Kyzylorda-news.kz Жаңақорған ауданында жаңа мешіт ашылды. «Әл-Мүмин» деп аталатын құлшылық үйінің ашылуына ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты.
Алғаш боп сөз алған діни басқарма төрағасы аудан халқын құттықтап, ізгі ниетін жеткізді.
«Мешіт – адамдарды мейірімділікке, сүйіспеншілікке шақыратын, бір-біріне қамқор болып, қол ұшын беретін, мұқтаж болған адам жанына тыныштық табатын, сондай бір қасиетті, ұлық мекен. Бұл – имандылықтың, білімнің, тәрбиенің ордасы. Аудандағы Әл-мүмін мешіті де жылу мен берекенің ордасына айналсын!
«Өзі үшін жақсы көрген нәрсені дін бауыры үшін де жақсы көрмеген адам кәміл мүмин бола алмайды» делінген бір хадисте. Міне, бүгінгі мешіт салдырған азаматтар осындағы жамағаттың да сауабына ие болып, өзіндегі бар жақсысын бөлісіп отыр. Алла разы болсын! Сыр еліне, Жаңақорған жұртына жақсылық, амандық тілеймін», – деді Бас мүфти.
Ашылу рәсімі барысында бағдарламаға сай ауданның құрметті азаматтары сөз алып қуанышқа ортақтасты. Жаңа мешіттің ашылуына ұйытқы болған демеуші Несібелі Бектасқызына Бас мүфти арнайы Алғыс хат табыстап, имамға Құран Кәрім сыйлады. 300 адамға арналған «Әл-Мүмин» мешітіне іргелес асхана да пайдалануға берілді.
Рамазан айының қарсаңында аудандық орталық мешітінің ұйымдастыруымен қайырымдылық шарасы да өтті. «Рамазан сыйы» деп аталатын ізгі шарада бас мүфти Жаңақорған тұрғындарын келе жатқан Рамазан айымен құттықтап, қайырымдылық шарасына ұйытқы болған мешіт имамдары мен жомарт азаматтарға алғысын білдірді.
Айта кетейк, акция аясында 100 отбасыға азық-түлік қораптары таратылды.





