Kyzylorda-news.kz. Еуразия кіндігінде орналасқан, шығыс пен батысты ұштастырып, өркениет пен мәдениетті тоғыстырған Ұлы Тұран даласы кең байтақ жері және байлығымен ғана емес, ғибратты ғұмырын ғылымға арнаған тау тұлғаларымен де әйгілі. Солардың бірі де, бірегейі Хұсам-ад-Дин-ас-Сығнақи. Хусамуддинтануға алғашқы қадамдар ретінде халықаралық конференция ұйымдастыру мәселелері бұған дейін бірнеше рет ғұламаның өмірге келген топырағы – Жаңақорған ауданында өткізіліп келгені рас. 

Бірақ есімі жер-жаһанға әйгілі ғұламаны әлемдік деңгейге көтеру бүгінгі күннің еншісіне тиіп отыр. 18 мамыр күні Алматы қаласында «Ислам өркениеті кеңістігіндегі Хусамуддин ас-Сығнақи мұрасы» тақырыбында өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция осының дәлелі.

Қазақ даласынан шыққан көрнекті ғұлама ғалым Хусамуддин әс-Сығнақидың 800 жылдық мерейтойына орай «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің залында өткен рухани шарада Мысырдағы Әл-әзһар университетінің ғұламалары, Ислам ынтымақтастығы ұйымы жанындағы Ислам тарихын, өнерін, мәдениетін зерттеу орталығы мамандары, Түркия, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей мемлекеттерінен келген және отандық спикерлердің баяндамалары тыңдалды. Жиынға сонымен қоса оқу орнындағы жас ғалымдар, руханият және мәдениет жанашырлары, баба ұрпақтары қатысты. 

Конференция жұмысына Нұр Мүбарак Египет ислам мәлениеті универсиетінің проректоры, РҺD доктор, доцент Қайрат Құрманбаев модераторлық етті. Алғашқы диссертациялық тақырыбын «Хусамеддин ас-Сығнақи еңбектеріндегі «Усул әл фикһ ілімінің лингвистикалық негіздеріне» арнаған бұл аталған ғалымның Хусамуддин ас-Сығнақидың ислами-ғылыми еңбегі мен тұлғалық келбеті жайлы терең білетіні кіріспе сөзінен ақ анық аңғарылды. Конференция жұмысы беташарында Қазақстан және Египет мемлекетінің Гимні орындалып, одан әрі баба рухына арнайы Құран бағышталды. 

Күллі ислам діні мәдениетіне ортақ тұлға - ғалым, ойшыл Хусамуддин бабаға арналған халықаралық жиынды ҚМДБ ның төрағасы, бас муфти Наурызбайқажы Тағанұлы ашты. Қазақ даласынан шыққан көрнекті ғалым Хусамуддин бабамыздың 800 жылдық мерейтойына орай өтіп жатқан бұл жиынның берекелі болып, дін саласындағы ортақ жұмыстарға оң арна ашуына тілегін қосқан бас муфти одан әрі ғұламаның өмір жолын әңгімеледі.

«Хусамуддин-әс-Сығнақи Сыр бойындағы Сығанақ қаласында дүниеге келіп, осында алғаш діни білім алады. Одан әрі Бұқара, Дамаск, Басра қалаларына барып, тәлім алады. Ұстаздары оның бойынан тектілік пен дарынды танып, батасын береді. Баба мұрасын кейінгіге аманаттау баршаға парыз. Астана қаласынан Сығанақ даңғылы бойынан ҚМДБ-ға қарасты ислам институтын аштық. Осы оқу орны алғаш ашылып, оған атау беруге келгенде дінімізге де, ұлттық болмысымызға да сай келетін атау іздегенде біздің елден шыққан, әлі күнге дейін жете танылмай келе жатқан көне замандағы ғұламаларымызды көтерейік деп Ғұламалар кеңесінде жан-жақты талқылап, оқу орнына Хусамуддин есімі берілді. Бұл институт ғылымдағы ақида мәселесін терең зерттейді. Діни рухани кеңістікте бүгінгі күннің түйткілді сұрақтарына тұшымды бұлтартпас дәлелдермен жауап беру үшін ғұлама еңбектері еліміздегі Әбу Ханифа фикһ мектебінің ілімдерін оқып үйренуге таптырмас құнды мұра болып отыр. Шәкірттерімізге бабамыздың жолын берсін, – деген бас муфти сөзін төмендегіше жалғады: Бұл басқосуымызды екі дүниеде адамды бақытты ететін жиын деп есептеймін, өйткені жиынға қатысушылар Алланы еске алып, мадақтайды. Ғалымдарды тірілтіп, халыққа насихаттайды. Ғалымдар бүгінде Хусамуддин еңбектерін жаңа ғасыр сұранысына сай тәржімалауды қолға алды. Ас-Сығнақи туралы жаңа кітаптар жарыққа шығуда. Бүгінгі басқосу соның жалғасы, келешек жас ғалымдарға бағыт көрсететін жоба, – деді сөзінде.

Жиынға қатысушыларға ҚР Ақпарат және Қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің құттықтау сөзі жолданды. Келесі кезекте Мысыр Араб республикасының уакыбтар вице министрі Махмуд Абдулхалек Әл Фахрани және Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті ректоры, доктор, профессор Мұхаммад-әш-шаххат Абдулхамид Мұхаммад әл-Жинди құттықтау сөз сөйледі. Пайғамбарымыз Мұхаммед «Білім нөсерлі жаңбыр секілді, одан өсімдіктер шықты. Ғалымның еңбегін осыған теңеуге болады. Жаратушы ие ас-Сығнақиге білімді сүйіспеншілікпен нәсіп етті, – деп жүрекжарды сөзін арнаса, Мысыр Араб республикасы президентінің діни кеңесшісі, Әл Әзһар университетінің профессоры Усама Сайд Әл-Әзһари: «Хусамуддин Сығанақидің есімін құрметпен атап, мақтана отырып, осындай бізді сіздермен байланыстырып тұрған тұлға туралы бүгінгі конференцияға қатысуымды бақыт санаймын. Мен Сығнақиға қатысты еңбектерді іздеп, көп нәрселерді таптым. Соңына мұншалықты құнды мұра қалдыру, бұл арнайы кісілерге ғана берілетін Алла тағаланың сыйы. Ол кісінің араб тілінің грамматикасын жетік білуінің арқасында Құран тәпсірінің нәзік тұстарын жете түсіндіре алғаны, шариғат мәселелеріне терең маңыз бергенін көреміз. Біздің Әл Әзһар мешітінің өз жолы, өз ерекшелігі бар, тура осы сынды Сығанақи еңбектерін қыбла тұтуға болады. Оның барша еңбектерінен Мәтуридиге берік екендігін көрдік. Бұл діннің шынайы қағидаларын берік сақтайтын салмақты еңбек. Одан исламның таза келбетін көруге болады. Сондықтан да бұл ғұламаны Орта Азияның қыбласы, ерекше жаратылған оқымысты тұлға дейміз.

Имам Сығнақи өз заманында үлкен ілімге жету үшін, исламға қарсы сұрақтарға жауап беру үшін көп ізденді. Ол барша ғұмырында нешеме арандатуларға ермеді, оларға қалқан ретінде ілімді тірек етті. Осы ілімді алу жолында қиындыққа мойымады, көп еңбектер жазды, кейінгіге жеткізді, алған ілімін ислам мәдениетін көтеруге қару етті. Оның осы әрекеттері жастарға көп үлгі, өз Отанына қызмет етудің жарқын мысалы. Сондықтан бүгінгі рухани басқосуымызды ұйымдастырып отырған қазақ мемлекетіне алғыс айтамын, бұл ежелден қалыптасқан өзара байланысымыздың бұдан әрі жалғаса беретініне бір дәлел. Міне, осы байланысымыздың ұшар басында осы баба тұр, сондаяқ, екі мемлекеттің арасын берік жалғастырып тұрған тағы бір әйгілі тұлға Сұлтан Бейбарыстың да есімін келтіре кетейін, – деді ол.

Кез келген елдің дамуында ғылыми мұраларын жете білудің көп маңызы бар. Сығнақидың ерекшелігі, әрбір ұлттың тарихына, өзіне тән мәдениетіне, әдебиетіне мән берілуі керектігін айтты. Хусамуддин Сығнақи қазақ жерінен шыққан көрнекті ғалым. Ол қазақтың ғана емес, әлем мұсылмандарының ғалымы. Мұхаммед (С.А.У) «Кімге пайдаң тигізуді қаласаң оған дінді түсіндір, кімге жақсылықты қаласаң оған исламды түсіндір» деген. Бұл жөнінде тереңдеп жеткізе білген философия, саясаттану, және дінтану институтының бас директоры, социология ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Сейдуманов Серік Тұрарұлы орта ғасырларда Мауреннаһр кеңістігінде ислам өркениеті мен мұсылмандық ақыл-ойдың дамуына үлес қосқан ғалымдар қатарында Хусамуддин бабамыздың еңбектеріне тоқталды. Бүгінде тарихи мәдени мұраларды игеру үрдісіміз дамып келеді. Бұл идеологиялық тұрғыдан да маңызды құбылыс, екіншіден, мұндай үрдіс тарихи сананы жаңғырта түседі. Тарихи сананы оятпай ұлттың өз-өзін бағалауы қалыптаспайды. Осы тұрғыдан келгенде, өз топырағымыздан шыққан ойшылдарды танып білу маңызды екенін айта келе: «Сығанақ қаласы бір кезде үлкен ғылым орталығы болған, ол жерден көптеген ғалымдар мен ақындар шыққан. Хусамуддин соның бірегейі. Ол ислам ғылымын терең меңгерген. Әсіресе, ислам құқығы, араб лингвистикасы саласының жетік маманы болды. Оның өмірі мен шығармашылығын зерттеудің біздің рухани өмірімізге маңызы зор», – деді ол. Мұнан соң сөз алған Әл-Азһар университеті Шариғат және заң факультетінің деканы, профессор Ато Әс-Сымбати «Ас-Сығнақи және оның Ханафи фиқһына ықпалы» деген тақырыпта, ІRСІСА ислам ынтымақтастығы ұйымы жанындағы ислам тарихын, өнерін, мәдениетін зерттеу орталығы, ІRСІСА зерттеу және жарияланымдар бөлімінің басшысы, профессор Женгиз Томар «XIII-XIV ғасырлардағы Египет және Сирия» деген тақырыпта, Ибн Халдун университетінің профессоры Хамзе Әл-Бакри «Сунна сенім мектептеріндегі фиқһи бағыттар Сығ¬нақи мысалында» деген тақырыпта, РҺD доктор Әли Тарик Зиад Илмаз «Хусамуддин-ас-Сығнақи және оның кәлам іліміне қатысты еңбегі» деген тақырыпта, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің прфессоры, Әбу Ханифа ғылыми-зерттеу орталығының директоры Шамшадин Керім Тұрсынұлы «Ас-Сығнақи – араб грамматикасының зерттеушісі» деген тақырыпта баяндама жасады.

Келесі кезекте «Хусамуддин-ас-Сығнақидың Иран ислам республикасында сақталған қолжазба мұралары» деген тақырыпта баяндама жасаған Тебриз университетінің РҺD докторы Хусейн Хошбатенидің мына айтқандары көп көңілін елжіретті: «Мен Сіздердің елдеріңізге баба еңбектерінен қолыма түсірген он қолжазбаны алып келдім. Мұның бірі Фирдоуси кітапханасында сақталыпты. 62 бет, 25 қатардан тұрады. Бірнеше нұсқа¬сы бар. Тегерандағы кітапханадан 55 беттен тұратын тағы бір қолжаз¬басы табылды. Әлхамду мадақтан басталып, Әбділ Әзиздің сөзімен бітеді. Кіріспесінде құранға қатысты аят айтылады. Қолжазбалар Индияда, Египет және Сирия кітапханаларынан табылды» деген ол қолындағы дүниелерін университетке табыс ететінін айтты.

Келесі кезекте Мармара университеті, Иләһиат факультетінің профессоры Неждет Тосун «Имам Сығнақи және оның сопылық ілімі жайындағы еңбектері», Өзбекстан республикасы министрлер кабинетіне қарасты Имам Бұхари халықаралық ғылыми зерттеу орталығының директоры кеңесшісі Бақтиор Оманұлы «Энциклопедические признаки в наследие Хусамуддина ас-Сығнақи» деген тақырыпта баяндама оқыды.

РМҚҚ Философия, саясаттану, және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері, доктор, профессор Сейтахметова Наталья Львова «Исламский рационализм и опыт трансценирования нравственности в творчество Хусамеддина-ас-Сыгнаки» деген тақырыпта жасаған баяндамасында мына мәселелерге назар аударды.

– Жалпы Ислам мәдениетін әлемдік масштабта біріктірген интеллектуал тұлғаның шығармашылығына арналған конференцияны ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін, – деді ол. Қазіргі заманның саяси-әлеуметтік сұрақтарына жауап іздеу барысында біздің ислам дәстүріне үңілуімізге тура келеді. Адамзаттық құндылықтар негізіне келсек, рухани интеллектуалдық шежіре бізге ұлтаралық, мәдениет аралық әлеуетімен белгілі. Бүгін бізге Иранның, Турциияның, Қырғыз-стан, Өзбекстанның ең танымал ғалымдары Сығанақ шежіресіндегі ислам рационализмін, ислам толеранттылығын ерекшелеп беріп отыр. 

Сығанақ – қаласы-мәдениеттің орталығы болып саналады. Мекеннің данышпаны деген сөз бар. Бұл атау осы кісіге әбден лайық. Мен осы жерде отырған ол кісінің ұрпақтары – Сунақтарға алғысымды білдіргім келеді. Олар осындай шараларға қатысумен ғана шектеліп отырған жоқ, олардың арасында әртүрлі қайраткерлік еңбектерімен қоғамға зор үлесін қосып келе жатқан азаиаттар көп екеніне әр жерде куә болып келеміз, – дей келе Сұлтан Сартаевтың есімі мен еңбектеріне айрықша тоқталып өтті. 

– Сығнақтың шежіресіндегі ең негізгі мақсат – адам болмысын ашу болып табылады. Оның еңбектерінде ең негізігі феномен – құқықтық білімге мән бергендігі дер едім. Адамның барлығы бірдей білім алуға, адами дәрежеде өмір сүруге құқылы деп, гендерлік құқық негіздерін қолға алды. Еңбектерінде Ислам ғылымы деген түсінік айқын. Оның еңбегі бүгін құқықтық түсіндірмелерде, тілдік дискурстарда әділдік, теңдік ұғымында кең қолданылады. Ол надандықпен күресті көп қолға алды. Оның еңбектері адамды ойландыруға, әркімді кісі өмірге не үшін келіп, не үшін кетеді деген сауалдарға жауап іздеуге итермелейді. 

Шежіре не үшін керек? Ол жай ғана белгілі бір тұлғаның ұрпағы екенімізді білу үшін ғана емес, сол кісінің ұрпағы екенімізді тану арқылы дәрежемізді дәйектеіп, іспен дәлелдеуімізді керек етеді. Осы күнгі жаһанданудың негізін қалаушылар – Қожа Ахмет Яссауи, Әл-Фараби, басқа да қаншама адамдар біздің жерімізде өмір сүріп, ғылымға сүрлеу салды. Соны жалғасытыру керек. Сығнақи еңбектерін алдағы уақытта орыс, ағылшын тілдеріне аудару керек» деді ол.

Келесі кезекте Саясаттану ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан саяси зерттеулер қауымдастығының президенті Есенжол Алияров сөз алып, «Ас-Сығнақидың өміріне қатысты туған жердегі ауызша деректер» деген тақырыпта баяндады. Шараға арнайы келген барша қонақтарға баба ұрпақтары атынан рахметін айтты. Егемендіктің елең-алаңынан ізденіп, бабаны тірілтуге мүдде біріктірген ауылдағы ағайынның еңбегін айта кетуді де ұмытпады. Ел ақсақалдарына, баба басына кесене салып, сол кездегі Үкімет басшылығында болған Иманғали Тасмағамбетовке шығып, Сириядан, Ираннан табылған ғұламаның қолжазбаларын елге әкелуіне мұрындық болған Шәзінде Қарақожаев, Махметжан Сапарбаев, Тастемір Жүзбаев, Төрехан Біләлов, Әбдіхан Бегімбетов сынды ағаларымыздың есімдерін осы мінберде тұрып ілтипатпен еске алды. Ғалым ретінде ру атының қайдан шыққаны жөнінде де тоқталып өтті. «Бабамыз суфизмді, оның ішінде суна заңын көп насихаттаған, Пайғамбарға берген «сунна ақ» деген ұраны біріге келгенде сунақ сөзіне, кейін Сунақата деген атауға ие болғанын, ұрпақтары сунақ деп аталып, Қазақ халқының бір руы ретінде қалыптасып кеткеніне ел назарын аударды. Баба атын шығаруда ерен еңбегі бар ғалымдар көшінің басында тұрған Сығнақ мектебінің іргесін қалаушылар Әбсаттар қажы Дербісәліге, Шамшадин Керімге, Қайрат Құрманбаевқа ел атынан рахметін жеткізді. Тек Сыр елінің ғана емес, әлемге әйгілі Әл Фарабимен, Қожа Ахмет Ясауимен қатар тұратын тұлғаның есімі мен еңбектері мектеп бағдарламасына ендірілсе екен деген ұсынысын айтты. Пленарлық отырыс қорытындысында «Сунақ Ата» қоры төрағасы Тұрсынхан Әлібеков өзінің жүрекжарды лебізін білдірді. Нұр-Мүбарак университеті ғалымдары Хусамуддин ас-Сығнақидың «Әл-Нажаку-Әт-тәли-тилуа-әл-марах» атты араб тілінің морфология ғылымына арнаған кітабын аударып шыққан еді. Конференцияда осы кітаптың тұсауы кесілді. 

ҮМІТТІ ҮКІЛЕГЕН ҮШ ТАҒАН

Хусамуддин бабамыздың еңбектерін жарыққа шығарып, туған елімен қауыштыруда талмай тер төгіп, мақсатына жете алған, өзі де ғұлама ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлінің есімін айрықша атау парыз. Қазақстанда ас-Сығнақидың өмірі мен шығармашылығы ұзақ уақыт елеусіз қалып келді. Оқымыстының еңбектері мен ол жайындағы деректердің араб тілінде жазылуы әрі дін ғылымы, араб тілі грамматикасы саласына арналуы зерттеуге кедергі келтірді, оның үстіне бұл қимас қазыналардың қолжазба күйінде әр жерде, әлем кітапханаларында шашылып жатуы танып-білуге қолбайлау болды. Ғалым хақында қазақ тілінде алғаш рет құнды мақала жазып, арнайы тоқталған – профессор Әбсаттар Дербісәлі. Ол «Қазақ даласының жұлдыздары» (1995) кітабында ас-Сығнақидың аты-жөні, қайтыс болған жері, жылы, үш кітабы жөнінде мәлімет берді, сөйтіп кейінгі қазақстандық зерттеушілерге, сол қатарда ізбасар ғалымдардың ізденістеріне де қозғау салды. Сөйтіп одан әрі осы еңбекті жалғастырған оның шәкірті Шамшадин Керім Тұрсынұлы Хусам-ад-Дин-әс-Сығанақидың өмір мен шығармашылығы, ойшылдың әлем кітапханаларында сақталған еңбектері туралы жинақтай келе «Сығанақ Саңлағы» деген кітабын жарыққа шығарды. Бұл кітаптың жарыққа шығу тарихы да есімізде. 2012 жылы Жаңақорғанда баба атында халықаралық конференция өтетін болды. 12 жыл бойы ізденіп, өз қалтасынан қаржы шығарып шетел архивтерінен баба мұраларын тауып, жинақтаған. Шамшадин Керімнің кітабын осы шараға дейін баспаханадан шығартып үлгерту жөнінде баба ұрпағы, кәсіпкер апамыз Несібелі Жүсіповаға елдегі бауыры Болат Қалтаев хабардар етеді. Елдік міндетке келгенде жаны төзбейтін ермінезді Несібелі Бектасқызы шұғыл әрекетке көшіп, екі аптада осы кітапты 1000 дана етіп бастырып, конференцияға алып келіп, оқырманды көзайым еткені көз алдымызда тұр. Баба еңбектерін зерттеу, жарыққа шығару, ұлықтау, енді үшінші буын жас ғалымдардың қолында.

Тағы да оқыңыз: