Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған кентінде құс базары жұмысын бастады. Құрманғазы көшесінің басында қауын-қарбыз сататын орында әр сенбі сайын ұйымдастырылатын аталған базардан құстың неше түрін саудалауға болады, деп жазады журналист Майра Ғаниева.

Сенбілік базарда адам қарасы қалың. Тауық пен үндік балапанына сұраныс жоғары екенін байқадық. Одан бөлек, үйрек, қазы, қоян сатылымға түсті. Тауық балапаны 1000 теңге, үндік балапаны 2000 теңгеден сатылды. Тауықтың етті түрі «Брама» 5000-8000 теңге, қырғауыл 10000 теңгеден саудаланды. Сондай-ақ тауық жұмыртқасы 50 теңгеден ұсынылды.

Базарға Кейден ауылынан келген Сағындық Мекебаев құстың бірнеше түрін әкелді. Бірліктік Асылханның қырғауылына көптің назары ауды. Ол қырғауылды 10000 теңгеге пұлдады. Құс базарына түскен «Сырдаңтауық» (Мысыр тауығы) қызыққандар да көп болды.

– Бастама баянды болса, ауданда құс шаруашылығы саласының дамуына септігі тиетіні анық. Кәсіпкерлер қолға алып, қоршау жасап, ыңғайлы жағдай жаса­са базар неге дамымайды? Дамиды. Тек ниет керек, – дейді кент тұрғыны Алмас Битабаров.

Шиелі кентінде құс базары жұмы­сын жүйелеген. Орталық базар­дың жанынан ашылған құс нарығына Төменарық, Қожамберді, Екпінді, Сунақ­ата ауылының тұрғындары жиі баратыны белгілі. Онда құстың түр-түрінен бөлек, қоян, мысық, ит сатылымға шығады. Жаңақорған кентінде де дамытуға болады. Бұл – құс базарына келушілердің ортақ тілегі.

– Базарға арнайы келіп, тауық пен үндіктің балапанын сатып алдым. Алдағы уақытта өткізелетін болса, келіп, тауығымды көбейтуге мән беремін, – дейді кент тұрғыны Кенбай аға.

Енді құс базарын ұйымдас­тыру­шылар кімдер, идея қалай пайда бол­ды? Соған тоқталсақ.

Алдымен кент тұрғындары Талғат пен Әзімхан «Жаңақорған құс база­ры» деген whatsapp желісінде топ ашып, тұрғындарға хабарландыру жасайды. Әкімдіктен рұхсат алуды да ұмытпапты. Нәтижесінде құсын сатып, пайдаға кеңелгендер мен құс сатып алып, оны көбейтуге ниеттілер базарда тоғысты. Саудаласты. Сатты. Сатып алды.

Игі бастаманы қолдаған тұрғындар әр аптаның сенбісінде құс базарына келуге уағдаласты.

Тағы да оқыңыз: