Kyzylorda-news.kz. Құрылғанына 12 жылдан асқан аймақ шабандоздары ат спортының кез келген түрінен үздік үшткіте келеді. Аға буынның ізін жалғаған жастар жақында ел чемпионатында сүйіншілеп қайтты. Сыр өңірінің намысын 10 жылдан астам биік ұстап келе жатқан жаңақорғандық жігіттердің жеңісті жолына Сыр жұрты куә. Бірақ, бұл спортшыларға да серпін керек, қолдау маңызды. Осы мәселе және алдағы жоспарды саралау үшін білікті бапкер, облыс құрамасының белді жаттықтырушысы Сламхан Боранбаевты сөзге тарттық.

«Биылғы жыл табысты басталды. Ел чемпионаттарында жеңіс тұғырында жүрдік, жастар ұлттық құрама сапын толықтырды. Көкпардан сол үштік тұғырдан түспесек, аударыспақ пен жамбы атудан алтын тұғыр бұйырып келеді. Теңге ілуде де жаман емеспіз. Бұйырса саяткерлік спортын да биікке көтереміз деген жоспар бар. Оның бастауына биыл ел куә болып, чемпионат біздің ауданда өтті. Барлығы уақыттың еншісінде, нәтижелерге жыл салып жетіп келеміз», – деді аға бапкер.

Иә, жақында Елорда төрінде өткен жамбы атудан жаңақорғандық жас өрен Ақәділ Пернебай кезеңнің 3 стилі бойынша ешкімге дес бермей, мерген екенін дәлелдеді. Түрік стилінен 1-орын, қалған түрінен күмісті олжалап, жалпы кезеңдердің қорытындысында чемпион атанды. Ғалымжан Өміртай мен Наурызқожа Әмзеев баптаған Ақәділ тағы бір мықтылығын дәлелдеп, «Қазанат» ипподромында өткен ел чемпионатында атой салды. «Тектіден текті туады» деген осы болар. Чемпионның әкесі Бекқали Өзенбаев та кезінде аламандарда атой салған азамат еді. Енді перзенті жасындай жарқылдай бастады.

Айта кететіні, Ғалымжан 2019 жылы жамбы атудан ел біріншілігінде алғаш рет Сыр еліне алтын сыйлап, жарыстың ең жас спортшысы атанған еді. Бұл жолы оған қола бұйырып, олжалы оралды. Ересектер арасындағы теңге ілуден жаңақорғандық Исрайыл Айдар 3 орын иеленіп, Түркияның Стамбул қаласында өтіп жатқан V этноспорт мәдени фестиваліне жолдама алды.

«Алдымен алдағы жоспармен бөлісейік. Жуырда Көкшетау қаласында жасөспірімдер арасында ел чемпионатының жалауы желбірейтін болады. Бұл сында 2005-2007 жылы туылған балуандар тартысады. Ал, күзде көшпенділер ойыны басталады, оған баруға мүмкіндігіміз бар. Ол үшін тамызда іріктеуден сүрінбей өтуіміз керек. Жігіттер сақадай сай, бұйырса ол тұғырды да бағындыратын боламыз», – деді С.Боранбаев.

Биылғы жылдың тағы бір жетістігі, 14 жас шабандоз «спорт шебер» атағына қол жеткізді. 12 балуан көкпардан, екеуі аударыспақтан. Міне, осындай оғландар облыстың атын оздырып, бәйгеде барын салып жүр. Тек оларға қолдау болса болғаны, әрине, қаржылық қолдау керекақ, бірақ, бәрінен бұрын астарындағы тұлпарларына тіреу болса. Шыны керек, көз көріп жүр, шабандоздардың жаттығатын алаңы болғанымен, ешқандай жағдай жасалмаған. Аттар да адам секілді, шаршағанда көлеңке керек, жаттығудан кейін суытып, қалпына қайта келтіру керек. Мұның барлығы үлкен жұмыс, оны бір күндік жаттығу барысында байқадық.

«Қазір аудан орталығындағы арнайы алаңның айналасына жасауға тиісті жұмыстарды тізбектеп, жоба-сметасын жасап қойдық. Яғни, алаңды қоршау, көрермендер отыратын орындықтар, жылқы өнімі мен құрал-саймандарын сататын дүңгіршіктер және жануарлардың тынығатын орындарын салу жоспарда бар. Мұндағы мақсат – ұлттық спорттың деңгейін көтеріп, өскелең ұрпақты осы жолға тәрбиелеу. Өйткені, атадан келе жатқан, қанымызға сіңген өнер біз дәріптемесек, кім дәрптейді. Әрине, мұның барлығы алдағы уақыттың еншісінде, дегенмен, тездетіп, ат спортына жағдай жасамасақ бұдан да биікке шығамыз деген үміт сөніп қалады-ау», – деді бапкер.

Өте дұрыс, қарап тұрсаңыз, біздің елде спортқа көбірек көңіл бөліне бастады.қай спорты алсаңызда арнайы жаттығу залы, қажетті саймандары жетерлік. Әрине, ат спортына да көңіл бөлінеді, бірақ жағдай мәз емес. Қазір жылқылардың барлығы Қыркеңсе ауылында, күнделікті жаттығуға аудан орталығына келіп-кету үлкен мәселе. Келгеннен соң жаттығатын алаңның бүгінгі беделі көңіл көншітпейді. Әрине, бұл аудан шешетін мәселе емес, десе де көңіл бөлінсе нұр үстіне нұр болар еді. Екіншіден, құс ұшырып, тазы жүгіртуді де қолға алдық, келер жылы ел чемпионаттарында саңлақтар топ жаратын болады. Сондықтан іске бүгін кіріссек, үштіктен үздікке көтерілетініміз ақиқат. Жалпы нтәижені сараласақ, ұлттық спорттан ұпайымыз түгел.

Осы тұста айта кетейік, 2009 жылы ұлттық ат спорты түрлерінен облыс құрамасы жасақталды. Оның барлық мүшесін жаңақорғандық спортшылар құрады. Сыр өңірі атынан сынға түсіп, оның ішінде көкпардан үздік үштікке іліндік, әлі сол тұғырдамыз. Теңге ілу, жамбы ату, аударыспақтан да ел чемпионаттарында жүлдесіз емеспіз. Жас шабандоз Ғалымжан Өміртай 2019 жылы жамбы атудан Қазақстан Республикасының V чемпионатында чемпион атанып, бөркімізді аспанға аттық. Ол осы нәтижесімен турнирдегі ең жас чемпион атанды. Исламхан Боранбаев баптаған жігіттер теңге ілу мен аударыспақтан да ел біріншілігінде есесі кеткен емес. Біздің аудан спортшыларымен өзге өңірлер санасатын дәрежеге жетті. Көкпар мен аударыспақтан жастар арасындағы ел чемпионаттарының біздің ауданда өтуінің нақты дәлелі осы. Өйткені, білекті балуандар, мергендер шыққан мекенде өсіп келе жатқан ұрпақтан күтері көп елдің.

Бокстың бүгіні де көңіл қуантарлық. Құрбаш Саркулов баптаған жігіттер егемендіктен бері кенжелеп қалған спорттың дамуына қайта дем берді. Дінмұхмед Абайхан АІВА төреші атанып, алғаш рет әуесқой бокстан ринг төрінде төрелік етті. Кәсіпқой бокстан да бірнеше кездесуге бас төреші болып, кездесулер өткізді. Доп спортынан да серпін бар. Баскетбол, волейбол, гандбол, футболдан да алған асуымыз, шыққан шыңымыз биік. Қол добынан Жанерке Сейітқасым ұлттық құрама сапында жүр, қазір әлем біріншілігінде өнер көрсетуде. Футболдан жастар премьер-лигада өнер көрсетсе, кіші футболдан да жастар жақсы көзге ілігіп жүр. Волейболдан аядай ғана Байкенже ауылынан шыққан волейболшылар ауданның ғана емес, облыстың туын түсірмеуге тырысып келеді.

Міне, осылай кете береді. Әр жыл өз жетістігімен есте қалды. Таеквандо мен дзюдодан да жастар жігер танытып, жеңісті жолда келеді. Зілтемірші Олимпиада жүлдегері Алмас Өтешов те Жаңақорған тумасы екенін ұмытпайық. Бұл бүгінгі күннің биігі, енді алдағы 30 жылда бұдан да шыңнан көрінетінімізге шүбә жоқ.

Тағы да оқыңыз: