Kyzylorda-news.kz. Құрбан айт халықтың бірлігін, татулығын және имандылығын айқындайтын ұлық мереке. Мұсылман қауымның үш күн қатарынан тойлайтын қасиетті күні құрбандық шалынып, құдайы ас таратылады. Дiн мұсылманның ұлық мерекесi – Құрбан айт та келдi. Маусым айының 28-күні барша мұсылман қауымның ортақ мерекесі басталмақ. Шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін қасиетті күнді халқымыз ұлы дала төсіндегі ұлық мерекеге балап, құрбан шалу игі іс санаған. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін сауапты іс жасап, көптің батасын алады.
Міне, осы үрдіспен Жаңақорған жұртшылығы да дәстүрлі мерекені көп болып тойлап келеді. Біз алғаш рет «Prime park» алаңында өткен шараға қатысқан едік. Таңалакеуіммен мінәжат үшін мешітке жиылған жұртшылықта есеп жоқ. Имандылық үйіне жиналған көпшілік қауым Құрбан айттың қадір-қасиеті мен қажылық жөнінде тұшымды насихат тыңдап, имани құндылықтарға қанықты. Айт намазындағы құтпадан соң, ауданның бас имамы Әбдіхалық Наметов атаулы күннің ел тарихындағы маңыздылығына тоқталды.
– Аллаға мың да бір шүкір. Ел тәуелсіздігі арқасындақасиетті қадірлі мерекелерді бүгінде ел болып күтеміз. Жаратушы Ием бізді осы берекелі күнімізден, ынтымақты тіршілігімізден айырмасын. Ел жүгін арқалаған барша азаматтарға Алла жар болсын! Барлық мұсылман қауымның ұлық мейрамы – Құрбан айт мүбарак болсын!, – деді ауданның бас имамы.Мұнан кейін, мереке ауаны аудандық «Жаңарған Жаңақорған жастары» еріктілер тобының ұйытқы болуымен «Prime park» саябағында рухани шараға ұласты. Бұқаралық сипат алған мүбәрак мейрам халықтың ерекше қолдауына ие болды. Айта кететіні, 2016 жылдан бері дәстүрлі түрде жалғасын тапқан ұлық мейрамды атап өтуге «ЖЖЖ» ерікті жастарымен бірге жүзеге асуда. Орталық алаңға 2 киіз үй мен арнайы бастырма тігілді. Қос қараша үйдің бірінде ерекше күтімдегі 50 балаға арнап ақ дастархан жайылып, ата-анасымен жайғасты. Оларға арнайы сый-сияпаттар үлестірілді.
ШАТТЫҚ СЫЙЛАҒАН СПОРТТЫҚ ШАРА
Таңғы сағат тоғыздан бастап, спорт нұсқаушысы Шыңғыс Азнабаев бастаған төрешілер спорттың сан түрінен сайыстарды бастап кетті. Саябақта қол күрес, бұқа тартыс, қаппен ұру, арқан тартыс, гір тасын көтеру сынды жарыста кім мықтыны анықтады. Жігерлі жастар қауымы жарыс көркін қыздырып, қиқулата бір-біріне шабыт берді. Үздіктерін арнайы «Диплом» мен ерікті жастар дайындаған бағалы сый-сияпат үлестірді.Негізі жылдағы дәстүрге сай спорттық шаралар мешіт аулаларында өтетін еді. Кенттегі үш мешіттің имамдарымен ақылдасып, біріккен түрде орталық алаңда бес-алты жыл бойы өткіздік. Биыл жаңа саябаққа өткізуді ұсындық. Құптады. Қолдады. Асыға күтетін айт мейрамының осылай көпшілік сипатта өтіп жатқаны үлкен қуаныш. Алдағы уақытта бұл бастама өз жалғасын табады деген сенім мол, – дейді «ЖЖЖ» ерікті жастарының өкілі Дәулет Тұрабаев.
БАЛАҚАЙЛАРҒА ТЕГІН БАЛМҰЗДАҚ
Жүздері бал-бұл жайнаған балғындар мен жас өрендерге 500-ге жуық балмұздақ үлестірілді. Таратудағы басты мақсат – балаларға айт мейрамының мезіретін сезіндіру. Шын мәнінде жыл сайын Құрбан айт мерекесі қашан келеді екен деген түсінік қалыптастыру. Осылайша, мәрттік мінезімен балғындардың қуанышына бөленген кәсіпкер жігіттер көпке үлгі көрсетті. Ал қалған 100 балмұздақты мақаланың түйінінде тарқатамыз.
1000 ДАНА МЕРЕКЕЛІК СЫЙЛЫҚ
Қасиетті Құрбан айт мерекесіне дейін «ЖЖЖ» ерікті жастары ауызбіршілік танытып, ақылдасқан болатын. Өткен жылдары 500 дана мерекелік сыйлық таратса, биыл оның санын мыңға жеткізді. Ортақ ой мен пайым пікірден соң, бір бәтуаға келді. Балаларға мейрамның шарапатын сезіндірмек ниетте арнайы «Құрбан айт құтты болсын!» деген тілегі бар қорапша алдыртты. Ортақтасып қаржы жинап, қорапшаның ішін тәттілер мен шырын сусынға толтырды. Дайын болған 1000 дана сый-сияпатты қалың бұқараға үлестірсе, қалған 20 данасын спортшы балаларға табыстады. Жеңімпаздарға да қатысушыларға да аталмыш сыйлықтың бәрін тегін үлестірді. Оның ішінде, 50 данасы арнайы шақыртылған ерекше күтімдегі балаларға берілді.
БАЛАЛАРҒА БАЗАРЛЫҚ
Ал «Prime park» саябағында ойын-сауық кешені айттың құрметіне ақысыз қызмет көрсетті. Жас өрендер пойыз, карусель, батут ойындарына алаңсыз ойнап, шат-шадыман күй кешті.– Жыл сайын Қасиетті Құрбан айт және ораза айт мерекесінде жаңақорғандық бүлдіршіндерге мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында ақысыз қызмет көрсетеміз. Бұлда болса, айтқа қосқан азда болса үлесім. «Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» дейді ғой. Сондықтанда ел ертеңі – балаларымыз әманда шаттықта жүрсін, – деді жас кәсіпкерлер.Бұдан бөлек, орталық алаңда пультпен басқарылатын балалар көлігін ақысыз ұйымдастырды. Мұндағы бүлдіршіндердің есебінде шек жоқ. Әрқайсысы 10 минуттан отырып, азда болса, мейрам мезіретін сезінді.Сонымен қатар, атаулы шараның басында орталық мешіттің бас имамы Әбдіхалық қажы Наметовті де көріп, айтулы ұлық мерекеге орай сұқбат алуды жөн көрдік. – Жаратқан бір Аллаға сансыз мадақ пен мақтаулар болсын! Ислам әлемі аңсай күткен айтулы ұлық мереке – Құрбан айт та келіп жетті. Осыған орай баршаңызды Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Дінімізде бұл мерекенің алар орны айрықша. Өйткені, қасиетті Құрбан айт жамағаттың бірлігін күшейтіп, өзара бауырластықты арттырады. Қасиетті Құрбан айт мерекесінде мүмкіндігі бар әрбір мұсылман баласы Алла тағаланың ризашылығы үшін құрбандық шалуы тиіс. Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ, пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Алла тағала Құранда: «Намаз оқы және құрбан шал», – десе, ардақты Алла Елшісі (с.а.с): «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерлерімізге жақындамасын!» – деген.
– Айтыңызшы, құрбандық шалу кімдерге парыз?
– Құрбандық шалу мұсылман, ақылды, балиғат жастағы және Құрбан айт уақытында жолаушы емес кісіге міндет. Сонымен қатар негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшерінде қаржысы бар болуы тиіс. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын немесе соның құнына тең келетін қаражат. Зекет ғибадаты секілді құрбандық шалу міндет болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес. Байлық мөлшері қолында жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет болмағанмен жағдайы келсе құрбандық шалуына рұқсат. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені, малды ғибадат үшін соятыны секілді, тек қана еті үшін де союға болады. Кішігірім қой, ешкім, сиыр, түйе малының еркектері де, ұрғашылары да жарамды. Қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен, алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды. Ал ешкінің міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады. Сондай-ақ, құрбандық малының дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет. Мәселен, құрбан малының екі немесе бір көзінің соқыр, бауыздалатын жерге өздігінен жүріп бара алмайтындай әлсіз, екі құлағының не бір құлағының басым бөлігінің жоқ болуы секілді кемшіліктері табылса, жарамсыз болып табылады.
– Елдің көкейінде сан түрлі сауалдар туып жатады. Әркім шама-шарқына қарай жалғыз өзі немесе бірігіп құрбан шалып жатады? Осы бірігіп құрбан шалуға бола ма?
– Қой немесе ешкі іспетті ұсақ малды құрбандық ретінде тек бір адам ғана шала алады. Ал түйе немесе сиыр секілді ірі-қара малдарды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп немесе бір адам жеке өз атынан да соя алады. Құрбан шалуға бірікке кісілердің барлығының ниеті құрбандық құлшылығын өтеу мақсатында болуы керек. Егер осы адамдардың ішінен біреуі құрбандыққа тек ет алу ниетімен қосылса, барлығының да құрбандығы құрбандық ретінде саналмайды.
– Құрбандық шалып жатқан уақытта нені ескеру керек?
– Құрбандық шалған кезде мына жәйттарға назар аударған жөн. Ең бірінші, Құрбан шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлуіміз керек. Малды соятын жерге ұрмай-соқпай апарып, оны құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызылады. Сосын «Иә, Алла тағалам, Ибраһим мен Мұхаммед пайғамбарлардан қабыл алғаныңдай менің де құрбандығымды қабыл ала гөр!» деп, бата жасалады. Сосын «Аллаһу акбар!» және «Лә иләһа иллаллаһ» деп айтылып тұрады. Құрбан шалатын адам малды қинамай жұмсақ бауыздауға көңіл бөлуі керек. Малдың көзінше пышақты жалаңдатып қайрауға болмайды. Пышақ өткір болуы тиіс. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.с): «Құрбан шалатын адам пышағын жақсылап қайрасын, малды қинамай жұмсақ бауыздасын», – деген хадисі бар. Міне, мұның өзі асыл дініміздің адам тұрмақ, малдың өзіне жәбір көрсетпеу керек екенін ұқтырып отырған жоқ па?!Малды құбылаға қарата жатқызғаннан кейін оң қолымен «Бисмилләәһи, Аллаһу әкбар» деп бауыздайды. Құрбандық малды басқа адамға бауыздатқан кісі мал бауыздалып жатқанда осы сөздерді айтып тұрғаны жөн. Егер малды бауыздайтын кісі бауыздарда білетұра әдейі «бисмиллаө» деп айтпаса, ол малдың еті желінбейді. Сондықтан «Бисмилләәһи, Аллаһу әкбар» деп айтуы қажет.Алдымен мынаны айта кетсем, малдың жаны бойынан толық шығып болғанға дейін оның терісін сыпыруға болмайды. Малдың қаны толық ағып біткенше күткен жөн. Ал, құрбан шалғаннан кейін сол маңайдың тазалығына да көңіл бөлу керек. Малдың қан-жүнін ашық-шашық далаға қалдырмау керек. Бұл – құрбандық малына әрі құрбан құлшылығын деген құрметтің белгісі.Сонымен қатар құрбан шалушылардың қаперіне ысырапқа жол бермеу керектігін сала кеткіміз келеді. Малды бауыздап тек оның етін ғана алып қалған ағзаларын тастап кету дұрыс емес. Өзіңіздің шалған құрбандығыңыздың ішек-қарын, бас-сирағын және басқа ағзаларын тазалап алу керек. Оның бір түйір еті де ысырап болмағаны игі. Ысырап етуді Алла тағала жек көреді.
– Ел арасында әр түрлі пікірлер айтылып жатады. Құрбандықтың еті кімдерге таратылғаны абзал?
– Құрбан айтта шалған құрбандықтың етін бай болсын, кедей болсы өзіне жеуіне болады. Бұл жайында Алла тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер». Ал, әз пайғамбарымыз құрбандығының үштен бірін – отбасына, үштен бірін – кедей көршілеріне, қалған үштен бірін – садақа ретінде тарататын болған. Сондықтан құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап (ұнамды іс). Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Бірақ шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да болады. Егер құрбандық шалған адам аса дәулетті болмаса және жанұясында адам саны көп болса онда құрбандықтың етін түгелдей өзінің отбасына да қалдыра алады.
– Жастардың көпшілігі ұлық мерекенің мән-маңызын біле бермейді. Осы тұста, көпшілікке ұлық мерекені қалай атап өту керектігін айта кетсеңіз?
– Сүйікті пайғамбарымыз (с.а.с): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз – намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе біздің сүннетімізге ергені...», – деген. Айта кету керек, биыл Жаңақорған кентінде айт намазы таңғы сағат 06:00-де оқылады. Сол себепті бұл күні әуелі, жақсылап денені толықтай жуғаннан кейін әдемі, таза киімдерімізді киіп, үстімізге хош иіс сеуіп, мешітке айт намазын оқуға барамыз. Айт намазын оқығаннан кейін құрбан шалу міндеттелген жандар құрбандықтарын шалып, етін тиісті адамдарға таратады. Айт күні мұсылмандар көрші-қолаң, туыс-туғанды қыдырыстап, «Айт құтты болсын!» деп бірін-бірі құттықтайды. Бұл күндері мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, Айтта бір-бірін кешіріскен жөн. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім, жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, көмектесе алса көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұған қоса, әке-шешесіне, отбасындағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да сәлем-сауқат, сый-сияпат жасап, айт мейрамын ерекше имандылық сән-салтанатымен өткізуге болады. Айтта осындай амалдарды жасау қоғамдағы адамдардың бір-біріне деген жылылықтары мен сыйластықтарын барынша арттырады.
– Мағыналы да, мәнді әңгімеңізге рақмет!