Kyzylorda-news.kz. Қазіргі нарықта құрылыс заттарына сұраныс өте жоғары. Үйдің іргетасынан бастап, кілті мен құлпына дейін сауда қазаны қайнап тұр. Әсіресе, Жаңақорғанда құрылыс қарқыны қатты, соңғы үш жылда салынып жатқан үйлер мен кәсіпкерлік нысандарға шектеу жоқ. Соның салмағы құрылыс дүкендерінің көбірек ашылуына сеп болуда. Олар тек алыпсатарлық, ал, шикізаттан таза өнім шығару үрдісі әлі де кемшін қалуда. Қожакенттік жас кәсіпкер Мейірбек қаңылтыр өндірісін іске қосқалы бірнеше айдың жүзі болды. Тапсырысы өте көп, шағын цехындағы қызу тірлік соның айғағы. Уақыт тауып, тың кәсіппен танысып қайтқан болатынбыз.
Жалпы құт қонған Қожакент ауылында ауылшаруашылығы саласы жақсы дамыған. Әсіресе, төрт түлігін түгендеп, тіршілігін тасытып отырған ауылдағы ағайын өзге де өндірісті қоғамға алып келуде.Мейірбек Изатуллаұлы тек қаңылтыр шаруасын ғана ширатып отырған жоқ, егін-жайды жүйелеп, мал басын көбейтіп, бір емес екі бірдей спорт кешенін тізгіндеп ұстауда. Екінші спорт кешенінің лентасы жақын күндері қиылады. Ол бөлек әңгіме, біз бүгін қаңылтыр шығарудың қызметін таразылайық. Өндіріс басында тұрып кәсіп төңірегінде әңгіме өрбіттік.
– Бұл идеяны көптен бері ойлап жүргенмін, былтыр сәті түсіп, алдымен ғимаратын тұрғызып алдым. Содан кейін Алматы қаласынан құралжабдықтарын, яғни қаңылтыр шығаратын аппаратты алдырдым. Осы кәсіпті игеріп кете аламын деген ауылдағы жігіттердің басын жинап кәсіби маман шақырып, оқыттым. Қазір барлығын техника түгендейді, тек тілін түсінсеңіз болғаны. Міне, жігіттер осыны меңгеріп, былтырғы жылдың қараша айынан бастап іске қостық. Қазір цехта 6 жігіт жұмыс жасайды, барлығының өзіне бекітілген қызметтері бар.
– Қаңылтырдың қандай түрлерін шығарасыздар?
– Үйдің төбесіне арналған қапсырма қаңылтырлар өндіреміз. Тапсырысқа байланысты шығарамыз, яғни қанша метрге тапсырыс берсе сол арқылы жасап береміз. Одан бөлек, профлист шығарудамыз, енді деректорат затын қолға алуға кірістік. Жалпы өнім ауыл, аудан орталығында ғана емес, облыста және көршілес Түркістанға да жөнелтіледі. Шыны керек, сұраныс өте жоғары, сапа мен бағаға қарайды, әрине сапа сын көтереді. Бізде баға базардан сәл төмендеу, қаңылтырлар 2 мың теңгеге дейін, ал, арнайы беттері 230 теңге төмен сатылады.
– Шикізат қайдан келеді?
– Шикізаттың басым көбі Қытайдан әкелінеді. Қазір 3 бірдей аппаратымыз жұмыс жасап тұр, үшеуінің үш түрлі қызметі бар. Тағы айта кететіні, жақын күндері черепица дайындауды қолға алсақ деп жоспарлап отырмыз. Өйткені, оған да тапсырыс аз емес. Шыны керек, бұл жоба ауданда ғана емес, жалпы аймақта тапшы, жоқ деуге болады. Қазірдің өзіне шикізаттан бөлек құрылғы мен нысанның құрылысына 70 млн теңгедей инвестиция құйдым. Бұл үлкен қаржы, әлі тағы да керек-жабдықтар алуымыз керек.
Иә, қаңылтыр өнімі аудан нарығында жақсы саудада. Көбісі әлі білмей жатқаны жасырын емес. Жалпы жас кәсіпкердің керемет жобасы көңіл қуантарлық, бұл аудан орта бизнесі мен экономикасына үлкен септігін тигізеді. Мейірбектің де мақсаты осы, отандық өнімнің өрісін кеңейтіп, ішкі нарықты реттеуді көздеп жүр. Бұл қарапайым тұтынушылар үшін өте тиімді болмақ. Ең бастысы, сең қозғалды, енді бұдан соң өзге кәсіпкерлер де өнім өндірсе нұр үсітне нұр болар еді.Мейірбек аудан меценаты, аудандық мәслихат депутаты Изатулла Үсенов ағамыздың ұлы. “Әкеге қарап ұл өсер” демекші, Мейірбек те тек кәсіппен ғана айналысып жүрген жоқ, қайырымдылық шаралардың басы-қасынан табылады. Оны талай рет көз көріп, құлақ естіп жүр.Бәрінен бұрын жаңа кәсіпті ауданға алып келгені қуантуда. Цех кеңейіп, жастар жаңа технологияны меңгеріп жатса нұр үстіне нұр.
Іс тетігі – ұйымдастыруда. Ұжым басшысы Изатулла Ергешұлының есімі бүгінде Сыр жұртшылығына етене таныс. Ендігі айтпағымыз, елу жылдық ғұмырында ер азаматты ел алдына шығарған ерекшеліктің қыры мен сыры. Мұның тереңіне бойлау үшін көптің пікіріне құлақ қоюға тура келеді. Өйткені, «халық – құдайдың бір аты» деген тәмсіл бар. Осы орайда Қожакент ауылының әкімдігі қызметін көп жылдар атқарған Асылбек Айтжанов былай дейді:
– Изатулланың бір бұлжымас қасиеті – елдегі тұрмысы кембағалдау жандарға, жетім-жесір, көмекті қажет ететін отбасыларға үнемі қарайласып, демеушілік жасап отырады. Қолындағы малының зекетін үзбейді. Елде әлдебір төтенше жағдай орын алғанда азаматтық қолдауы әзір, үйі өртеніп кеткен жанұяға қамқорлығы, тосыннан қазалы болған ағайынның әл-ауқаты төменіне туғанындай жанашырлық танытуы, тіпті жоқ-жұқана отбасына баспана салып беруі, мұндай жомарттық енді кез келгеннің қолынан келе бермейтіні анық.
Бұл азаматтың іскерлік қасиетімен қоса бөлекше ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында қоғам тынысына тың серпінмен үлес қосып, ауылдың мәртебесін асырып келе жатқан қайраткерлігіне толық куәлік бере аламын. Елдің абыройына сын болар қоғамдық жұмыстарда оны әрдайым арқа тұтып келген жайымыз бар. Жыл сайын облыс орталығы, астана төрінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өз күшімен ұйымдастырып апарып, қала тұрғындарының алғысына бөленіп жүр. Ел халқының күнделікті күнкөрісіне негіз қалайтын үйіргелік бақшалықтарына су жеткізетін арықтарды тазалатуды тегін атқарып келеді. Қоғамдық шаралардың басы-қасынан табылып, мереке сайын ауылдастардың мерейін көтеруге бағытталған түрлі іс-шаралардан нақты демеуін аяп қалған емес. Елді мекеннің елу жылдық мерейтойының биік дәрежеде өтуіне де осы Изатулла сынды елжанды азаматтар айрықша қамқорлығын аянып қалмады, – дейді ол.
Қазақта «Әкеге қарап ұл өсер» деген нақыл бар. Әкелері Ергеш Үсенұлы алпысыншы жылдардан бастап шаруашлықтың аяқтан тұрып, тұрмысының тіктеліп кетуіне бүкіл ғұмырын сарп еткен жан. Кім болсын қолынан келсе көмектесуге дайын тұратын ақпейіл азаматтың жақсылықтары туралы қожакенттіктердің кез келгені айта жөнелетінін көріп жүрміз. Ергеш Үсенов алғашында «Бірлік», «Политотдел», одан соң «Октябрь» колхозында егіс бригадирі болып, жүгері өсіруден одақ бойынша озат атанып, Мәскеуге Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне (ВДНХ) барып қатысып қайтқан. Өмірінің соңына дейін мемлекет мүддесі жолында адал еңбек еткен жан. Қазір ол кісінің атында ауылда көше бар.
Отбасының сегізінші перзенті Изатулла қайран әкесі қайтпас сапарға аттанғанда он жеті жаста екен. Әке мейіріміне қанбаса да болмысын бойына бекітіп үлгерген жеткіншектің аумай-төкпей сырлы сүрлеуді жалғап келе жатқанына қарап сананың көзі ашылса сәуле түспей қоймасын еріксіз мойындайтын тәріздіміз. Сыныптастары қатарында Сәдірбайұлы Бауыржан деген азамат Изатулланың мектепте де тәртіпті, мығым, өзі ешкімге соқтықпайтын, бірақ тиіскенді оңдырмайтын мінезділігін еске алып, бүгінде бүкілі алдыға тұтатын беделді құрдасты өздері де бел тұтатынын жасырмады.Одан бері арада отыз бес жыл уақыт зымырап өте шығыпты. Сыныптастарын ұмытпай, әр күзде кеусен таратудан жаңылмайтын бауырлық пейілі өз алдына, биыл бірге мектеп бітірген әр қиырда жүрген дос-жаранның басын қосып, төркіндеген қыздарды төрге шығарып, баршасының жағдайын жасауды өз мойнына алған жомарттығымен бәрін де риза етіпті.
Сонымен, қадір-қасиетіне сырттай қанық замандаспен сұхбатымыздың біссмілласын еңбек жолын айтып беруден бастадық.
– 1987 жылы ауылдағы №168 мектептіі тәмамдап, Орынбор қаласындағы Ауыл шаруашылық техникумның зоо-ветеринариялық фа¬культетіне оқуға түстім. Бір жылдан соң кеңес әскері қатарына шақырылып, екі жыл әскери міндетімді өтеп оралып, қайтадан оқуымды жалғадым, – дейді ол бізбен әңгімесінде. Нағыз нарықтық қатынастар өмірге келген кезең. Стипендия алған уақытта жанымдағы студенттердің ақшасын қосып, жалғыз өзім Орынбордан екі күнде Қырғызстанға өтіп, қат тауарлар әкеп саттым. Менің арқамда жолдастарым да киініп, әрі ақшасы еселеп қайтып сауданың көзін біраз біліп қалдық. Ауылға келгеннен соң ағайындардың өтінішімен Алматыға ет апарып сатып, осы кәсіпті бір жылдай атқарғаным бар. Ол кездері ауылдағы менмін деген кісілердің біразы саудаға ден қойып, солармен иық тірестіріп бірге жүрдік.1995 жылдары Төлеген Рүстемов ағамыздың демеушілігімен баба басына қойылған сағананы кайта жөндеуге үлкен жұмыс басталып, соған ақысыз үлесімді қосайын деп кірісіп кеттім. Құрылыс басында табандап жатып аяғына дейін қызметімді аямадым.
– «Өлі разы болмай тірі байымайды» деген. Кейін «Өмір ата» зиратының да қоршауын салып, қақпасын әрлеп, шырақшысына үй салып бергеніңізді де естідік. Мүмкін, мына маңдайға біткен нығметтің бәрі бабаға еткен еңбектің еселеп қайтуы шығар?
– Ол да мүмкін.
– Жеке кәсіпкерлікке қашан ден қойдыңыз?
– Тоқсан жетінші жылдары кеңшарда механик болып жұмыс атқардым. Ұжымдар бет-бетімен бөлініп, мекемелер қысқарып, жұмыстың мәнісі қаша бастаған кез. Ауыл шетінде жыңғыл басып жатқан бос жерді иелігіме алып, тазалап, өзімше жоспар құрып, үлкен іске бел будым. Ойша схема сызып, мына жерде алып цех жұмыс жасап тұрады, мына жерде ақша қабылдап отырамыз деген балаша қиялымыз іс жүзінде расқа айналып, ісіміз жылдам аяққа тұрып, табыс еселеп артып, сол таршылық кезеңде қаражаттан қысылып тұрған талай ауылдастың әжетін шығара білгенімді көңілге тоқ санаймын, – дейді ол.
Изатулла Ергешұлы кәсібін екі бағытта қатар үйлестіре білуімен ерекшеленеді екен. Қарауындағы 300-400 гектар жерінде егін егіп, жыл сайын өнімін жинап алумен қатар мал ұстайтын комплексінде ірі қара өсірумен де айналысады екен. Бұдан бөлек ауыл сыртында екі жерде фазендасында қысы-жазы 500-ге жуық мал бағылуда. Ал диірмен цехын ашу идеясын 2006 жылдан бастап қолға алған. Алғашында темір-терсекті өзі қолдан құрап көріп, әдіс-тәсілін меңгеріп, қарапайым құрылғыны ақыры іске қосқанын айтады. Осылайша кәсіп қырын әбден меңгеріп, бүгінде өзі орнатқан заманауи үлгідегі екі диірмен цехтың көмейінен көлемді мөлшерде ел ырзығы еселенуде. Осының барлығы таудай талап, қана емес, елге болсын деген ықыласты еңбектің нәтижесі болса керек.
Біздің ойымызға қазақ даласына алғаш диірменді әкелген Иосиф Броз Тито түсті. Омбының «Қойшыбай» деген қазақ ауылында Иса деген жеті атасынан бай шонжардың осында бой тасалап жүрген үш хорват жігітті таптырып, тамырын басып көріп, жанары шоқтай жанған Иосифті өзіне өкіл бала етіп алғаны жөнінде тарихи деректі он жыл бұрын «Егемен Қазақстаннан» оқып едік. Сол диірменнің орны әлі де тұр екен. Жеті атасынан дәулетті Иса байдың диірменін салып беріп, үмітін ақтаған бұл іскер жігіттің сүйегін танып, бетінен қақпай, мол дәулетінен еншілетіп, еліне шығарып салғанда бұл жақта Жүсіп атанған сол Иосифіңіз сенімді ақтап, Балқан түбегіндегі туған халқының алдына шығып көсем болғанын, Югославияны отыз бес жыл басқарғанын ойға түйіп қойыңыз. Алдына қойған талабына жетпей тынбайтын мақсаткерлігі мен елге шын берілген адалдығына келгенде Броз Титодан бір де кем соқпайтын бұл бауырымыздың ғажайып болмысын танып, батасын беріп отырған көреген көңіл аға толқын қатары аз емес. Кәсіпорын алғаш жұмысқа кіріскенде ақ маржан төгілген алаңқайдың ортасында тұрып, жұмысына сәт-сапар тілеген сол кездегі облыс басшысы Қырымбек Көшербаевтың оң жағына қойып, арқасынан қаққан қолдауы, ауданға әкім болып келген Мұрат ағасының кәсіпкердің тірлігіне риза болып, «алдағы уақытта депутаттыққа түс» деп саяси өмірге тартуы осындай таудай жүректі азаматтарды таяныш көруінің белгісі, әрі әлеуетті эрудициясын нықтай түсуге шынайы қамқорлығы деп түсіну ләзім.
Өндірістік-шаруашылықтың мүмкіндігіне келсек, аумақ базасында Жаңақорған ауданын тұқыммен қамтамасыз ететін тәжірибелік алаң жасақтауға негіз бар екенін айтады жергілікті басшылық.