Kyzylorda-news.kz. Қазақ «Ең үлкен тәрбиеші – еңбек» дейді. Осы бағытты бүгінгі өскелең ұрпақ та ұстанып келеді. Тұғыры биік туған елдің мақсат-мұраты мен мүддесін жеке басынан биік қоятын дарабоздардың бірі – Жаннұр Біләлқызы. Ол өңірдегі іргелі білім нысандарының қарашаңырағы – Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің студенті. Бүгінде қоғамдық жұмыстардың бел ортасында көрініп жүрген жастың арманы – асқақ.

Жаннұр – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Инженерлі-технологиялық институты Су шаруашылығы және жерге орналастыру кафедрасының «Жерге орналастыру» мамандығының 2 курс студенті.

Университет табалдырығын аттаған бой да, өзінің белсенділігімен, ізденімпаздығымен білімгерлер арасында ерекше көзге түсіп келеді. Қазір өзі 2 курста оқыса да, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Инженерлі-технологиялық институтының студенттік кеңес төрағасы.

Белсенді жастардың қашанда қай ортада болмасын бағасы биік болары сөзсіз. Жас та болса, бас болып осындай үдеден шығып жүрген Жаннұрдың бағындырған белестерін де ауыз толтырып айтуға болады. Сабақта үлгерімі жақсы, қоғамдық жұмысты да қатар алып жүрген қаршадай қыздың марапаттары да жетерлік.

Атап айтсақ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің проректоры Базартай Жандос Нұртайұлының, «AMANAT» партиясы «Jastar Ruhy» ЖҚ Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Медет Жорабектің, «AMANAT» партиясы Тұран филиалы атқарушы хатшысы Назаров Есенжол, облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Талғат Тілестің, Инженерлі-технологиялық институтының директоры Абжалелов Бақытбек Байдосұлының алғыс хат, дипломдарымен марапатталған. Сондай-ақ былтыр «Жылдың үздік волонтеры» деген номинацияны иеленді.

Жалпы, волонтер – қайырымдылықтың бір қанаты. Ерікті болу ерлікпен тең. Бүгінде Жаннұр сияқты жастардың өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін еріктілердің қатары жыл санап артып келетіні қуантады.

«Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын» деген Алаш зиялысы Әлихан Бөкейхановтың ұстанымын алға қоямын.

Мына қоғамға қажет екеніңді сезінуден, еңбегіңнің нәтижесін көруден артық бақыт жоқ» дейді ерікті жас. 

Еліміздің өскелең ұрпақтарының арасында осындай жас таланттардың бой алдырып жүргені көңілге серпін сыйлайды. Алдағы уақытта да осындай озық ойлы әрбір жас қазақтай дархан елдің айбынын асқақтатып, мерейін үстем етері, мәртебесін биіктетері анық.

 

Тағы да оқыңыз: