Kyzylorda-news.kz. Сыр брендіне айналған Жаңақорған қарбыздарының алғашқы легі экспортқа жөнелтілді. Көштің басын Ақүйік ауылдық округінің диқандары бастап, жайылмалық шаруалар да қарбыз артуды бастады. Арғысы Ресей, бергісі Түркістан, тіпті Елорда төріне дейін жол тартатын өнімнің жайы қалай? Биыл сұраныс артты ма? Жалпы дала еңбеккерлерінің тыныс-тіршілігін білу үшін егіс даласына жол тарттық.

Алдымен Бірлік диқандарынан бастайық. Биыл ақүйіктік ағайын 100 гектар алқапты игеруде. 

«30 гектар қарбыз егілді. Одан бөлек, 15 гектар қауын, 17 гектар асқабақ, 3 гектар картоп, 35 гектар жүгері дәнін тастадық. Биыл өнім жоғары. Қарбыздың әр гектарынан 70 тоннадан өнім беруде. Әзірге Ресей еліне, оның ішінде Краснодар, Қазан қаласына экспортталуда. Камаз иелері көбіне тәжік, түрік ағайындары. Кенттегі нарыққа бір аптаның көлемінде шығаратын боламыз. Айналдырған 3-4 күннің ішінде 10 гектар қарбыз артылды. Ал қауын 3-4 күнде піседі», – деді ауыл әкімі.

– Биыл агроаймақта қанша шаруашылық еңбек етуде?

– Жалпы 26 тұрғын биыл егін шаруасына дем беруде. Оның ішінде жеке шаруашылықтар мен ауыл тұрғындары да бар. Мақсат – ауылдағы тұрмысы төмен отбасыларды жұмыспен қамту, маусымдық жұмыс арқылы әлеуметтік әлеуетін арттыру. Қазір қосымша 20 тұрғын қосымша жұмысқа тартылуда. Ауыл әкімі «Есен ата» шаруа қожалығының төрағасы Нұрғали Оңалбаевқа жөн сілтеді. «Биыл өнім жақсы, 30 теңгеден алып кетуде. Бұйырса аудан орталығына да сатылымға шығарамыз, әзірге көрші елдерден сұраныс өте жоғары. Маусымдық жұмыс болғаннан соң, өнімге барша күтіммен қарадық. Көшеттеп отырғызғандықтан ертелеу жинадық» – деді шаруашылық төрағасы.

Ауыл шаруашылығы ел экономикасының маңызды драйвері. Халықты азық-түлікпен қамтамасыз етіп, әл-ауқатын көтеруде егіннің алар орны бөлек. Әсіресе, қазіргі карантин жағдайында жергілікті өнімге сұраныс жоғары, өйткені сапасы сын көтереді, бағасы да арзан. 2018 жылы Жаңақорған кенті, Ақүйік, Сүттіқұдық, Төменарық, Қаратөбе және Қандөз ауылдық округінде агро аймақ ашылған болатын. Берілген жерлер қоршалып, аяқ су жеткізілді. Құрылған агро аймақтардан еңбекке ынталылар қарекет жасап, маусымдық жұмыстан өз үлесін алуға еңбектенді. Нәтижесінде, тұрғындар еңбегіне қарай өнімін көрді. Берілген мүмкіндікті ұтымды пайдаланған ақүйіктік ағайынның тындырымды тірлігі осындай.

Ауылшаруашылығы бөлімінің мәліметінше, кенттегі қарбыз жақында экспортталады. Ал Сыр өңірінің брендіне айналған Жайылманың қарбызы көліктерге артылуда.

«Биыл 450 гектар егілген қарбыздың 45 гектары көшеттеп отырғызылды, бүгінгі күнге дейін 30 гектары жиналды. Әр гектарынан 300 центнердан, яғни мың тоннаға жуық қарбыз жиналды. Орташа баға – 28-30 теңгеден. Әзірге Қостанай қаласына 700 тоннасы жөнетілсе, қалған 300 тоннасы Ресей еліне аттанды. Биыл қарбыз жылдағыдай жоғары өнім беруде. Сұраныс та жақсы», – деді.

Иә, Жайылма қарбызы елдің түкпір-түкпіріндегі нарықты жаулауға қауқарлы. Тіпті көрші өңірдің диқандары ірі мегаполистерге өз өнімдерін «Жайылманың қарбызы» деп сататынын жиі естиміз. Мұның сыры – ауылдағы ағайынның «бір ауыл – бір кәсіп» қағидатына сүйеніп, қарбыз кластерін дамытуға ниет танытып отырғанынан.

Ауылда еңбекке жарамдының барлығы егін алқабынан табылады. Таңның атысы, күннің батысы қарбызды егуден бастап, арамшөптен тазалау, суару, содан кейін шірітіп алмай жинап, сатқанға дейін тайлы-таяғына дейін дамыл таппайды.Осы тұста, өткен жылы Жайылманың бренді болған бақша өнімдері де шетел асты. Жалпы, аудан бойынша 4854 тонна бақша өнімі экспортталса, оның 4754-і жайылмалық диқандардың дәмді қауын-қарбызы. Яғни, брендті бақша өніміне шетел нарқында сұраныстың мол екенін байқатады. Жақында ғана, жаңалықтардан Мақтаарал ауданының қарбызы Ресей нарқына жол тартты деген ақпаратты естідік. Содан күннің жексенбі екеніне қарамастан Жайылма ауылы диқандарының биылғы бет алысын білмекке ауылдық округ әкіміне хабарластық.

Ә дегеннен әрбір шаруа қожалықтың еккен дақылы мен гектарын және ауылдағы ауыл шаруашылығы бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды жіктеп берді. Өзге әріптестері секілді мәліметті «электрондық поштаға» жіберемін деп бас маманына сілтемей, дер кезінде қажетті ақпаратты өзі айтып берді. Әкімнің сөзінен белгілі болғандай, биыл «Бектас» ш/қ 40 га, «Жиделі» ш/қ 45 га, «Шоқымазар» ш/қ 34 га, «Мырзатай» ш/қ 28 га, «Өтеш» ш/қ 26 га, «Береке и О» ш/қ 22 га, «Асхат» ш/қ 21 га, «Диқанбаба» ш/қ 11 гектар аумаққа дәнді дақыл еккен. Оның ішінде, ауылдық округ бойынша 28 гектар аумаққа қарбыз көшеті отырғызылып, бүгінде түйнектеу алдында екен.

«Жайылма ауылы қашанда бақша және көкөніс өнімдерімен танымал. Жылдан жылға бақша дақылдарын ерте пісірудің әдісін дамытып, көшеттеп егу тәсілін қолға алғалы жақсы нәтиже беруде. Десе де, биыл қауын дәні жерге себілмеді. Өйткені, платинада жиналған су тек 90 күндік қарбызды пісіруге жетеді. Ал, қауын ары қарай мерзімі созылатындықтан су жетпей қалу ықтималдығын ескеріп, басымдықты қарбызға бердік. Оған қоса, су үнемдеу мақсатында 83 гектар ескі жоңышқаны бір суаруға іліндіріп, қазіргі таңда бірінші орымды жинап жатырмыз» – деді ауыл әкімі.

Сондай-ақ әкім ауыл шаруашылығы өнімдерін әртараптандыру бағытында нәтижелі жұмыс жасап жатқандығын жеткізді. Шаруа қожалықтарында мал азықтарын дамыту үшін 30 га дәндік жүгері және жеке шаруашылықтар 25 га, көкөніс 30 га картоп еккені белгілі болды. Оған қоса, мемлекеттің қолдауын сезініп, демеу қаржыға ие болған қожалық иелерін атады.

– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында жергілікті жерлерде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, тұрғындарды жұмыспен қамтуға баса назар аударуға пәрмен берген болатын. Бұл бағытта кәсіпке ынтасы бар азаматтарға мемлекет тарапынан толыққанды қолдау көрсетілуде. Осы тұста, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалы жайылмалық тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнатып, кәсіптерінің бастау алуына ұйытқы болуда. Биылдың өзінде аталмыш қолдау қорынан 11 кәсіпкер 6 пайыздық несиелік мөлшермен 20 миллион қаржы алып, бақша өнімдерін егуді бастап кетті – деген ауыл әкімі елдімекенде кәсіпкерлер саны да күн санап артып келе жатқанын тілге тиек етті.
Жайылма ауылдық округі бойынша бүгінде 33 кәсіпкер заң жүзінде салық органдарына тіркеліп, кәсібін өрге дөңгелетуде. Оның 11-і әлгінде айтқан бақша өнімдерін егумен айналысса, қалғаны түрлі салалық бағытта бизнесін жүргізуде екен. Қолдау қорынан бөлек, жақында ғана ауыл тұрғыны Кенбаев Самат «Өңірлік қаржы орталығы» арқылы 2 млн 200 мың теңгеге қол жеткізіп, мал бордақылау бағытында атакәсіпті бастап кетіпті. Оған қоса, осы қаржы орталығы арқылы құрама жем цехын ашқан Мұхтар Оспанов биыл алғаш рет «Сенім» шаруа қожалығына тиесілі 10 га аумаққа жүгері еккен. Цехқа қажетті шикізатты жинап алғаннан кейін, ауданды жеммен қамтамасыз етуге бел буып отыр.

«Қазіргі таңда «қимылдағанның қыр асатынын» елдің бәрі біледі. Жастайымнан осы егіншілік кәсіпке бейім болып, несібемді осы саладан таптым. Десе де, тұтынушы саны артқан сайын, кәсібімді кеңейту басты мақсат болатын. Содан мемлекет қамқорлығын сезінбек ниетте «Өңірлік қаржы орталығы» арқылы қомақты несиеге қол жеткіздім. Шүкір, қазір дамудың даңғыл жолына түсіп, шағын цехтың шырайы кіре бастады», – дейді Мұхтар Оспанов.

Иә, мемлекет отандық өндірушілерге қолдау көрсетіп, бизнес үшін қолайлы жағдай жасады. Енді жаһандық нарыққа шығатын, бәсекеге қабілетті өнім шығару – барша шаруалар мен диқандардың іскерлігін шыңдай түседі. Шетел нарқын бағындыруда жайылмалық диқандардың да өзіндік орны айрықша.

Анығын айтқанда, көктем басталысымен баладан бастап, еңкейген қарияға дейін қарбыз науқанына үлесін қосып, ала-жаздайғы еңбектің сәтті аяқталуына тілекші болады. Шыққан күнмен таласа ауыл сыртындағы алқапқа асығатын елдің жаз бойғы еңбегі де, тіршілігі де осы. Енді бұл қатарға Ақүйік пен жаңақорғандықтар да қосылды. Ең бастысы, жерге еткен еңбек жерде қалмайды.

Тағы да оқыңыз: