Жаңақорғанда 2,3 млрд. теңгеге әлеуметтік нысандардың құрылысы жүргізілуде – Kyzylorda News
Басты бет

Жаңақорғанда 2,3 млрд. теңгеге әлеуметтік нысандардың құрылысы жүргізілуде

26.11.2021, 10:00

206 0

Kyzylorda-news.kz. Биыл Жаңақорған ауданында 2,3 млрд теңгеге әлеуметтік нысандардың құрылысы жүргізілуде. Ал, Жаңарық елді мекеніндегі 250 оқушыға, Байкенже елді мекеніндегі 150 оқушыға арналған мектеп құрылысы жобасының жоба сметалық құжаттарын әзірлеу үшін және мемлекеттік сараптамадан өткізуге 2,4 млн теңге қаражат бөлінді. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемов мәлімдеді.

Сондай-ақ, «Nur Otan» партиясының орталық аппаратының айырықша бақылауында тұрған Бірлік елді мекеніндегі 90 орындық балабақшаның құрылыс жұмыстарын бастауға облыстық бюджеттен 200 млн теңге қаралды. Нысан 2022 жылы пайдалануға беріледі.

Облыстық бюджеттің қаржысына өткен жылы басталған Шалқия кентіндегі клуб құрылысын аяқтауға 50 млн теңге және Өзгент ауылдық клубының құрылысын бастауға 50 млн теңге бөлініп, бүгінде құрылысы жүруде.

«Одан басқа мемлекеттік–жекешелік әріптестік негізінде Жаңарық елді мекенінде дәрігерлік амбулатория құрылысы салынып бітті. Шалқия кентіндегі клуб үйі мен аталған дәрігерлік амбулатория ғимараттарын алдағы 1 желтоқсан –Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында облыс әкімінің қатысуымен ашуды жоспарлап отырмыз. Айта кету керек, облыстық бюджеттен Төменарық ауылында дәрігерлік амбулаториясымен қоса, 15 төсекке арналған ауылдық аурухана құрылысының жобасы мен Қаратөбе ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жобасына және Қашқанкөл елді мекенінде медициналық бекет құрылысы жобасының жоба сметалық құжаттарын әзірлеуге 12,2 млн теңге қаржы бөлінді», – деді Руслан Рүстемұлы.

Сонымен қатар, Келінтөбе, М.Нәлібаев елді мекендерінен салынатын спорт кешендерінің құрылысы жобасына жоба сметалық құжаттарын әзірлеуге 13,4 млн теңге қаралды.

Ал, Жаңақорған кентіндегі Саяжай-1 учаскесіне биылғы жылы аудандық бюджеттен 29,2 млн теңге қаржы бөліп, егжей-тегжейлі жоспарлау жұмыстары жасалды. Ендігі кезекте алдағы жылдың бюджетінен жоба сметалық құжаттарына қаржы бөлу жоспарлануда. Бұл жоба аяқталғанда жер кезегінде тұрған 7 мыңға жуық тұрғындардың мыңға жуығына жер учаскелерін беру мүмкіндігін туғызады.

0

Пікір қалдыру