Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясы жанындағы республикалық экологиялық кеңестің отырысы өтті. Онда экологиялық жаңартылатын энергия көздерінің ағымдағы жай-күйі мен даму перспективалары мәселелері қаралып, талқыланды.
Жиынға өңірден партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова, облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов, аймақтық экологиялық кеңестің төрағасы Жорабек Нұрымбетов, облыстық энергетика және тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық басқарма басшысының орынбасары Тахир Нәдірбек бейнебайланыс арқылы қатысты.
Бүгінде Қызылорда облысында жалпы қуатылығы 89 МВт-ты құрайтын 9 күн электр станциясы жұмыс істейді. Оның үшеуі салыстырмалы түрде ірі және шетелдік инвесторлардың қатысуымен салынған.
Ең ірісі саналатын «Baikonyr solar» қазақ-британиялық компанияға тиесілі қуаттылығы 50 МВт күн электр станциясы Шиелі ауданында орналасқан.
Ал, Жалағашта франциялық «Total Eren» компаниясына тиесілі қуаттылығы 28 МВт күн электр станциясы. Жаңақорған ауданында «Hevel» компаниясына тиесілі қуаттылығы 10 МВт электр станциясы бар. Қазіргі уақытта бірыңғай энергетикалық жүйеге осы күн электр станцияларымен өндірілген электрэнергиясы тұрақты берілуде.
Сонымен қатар, «Альхена» ЖШС мекемесімен Арал ауданында 30 МВт, «Vigor Holding» ЖШС мекемесімен Шиелі ауданында 20 МВт күн электр станцияларының құрылысы жүргізілуде.
Бұдан бөлек, «Тесис» ЖШС тарапынан Шиелі ауданы Еңбекші ауылдық огругы Қосүйеңкі ауылында «Уранэнерго» ЖШС аумағында жаңадан қуаттылығы 40 МВт күн электр станциясының құрылысы басталған болатын.
Алдағы уақытта Жаңақорған ауданында 20 МВт және Арал ауданында 50 МВт жаңартылатын энергия көздеріне жер тілімдері резервке қойылып, Энергетика министрлігі тарапынан 2025 жылы аукциондық саудаға салынуда.