Kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданына қарасты Аламесек ауылы – ауыл шаруашылығында тынымсыз еңбек етіп, салаға серпін берген Еңбек Ері Несіпбай Апрезов секілді еңбеккерлер туған елді мекен.
Қазір әр жылдары ауылдың Сыр салысынан қанша өнім алғанын сараптасақ, аймақтың қамбасына қанша астық құйғанын бағамдар едік. Бастысы, еңбек еленіп жатыр. Елді мекенге «Қарабура Ата-1» шаруа қожалығы келгелі еңбек адамдарының миллиондап қаражатқа қол жеткізуі, төрағалардың дала дарабоздарына темір тұлпар табыстауы дәстүрге айналды.
Есет батырда жергілікті шаруашылықтардың ауылда түрлі жобаларды жүзеге асыруға ынтасы артып келеді. Бастысы, әр жобаның халыққа пайдасы бар. Кеше ғана ауылда «Нағи» шаруа қожалығы Өмірбай шешен көшесінің бойын абаттандыруды жауапкершілігіне алған еді. Сыр салысын өсіруде өңірге танымал шаруашылық ұжымы бүгінде сол жолдың бойынша алғашқы жобасын жүзеге асырды. Яғни дәл осы ішкі көшенің бойынан Балалар жылы қарсаңында балалар ойын алаңын салып берді. Кешегі кездесуде аудан басшысы Асқарбек Есжанов бұл балалар алаңының бүгінде ауылдың қажетіне жарап тұрғанын тілге тиек етіп, Балалар жылында балаларға базарлық болғанын ерекше атап өтті.
Аламесек те аудан орталығынан шалғай жатқан ауылдардың бірі. Екі мыңға жуық халқы бар елді мекеннің бұйыртса, келер жылы екінші тынысы ашылатындай. Биыл да Есет батырда еңселі жобалар жүзеге асты. Әсіресе жергілікті шаруашылықтардың демеушілігімен бірнеше ойын алаңының пайдалануға берілуі, Балалар жылында бүлдіршіндерге базарлық болғандай.
Ел болған соң, мәселе де болады. Жылдың бірінші жарты жылдығында аламесектік ағайын ауылдық емхана ғимаратына қатысты мәселе көтерген. Көне нысан мұнда келген науқастардың ем алуына да, абзал жандардың емдік шаралар көрсетуіне де қолайсыз екен. Оны Асқарбек Есжанов та барып көрді. Көп ұзамай бұл мәселені шешуге тырысатынын жеткізіп, кез келген мәселенің шешімі қаражатқа байланысты болғандықтан толық уәде берген жоқ. Арық сөйлеп, семіз шығатын әкім бүгін ауыл халқымен кездесуге сүйінші жаңалықпен келіпті. Бұйыртса келер жылы ауылдағы абзал жандар жұмысын жаңа нысанда жалғастырады. Яғни 2023 жылы Аламесекте ауылдық емхана құрылысы басталады.
Ауылдағы ішкі көшелердің бәрінің бүгінде тозығы жеткен. Бұған қатысты да келер жылы Есет батырда жол құрылысы қарқын алғалы тұр. Ал ауылға кіреберістегі көпірдің маусымында халыққа қандай мәселе болғаны айтпаса да белгілі. Кеше көпір құрылысының да тәмамдалғанын көріп, қуанып қалдық. Жол құрылысынан бөлек келер жылы ауылда ауыз су жүйесі кеңейтіліп, электр желісі жаңартылады. Тізе берсек, ауылда алдағы жылы жүзеге асатын жарқын жобалар жетерлік. Бастысы халықтың атқарылған істерге берер бағасы жоғары.
Сондай-ақ, ауылдағы ағайын учаскелік полиция инспекторының қызметтік көлігі болса деген талап-тілегі келер жылы көктемде орындалатын болды.
Екі мыңға жуық халқы бар Аламесек ауылында соңғы жылдары атқарылған жұмыстар ауыл әлеуетін көтеруде оң нәтижеге қол жеткізді десек, артық айтқандық болмас. Осыған дейін елді мекенге кіреберіс жолдың да сапасы сын көтермейтіні күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе еді. Былтыр жаз мезгілі ортасынан ауа бере бұл мәселе де өз шешімін тапты. Қазір ауыл халқы құрылысы 300 млн теңгеге жуық қаржыға жүргізілген жолдың игілігін көріп отыр. Оның үстіне сол жолдың бойында орналасқан көпірдің де құрылысына ел ағаларының көңіл бөлгені аламесектік ағайынның көңілін бір көтеріп тастады.
Сонымен қатар, алдағы уақытта «Қарабура-Ата-1» шаруа қожалығының төрағасы Дастан Ержанов жалпы құны 5 млн теңгеге ауылға кіреберіс жолға жарық жүргізуді қолға алмақ ниетте. Бұған дейін ауылдағы түрлі шараларға демеушілік жасаудан шет қалмаған шаруашылық төрағасының мұндай игі бастаманы қолға алғаны құптарлық іс. Әсіресе бұл шаруашылықтың ұжымы төрағаның соңғы жылдары жұмысшыларының әлеуметтік жағдайын жақсартуға басымдық беріп отырғанын айтады.
«Жаңаарық» шаруа қожалығының төрағасы Ғалымжан Қайырманов алдағы уақытта жарық жүргізілген кіреберіс жолдың қос бетін абаттандыруға күш саламын деген. Бұл жұмыстарға төраға алдағы уақытта өз қаражаты есебінен 6 млн теңге бөлетінін де айтқан болатын. Сондай-ақ, көркейту-көгалдандыру жұмыстарының сапалы жүруі де өзінің бақылауында болады. Туған жердің түлеуіне тамшыдай болса да өз үлесімді қоссам деген төрағаның бұл жобасынан бұрын елге қызмет етемін деген мақсаты бізге ерекше ұнап отыр. Бар болғаны 100 гектардан астам жерге Сыр салысын еккен азаматтың ауылдың абаттануына өзін жауапты деп тануы орынды. Алдағы уақытта бұл жоба да елді мекеннің еңсесін тіктеуге үлкен сеп болары анық.
«Жаңарық» шаруа қожалығы биыл да ала жаздай күріштің күтіміне басымдық берген. Нәтижесін уақытында егіс басына барып та көрдік. Биыл алқап басындағы өнімнің шығымы бітік болды. Қыркүйек айының алғашқы онкүндігінде Сыр салысына орақ салған шаруашылықтың бүгінгі төрағасы Ғалымжан Қайырманов қазанда күзгі науқанды оң нәтижемен қорытындылапты.
Айтпақшы, Ғалымжан Қайырманов басшылық ететін бұл ұжым елді мекендегі мерекелік шараларға демеушілік етуді, ардагерлерге сыйақы таратуды да дәстүрге айналдырған. Былтыр Ғалымжан Қайырманов аудан әкімімен меморандумға отырып, Аламесек ауылдық округіне кіреберіс жолдың қос бетін абаттандыруға келісім алды. Бұйыртса, күзгі науқан жұмыстары бітті, енді шаруашылық ұжымы осыған кіріседі. Төраға жолдың бір бетіндегі бос жатқан жерден саябақ ашып, оны ардагер ұстаз, шаруашылықтың негізін қалаған Жарылқасын Қайырмановтың атына беруді жоспарлап отыр.
“Нағи” шаруа қожалығының төрағасы Серік Дүйсенғазиев те алдағы уақытта ауылдағы Өмірбай шешен көшесін абаттандыруды қолға алатынын айтқан. Бұл жұмыстарға ол 4 млн теңге қаражат бөлемін деген болатын. Кешегі сапарда ауылда аталған шаруашылықтың қолға алған жобасын көріп, бұл жұмыстарға одан да көп қаражат жұмсалғанын бағамдадық. Ол Өмірбай шешен көшесін абаттандыруды жауапкершілігіне алып, оның бір бетіне Балалар жылына ойын алаңын ашты. Бүгінде ауылдың кішкентайларын іздесеңіз, сол жерден табуға болады.
Соңғы жылдары ат спортына жастардың, әсіресе ауыл жастарының қызығушылығы басым екенін ескерсек, ұлттық спортты ұйымдастыратын арнайы орынның жоқтығы айтарлықтай мәселе боларын жақсы білеміз. Есет батыр ауылында “Көктөбе” шаруа қожалығы төрағасының жобасы осы мәселені шешуге айтарлықтай сеп боларына көз жеткіздік. Алдағы уақытта төраға 5 млн теңгеге ауылдан ипподром құрылысын бастамақ.
Бірлігі бекем, тірлігі тиянақты ауылда атқарылар жұмыс жетерлік, бастысы ағайынның ауызбіршілігі болса болғаны. Сондай-ақ, елде мекенде осындай үлкен жобаларды қолға алып жатқан төрағалар басқа да жергілікті шаруашылықтарға үлгі болары анық.


