Kyzylorda-news.kz. Өткен аптаның сейсенбі күні шаһар басшысы жаңарған «қаламгерлер аллеясында» бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін төл мерекесімен құттықтады.
Шара барысында қала әкімі билікпен халық арасында алтын көпір орнатып, өңірдің дамуына үлес қосып жүрген ақпарат саласының үздіктеріне алғыс хат пен сыйлық табыстады. Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар Одағы Қызылорда облыстық филиалының төрайымы, халықаралық «Алаш әдеби» сыйлығының иегері, белгілі ақын, тележурналист Қаршыға Есімсейітоваға қаланың ең жоғарғы марапат ¬ – қала әкімінің «Құрмет грамотасы» табысталды.
Қаланың тыныс-тіршілігін, өзекті мәселелері мен жарқын жетістіктерін ақпараттандырып, ел қамын күйттеп жүрген қала журналистердің еңбегі елеусіз.
«Бұл аллея – қалам ұстаған шығармашылық иелеріне көрсетілген шексіз құрметтің бірі. Қалам ұшындағы құдіретті жүрегімен түйсінген сіздердің әрбіріңіз қандай сый-сиапатқа лайықтысыздар. Әрине, журналистиканың көтерер жүгі жеңіл емес, десе де тынымсыз еңбектеріңіз үшін адал қызмет атқарып, елімізде болып жатқан жаңалықтардың жігін бұзбай бұқараға жеткізіп, маңызды әлеуметтік мәселені шешуге зор үлес қосып келе жатқандарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін», − деді қала әкімі Асылбек Шәменов.
Шарада ең алдымен үш алыптың ескерткіші жанында, қалам құдіреті мен қасиетін бейнелейтін қалалық жастар театры әртістерінің қойылымы, жиналғандарды тәнті етті.
Сонымен қатар аймақ тележурналистикасының алғашқы қарлығаштарының бірі болған Қаршыға Құрмашқызы мен ҚР Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, «Қызылорда қоғамдық теледидарының» құрылтайшысы, Қызылорда облысының құрметті азаматы Шаһизада Өтетілеуұлы барша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін мерекемен шын жүрекпен құттықтады. Құттықтау барысында Алашқа белгілі ақын, Сыр елінің Қадыры атанған Дүйсенбек Аяшұлы да жүрекжарды жырын оқып, көпшіліктің құрметіне бөленді.