Kyzylorda-news.kz. 26 мамыр күні әлеуметтік желілерде қоқыс полигондарына төгілген жарамсыз көкөніс қалдықтары туралы жазба тарады. Осыған қатысты төмендегіні назарларыңызға ұсынамыз, деп жазады «Байқоңыр ӘКК» АҚ басқармасының баспасөз қызметі.

Өздеріңізге белгілі, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін тұрақтандыру қорына азық-түлік сатып алынады.

Бұл өнімдер арнайы әлеуметтік дүкендер мен ірі сауда үйлері желілеріне жеткізіліп, төмен бағамен сатылады. Сонымен бірге, көшпелі азық-түлік жәрмеңкелерінде өңір тұрғындарына жеңілдетілген бағамен ұсынылады.

Дүкендерде жарамсыз болып қалған өнімдер қайтадан қоймаға әкелініп сақталады. Өнім сатып алынып, сақталып, сатылғаннан кейін ол жерде жарамсыз қалдықтардың қалуы – заңды құбылыс. Бұл – тұрақтандыру қорында да, жеке кәсіпкерде де болатын жағдай.

Азық-түлікті сақтау кезінде ол өз салмағын жоғалтады. (ресми атауы – табиғи өзін-өзі жоғалту – естественная убыль до 15 %). Оған да заңды нормативтер белгіленген. Қоймадағы тауарлар бұл бағыт бойынша талданып, ай сайын сараптамадан өткізіледі.

Көрсеткіштердің барлығы белгіленген нормалар аясында жасалған. Жою алдында, жарамсыз көкөніс тауарлары актіленіп, "Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы" акцонерлік қоғамының сынақ хаттамасы алынады.

Әрі қарай, қауіпті тамақ өнімдерін жою жөнінде комиссия құрылып, Қызылорда қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының, Қызылорда облысы бойынша экология департаментінің, «AMANAT» партиясының, Қызылорда қалалық полиция басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен жою жөнінде шешім қабылданады.

Жоғарыда атап өткенімдей, жарамсыз өнімдер іріктеліп, қалдықтары арнайы мамандардың қорытындысы бойынша есептен шығарылып, келісім-шартқа сәйкес қоқыс полигонына апарылады.

Жарамсыз өнімдер биылғы 25 мамыр күні жойылған еді. Желіде тараған жазбада сол процесс баяндалған.

Биыл бағаны тұрақтандыру мақсатында 588,1 тонна картоп, 720 тонна бас пияз, 106 тонна қырыққабат, 133 тонна сәбіз – барлығы 1547,1 тонна көкөніс сатып алынса, оның 9,2 пайызы тасымалдау, сақтау, дүкендерге апару, тұтынушылардың іріктеп сатып алуынан соң жарамсыз болуына байланысты жойылды.

Былтыр 568,4 тонна көкөніс тауары сатып алынып, оның 32,7 пайызы, 2021 жылы 1197,4 тонна көкөністің 25 пайызы жойылған.
Өздеріңіз байқағандай, биыл көкөніс алдыңғы жылдарға қарағанда 3 есе артық сатып алынғанмен, жою көрсеткіші 3 есе аз. Ол – алынған өнімнің сапасын қадағалағанның, дұрыс сақталуын қамтамасыз еткеннің нәтижесі.

Жазбада «өнімдерді адамдарға таратып бермей ме?» деген сұрақ қойылған.

Үкіметтің адам өмірі мен денсаулығына, жануарларға, қоршаған ортаға қауіп төндіретін тамақ өнімдерін кәдеге жарату және жою ережесі туралы қаулысы бар. Соған сәйкес жойылған көкөністерді адамдарға немесе үй жануарларына беруге болмайтындығын, олардың адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтіретіндігін хабарлаймыз.

Тағы да оқыңыз: