаты табысталды.
Бітіруші түлектердің өздері білім алған оқу ордасының мерейін асырып, білікті маман болатынына бек сенеміз! Мәңгілік еліміздің белсенді мамандары жасай берсін!
