Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған ауданында автокөлікпен 4 баланың әкесін қағып мерт қылған, оған қоса, оқиға орнынан қашып кеткен күдікті полиция қызметкері қамауға алынды.
Биылғы жылдың 7 наурызында кешкі сағат 19:06 шамасында Қызылорда облысының Жаңақорған кентінде жаяу жүргіншіні белгісіз автокөлік қағып, оқиға орнынан бой тасалаған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 1 адам қайтыс болды.
Қазіргі таңда бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345 бабы (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) және 347 бабы бойынша (Жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.
Жаңақорған аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде жол-көлік оқиғасын жасаған күдікті ретінде полиция қызметкері анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу әрекеттері жалғасуда. Аудандық полиция бөлімінің басшылығына қатысты тексеру жүргізілуде.
