Kyzylorda-news.kz.«Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы бойынша бүгінде Жақсықылыш кентінде көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Кенттің ішкі жолдары жөнделіп, спорт кешені таяуда ел игілігіне берілмек. Сондай-ақ мұндағы кәсіпкерлік деңгейі де жыл санап артып келеді. Халықтың басым көпшілігі өздерінің қызығушылығынан туған дүниені кәсібіне айналдыруда. Соның нәтижесінде кент тұрғындарының қажетін өтеумен қатар табысқа да кенеліп отыр. Әңгімеге тұздық болуы үшін Жақсықылыш кентіндегі тың кәсіп бастап көпшіліктің көңілінен шығып отырған кәсіпкерлерге тоқталып өтсек. 

Ел экономикасын дамытушы кәсіпкерлік саласы да атаулы кентте жүйелі даму үстінде. Мәселен, кент бойынша 1 акционерлік қоғам, 6 жауапкершілігі шектеулі серіктесігі, 125 жеке кәсіпкер тіркелген екен. Оның ішінде 27 азық-түлік дүкені, 5-еуі қызмет көрсетумен (шаштараз, әсемдік салоны)айналысады. Сонымен қатар кентте 2 сауда үйі (мини-маркет) ашылып, ағымдағы жылдың өткен мерзімінде ЖК «Жалғасбаев А» кенттен дәріхана және май құю бекеті жұмыс жасауда. Сонымен қатар Қызылорда өңірлік инвестициялық даму орталығы арқылы 140 орындық «Асылым» жеке бөбекжай-бақшасы өз жұмысын бастап кеткен. ЖК «Жалгасбаев Н» шағын құс фермасын ашып, қазіргі таңда тауық етін (бройлер) шығарып, тұрғындарға ұсынып келеді. Жеке кәсіпкерлер жылыжай, қоғамдық монша салу және тағы да басқа кәсіп түрлеріне қызығушылық білдіріп, жоспарлап қойған. Бүгінгі күні атаулы жұмыстың алдын ала дайындау жұмыстары жүргізіліп келеді.

«Той десе қу бас домалайды» дейтін қазақпыз. Той тойлау біздің тыныс –тіршілігімізбен біте қайнасып кеткен. Әрине сол тойда дастарханның шырайын кігізетін ол тіл үйірген тәттілер. Осыны ескерген жақсықылыштық кәсіпкер Ақбота Оңғарбайқызы өзінің кондитерлік өнімдер шығаратын цехынан тәтті тоқаштар, пирок, кекс, торт және пірәндік шығара бастады.
Кәсіпкер болуды қолға алған Ақбота Бегенбетова 2019 жылы «Бастау» кәсіпкерлерді қолдау орталығында кәсіпкерлер даярлау курсынан өтеді. Осылайша мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге берілетін қайтарымсыз грантты жеңіп алған. Сол арқылы өзнің кондитерлік кафетерий кәсібін бастаған. Кейіннен мемлекеттен кәсіпкерлерге берілетін пайыздық мөлшерлемесі аз несие алып, кәсібін жандандыра түседі. 

–Негізгі мамандығым – технология пәніннің мұғалімі. Бірақ ол бойынша қызмет еткен жоқпын. Түрлі тәттілер пісіру менің болмысыма жақын болды. Бұл қызығушылықтан туған кәсіп деп айтсам да болады. Бастапқыда отбасылық жиын-тойларға пісіріп жүрдім. Кейіннен біртіндеп тапсырыс келе бастады. Сонан соң осы кәсібімді қолға алуға шешім қабылдадым. Осылайша кәсіпкер болып шыға келдім, – деп бастады әңгімесін Ақбота Оңғарбайқызы. 

Кәсіпкер ең алдымен кондитерлік кофетерие ашқан. Онда адамдар демалып түрлі тәттілермен шәй ішіп, тез дайындалатын фас-фут тағамдарды тұтына алады. Ал одан бөлек тәттілер шығаратын чехтың жұмысы қайнап тұр. 
–Бұрын ауыл ішіне көрші ауылдарға тапсырыспен түрлі тәтті торттар, самса, тоқаш сынды дастарханның шырайын кіргізетін өнімдерді дайындайтынмын. Жақынан бастап прәндік пен коржок дайындауды неге байқап көрмеске деген ой туды. Ақыры бұл істі де қолға алдым. Қазір Арал қаласындағы оннан астам дүкенді осы өнімдермен қамтамасыз етіп отырмыз. Сұраныс жоғары, - дейді кәсіпкер. 
Расымен де қазір «жақсықылыштың прәндігі» деген сөзді жиі естейтін болдық. Дәмі ерекше бағасы қалтаға қонымды тәттіні іздеп жүріп алатындар көбейген. Соның арқасында Ақботаның кәсібі де дөңгелене түсті. Қазір 3 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. 

–Бұрындары үлкендер береке нанда деп айтушы еді. Сол сөздың растығына көзім жетті. Ошағымыздан күнде тәтті наның иісі шыққандықтан болар аллаға шүкір несібеміз еселеніп келіуде. Бастысы ол емес. Қазіргідей қымбатшылық заманы орнап тұрған шақта халыққа сапалы, тойымды, әрі арзан тағамдар тұтынуға өз септігімізді тигіссек дейміз. Ал нәпақамызды алла пейілімізге қарай береді. Біз балаларымызға үлгі бола білуіміз керек. Жолдасым Әділбек мектепте мұғалім. Ер адамның ас-ауқаты дайын, сырт келбеті мінсіз болуы керек. Әрине әйел ретінде оған тікелей жауаптымын. Ал өз ісіме шын пейілмен кірісу артық шығынсыз дәмді дүние шығарудың алғы шарты болмақ, -деді.

Кәсіптен береке тауып отырған нәзік жанды ана көпке үлгі боларлық. Жолдасы Әділбек екеуі өмірге әкелген үш баласын жетілдіріп, жеткізіп немере сүйіп отырған жайы бар. Кәсіптің көзін тауып, берекелі тұрмыс кешіп отырған осындай іскер, қарапайым отбасылар біздің мемлекетіміздің гүлденуінің кепілі. 

Кенттегі қолға алынған жаңа кәсіпкерліктің бірі құс шараушылығы фабрикасы. Фабриканың жетекшісі Нұржан Жалғасбаев.
Нұржан талайдан бері кәсіпкерлікке ден қойған азамат. Еңбекке жараған шақтан бастап кәсіптің алуан түрімен айналысып, өзін сан-қырлы сынақтан өткізген. Түбінде кәсіпте береке барын ерте жастан түсінген ол осыдан бір жыл бұрын құс өсіруді қолға алды.

–Бұрын алып-сатумен айналыстым. Кәсіптің түр-түрін істедім. Сосын өткен жылы осы құс фабрикасын ашуды жоспарладым. Бастапқыда табысты кәсіп екенін түсінсем де тірлікті бастауға тәуекел ете алмай ұзақ жүрдім. Өз қаражатым есебінен 32 миллиондай қаражатқа қажетті жабдықтарымды, техникаларымды алып, кенттен 500 метрдей қашықтықтан құс фабрикасы құрылысын бастап кеттім. Жарық, жылу, су барлығын жүргізіп құстарды өсіруге қолайлы жағдай туғыздым, – деген Нұржан кәсіптегі алғашқы баспалдақтары туралы айтты.
Кәсіпкер жұмыртқаны арнайы тапсырыспен Чехия, Германия, Испания елдерінен алдырады. Жұмыртқа күйінде жеткен өнім инкубаторда өсіріледі. 19-20 күндей уақытта арнайы аппараттан шыққан балапанды баптау үшін 3 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
–Бұл балапандар өте сезімтал келеді. Жас нәрестенің күтімі секілді олардың арнайы салынатын витаминдері бар. Қалыпты температура мен ішіп-жемін де өз мөлшерінде беріп отыру керек. Әйтпесе талайғы еңбек еш кетуі бек мүмкін. Сондықтан жұмысшылармен бірге балапандарды күтіп-баптауға отбасымызбен кірісеміз», – дейді кәсіпкер.

Нұржанның кәсібі құс етін дайындау бағытында. Соған дейін жұмыртқадан өсіп-жетілген құс 37 күнде союға жарап қалады. Осы уақытта тағы оншақты адамды уақытша жұмысқа тарту қажеттілігі туады. Қызу науқанды көптеп өткеретін кәсіпкердің бұл бағыттағы жұмысы әзірге нәтижесіз емес.

–Бір мезетте 2500-3000 бас құс өсіп шығып, союға дайын болады. Айына бір ет сою науқаны жүреді. Осы кезде күніне 5000 теңге жалақы негізінде 10 адамды уақытша жұмысқа аламын», – дейді.

Қазіргі таңда жергілікті өнімге сұраныс жоғары. Өз тұтынушыларын тапқан. Айына 7 тонна тауық етін өндіріп отыр. Аудан орталығындағы дүкендер мен дамханаларды Нұржан құс етімен қамтамасыз етуде. Бағасы да қалтаға қонымды. Ауылшаруашылық өнімдерінің жәрменкелеріне де қатысып тұрады.

–Менің таңдап алған кәсібім қажыр-қайратты, көп еңбекті талап етеді. Өйткені бұл дайын өнімді алып сату емес. Жұмыртқадан балапан, балапаннан тауық өсіру. Бұл туған балаңдай күн-түніңді өз кәсібіңе арнау деген сөз. Қазіргі күні ауданды құс етімен қамтып отырмыз. Елге пайдамыз тисе деймін. Әлі де алға қойған жоспарларым көп. Жуырда аудан басшысы Серік Сағитжанұлы да келіп, фабрика жұмысымен танысып кетті. Алдағы уақытта барынша қолау көрсететіндігін айтты. Бұл да мерейімізді өсіріп тастады, – дейді Нұржан.

Нұржанның жоспарлары көп-ақ. Кәсіп көлемін ұлғайтып, Аралдан шыққан тауық еті еліміздің өзге өңірлеріне де жеткізілетіндей дәрежеге жетіп, ауданның кәсіпкерлік көкжиегі кеңеитуге үлес қосуды басқы мақсат етіп отыр.

Жақсықылыш кентінде отбасылық кәсіп те алға қойылып келеді. Отағасы да, отанасы да кәсіпкерлікке ден қойып отбасын табысқа кенелтіп отырған жандар қаншама. Солардың қатарында көпбалалары отбасы Темірхан Сүйеуов пен Айнұр Эдилбаева да бар. 
Бұл жандардың жарасымды шаңырақ болғанына да жиырма жылға тарта уақыт болды. Айнұр – қырғыз ұлтының өкілі. Жақсықылыштық жігіт Темірханмен Алматы қаласында жұмыс істеп жүріп танысқан. Жарасым тапқан екі жас көп ұзамай шаңырақ көтереді. Осылайша 2005 жылы Жақсықылыш кентіне келін болып түскен Айнұр қазірде елге сіңісіп кеткен. Ағайын-туыспен де, көршімен де тату тірлік кешіп, алты баланы өмірге әкелді. Отағасы Темірхан 15 жылдан бері шаштараздық кәсіпті меңгеріп, кенттегі тұрғындарға қалтқысыз қызмет атқарып келеді. 

–Отбасы болған соң жанұяны асырау ердің міндеті. Бұрындары әртүрлі жұмыстар істеп жан бағушы едік. Балаларым өмірге келе бастаған соң бала тәрбиесімен айналыса жүріп нәпақа табу керек болды. Бұрын да шаштараздық кәсіпке ептілігім болған соң ауылдан ашайын дедім. Оның үстіне ауылдағы үлкен де, бала да шаш алдыру үшін қалаға сабылады. Бұл артық шығын жұмсауға әкеледі. Мен кәсіпті қолға алғалы бері ауылдың халқы қызметіме жүгініп жүр. Осылай кәсібім алға басуда, – дейді отағасы Темірхан. 

Ер азаматтың табысқа кенелуінің артында әйелдің алып күші мен ақылы жататындығы белгілі. Темірханның жары Айнұр да өмірге перзент әкеліп, оларды тәрбиелеу ісімен айналысып, ерінің бабын келістіре білді. Сонан соң өзі де кәсіп ашып, жолдасына болысуды ойлады. Себебі қазіргі күні алты бала да есейіп мектептке барып, әжептәуір қолғанат болып қалған. 

–Ауылда жоқ, халыққа қажет деген кәсіпті қолға алуды ойладым. Солай көлік жуу орнын ашсам деген ой келді. Себебі қазір ауылдағы әрбір үйде жеңіл көлік бар. Оларды арнайы орында жуғанды бәрі қалайды. Осылай «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында арнайы курстан өтіп, кәсіп ашудың, жоспар жасаудың қыр-сырын меңгердім. Өткен жылы қайтарымсыз грант негізінде қаржы алуға құжаттарымды тапсырып көргем. Мемлекет менің жобамды қолдады. Осылайша гранттық қаржыға қол жеткізіп, кәсібімді бастап кеттім, – дейді Айнұр. 

Шаруа әйелінен кәсіпкер ханымға айналған Айнұр мұның бәрі балаларымның несібесі деп Тәңірге шүкіршілік айтады.  Қазірде тірлігі түзу отбасын ел құрметтейді. Жаңа кәсіптерінің де тасы өрге домалай бастаған. 

–Ұлыстың ұлы күнінде көлік жуу орталығының ашылу салтанатты рәсімін жасап, елдің батасын алдық. "Баталы құл арымас" деген ғой халқымыз. Әр игі істің басын осындай жақсылықпен бастау әдетімізге айналған. Мемлекеттің қолдауын алып, кәсіп бастап жатқанымыз да сол тілекші жандардың тілегінің арқасы деп ойлаймын, – деді кәсіпкер.

Тірліктің көзін тауып, адал еңбекпен ұрпағын өсіріп отырған отбасы мұнымен тоқтап қалмай, енді кілем жуу орталығын ашсақ деген жоспарларының да бар екендігін айтып қалды.  Нәсіп кәсіпте екендігін түсінген халықтың кәсіпкерлікке ден қоюы көңіл қуантады. Бұл да халық қажетін өтеумен қатар экономиканың өсуіне үлес қосу. Өз кезегінде мемлекет тарапынан да іс бастаймын  дегендерге қолдау көп. Бүгінгі біздің кейіпкерлеріміз осы сөзіміздің дәлелі болмақ.

Жалпы кенттің ауылшаруашылық саласы жұмысына назар аударар болсақ, бүгінгі күні кент бойынша 3000-ға жуық мүйізді ірі қара, 2000-ға жуық жылқы, 2300-ден аса түйе малы, 4500-ден аса қой-ешкі өсірілуде. Мал шаруашылығымен 29 шаруа қожалық, 20 дара кәсіпкер айналысса, қалғаны жеке тұрғындардың үлесінде екен. Сонымен бірге ауылшаруашылық саласы бойынша 4 бас асыл тұқымды бұқа сатып алынған. 2 шаруа қожалығы («Бексұлтан» және «Ер-Нұр» ШҚ) 100 аналық сиырға субсидия алып, тұқымдық түрлендіру бойынша грант жеңіп алған. Сондай-ақ үстіміздегі жылы төтенше жағдайды алдын алуды қаржыландыру резерві есебінен жайылымдық жерлерді суландыру мақсатында жаңадан 2 су ұңғымасы қазылып, мал шаруашылығын дамытуға қолайлы жағдай жасалып жатыр.

Міне, тұзшылар мекеніне айналған өлкенің кәсіпкерлік көкжиегі де күн санап кеңіп келеді. Ондағы ағайын тірліктің көзін тауып берекелі тұрмыс кешіп отыр.

Тағы да оқыңыз: