Kyzylorda-news.kz. Мемлекетті құрайтын халық. Сол үшін ең бірінші қарапайым жұртшылықтың мұқтаждығына құлақ асу, өтініштерін орындау басты орында болуы керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың үкіметке жеделдете отырып жаңа жоспар түзу туралы тапсырмасы көптің ойынан шыққан сыңайлы. Айтылған тапсырмалар мүлтіксіз орындалса, халқымыздың әлеуеті де, хал-ахуалы да жақсара түсетіні сөзсіз.
Мемлекет басшысының өткен жылғы Жолдауында еліміздің жүзеге асатын реформаларға қатысты бес бағыты белгіленген еді. Бұл бағыттар жөнінде Президент VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында кеңінен атап өтті. Ел үшін аса маңызды сәтте саяси жаңғыру бағдарламасы ұсынылды. Бастамалар жұрттың шынайы қолдауына ие болып отыр. Сол аралықта ауқымды жұмыс атқарылды. Конституциялық реформа арқылы бүкіл жүйені өзгертетін қадамдар жасалып жатыр. Президент жеті жылға бір рет қана сайланатын болды. Бүкіл сот жүйесіне түбегейлі реформа жасау басталды. Конституциялық Сот құрылды. Сонымен бірге Парламенттің құзыреті мен қызметі қайта қаралды. Депутаттардың рөлі едәуір күшейді. Адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты жұмыс жаңаша сипат алды. Азаматтардың саяси өмірге емін-еркін араласуына бағыт ашылды. Реформалар «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасына негізделді.
Аталған мәселелер жұртшылық тарапынан талай жылдан бері көтеріліп келгені жасырын емес. Конституциялық өзгерістерге сәйкес Президент сайлауы, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтті. Конституцияға толықтыру және өзгерістер енгізуге қатысты референдумды қосқанда бір жылға жуық уақыттың ішінде өте маңызды 5 саяси науқан өткізілді.
Президент осыдан дәл 1 жыл бұрынғы Жолдауында сайлау процесін жетілдіруде де бірқатар батыл бастамалардың қолға алынатынын атап өтті. Біріншіден, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын онлайн платформада жүргізуге рұқсат берілді. Cондай-ақ сайлау заңнамасына да өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Заңнамадағы жаңа өзгерістер сайлау процесін жетілдіруде сайлаушылардың бірыңғай электрондық базасын құрудың қадамдарын анықтауды көздейді. Бұл рәсім сайлаушылардың екі рет дауыс беру ықтималдығының алдын алып, азаматтардың кез келген учаскеде дауыс беру мүмкіндігі қарастырады. Парламент Мәжілісі мен бірге жергілікті мәслихаттардың ықпалын арттыру – басты назарда. Мәслихаттар облыс әкімдерін тағайындауда соңғы шешімді шығаратын ықпалды институтқа айналды.
Дәл қазіргі сәтте ауқымды өзгерістердің мемлекеттен бұрын қарапайым азаматтарға керек екені анық. Президент атап өткендей, реформалардың ауқымын ескерсек, олардан бір ғана жылдың ішінде толайым нәтиже күту бекершілік. Әйтсе де, осы уақыт аралығында бұл реформалардың заңдық негізі қалыптасып, іске асырыла бастағанын ескерсек, олардың нәтижесі халықтың бақуатты өмірі мен тұрмыс сапасын арттырудың алғышартына айналды.
Ең бастысы, Мемлекет басшысы елдегі азаматтардың арыз-өтініштерін ескеретін, «тыңдаушы мемлекет» қағидасын дамытып, әлеуметтік мемлекет құруды, баға тұрақсыздығы мен қымбатшылықты, ұлттық валютаның девальвациясын және инфляцияны ауыздықтауды, олигархиялық әділетсіз жүйені жоюды, елдің ішкі қауіпсіздігі мен сыртқы қорғанысын қамал етуді стратегиялық міндеттер ретінде алуы – Қазақстанды тұрақтылық пен бейбітшілікке, экономикалық даму мен гүлденуге алып баратынына кәміл сенеміз.
Айнұр ӘЛИ
