Kyzylorda-news.kz. Аймақтағы кәсіпкерлік сала күннен күнге дамып, көкжиегін кеңейтіп келеді. Кәсіпкерліктің дамуы өз кезегінде экономиканы алға жылжуына оң өзгерістер әкеледі. Мәселен, былтырғы жылдың қорытындысымен аудандар мен Қызылорда қаласы бөлінісіндегі негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер рейтингінде Жаңақорған ауданы 4-ші орынға тұрақтап, дамудың орта көрсеткішін көрсеткен.
Жақын аралықта Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жаңақорған ауданына жұмыс сапары аясында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңейтілген мәжіліс өткізген болатын. Жиында Жаңақорған ауданына қарасты кент және ауылдық округтердің әлеуметтік-экономикалық ахуалы, тұрғындардың талап-тілектерін ескеріп, бастамаларына қолдау көрсетудегі мәселелер, алдағы даму жоспарлары қаралды. Оған барлық құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық басқармалар мен аудандық бөлiм басшылары, ауылдық округ әкiмдерi қатысты.
Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы ауылдық аумақтарды дамытудың негізгі бағыттарын айқындап берді. Ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын жақсартуды көздейтін тұжырымдамаға сүйеніп, Жаңақорған ауданындағы өндіріс, индустрия, кәсіпкерлік, аграрлық салалардың мәселелерін шешуге мүмкіндік бар.Президент барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысына жыл сайын бағалау жүйесін енгізу керектігін айтқанда әсіресе, ауыл әкімдерінің қызметіне ерекше тоқталды. Оларға күн сайын тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, талап-тілектеріне дер кезінде назар аудару міндетін қойды. Жалпы ауылдың елдегі бастамаларға қосылуы, жаңа бағдарламалар мен жобаларға қатысуы ауылдық округ әкімдеріне байланысты.
«2022 жылдың қорытындысымен аудандар мен Қызылорда қаласы бөлінісіндегі негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер рейтингінде Жаңақорған ауданы 4-ші орынға тұрақтап, дамудың орта көрсеткішін көрсетті. Өңдеу өнеркәсібінде өсім 86,1 миллиард теңгені құрап 3,6 пайызға, бөлшек сауда көлемі 7,1 миллиард теңгені құрап, 1,6 пайызға артқан. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 53,2 миллиард теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 154,9 пайыз болды. Биылғы қаңтар-сәуір айларында ауданның өнеркәсіп кәсіпорындары 34,9 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 86,1 пайызға төмендеген. Аудан экономикасына 9,9 миллиард теңгеге инвестиция салынған, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7 есе артты», – деді аймақ басшысы.
Жаңадан бой көтерген нысандар, жаңадан өркендеген кәсіптер, дөңгеленген өндірістер көз қуантады. Соңғы кездері де кәсіпкерлікке бұрынғыдан артығырақ ден қойып, жаңа идеясын жүзеге асырып жатқан жеке, жас кәсіпкерлерді көріп марқаясың.
Жақында «Qaratau Fruits» шаруа қожалығы Жаңақорған ауданы, Қыраш ауылдық округінен 50 гектар жер алып, алма бағын ашқан болатын. Түрік мамандарымен біріге отырып, 35 гектар жер дайындалып, Түркиядан келген 75 мың көшет толығымен егіліп, тамшылатып суару әдісімен суару жұмыстары жүргізілуде. Осы орайда, Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Исатай Ансат бақша жұмысымен танысу мақсатында Жаңақорған ауданына арнайы барған болатын.
Қазіргі таңда қарқынды алма бағының жер учаскесі қоршаланып, егіс басына қадалары қағылып (шпалер), Түркия елінен арнайы келген агроном маманы, су маманы егіс басында жұмыс жасауда.Аталған бақшаны сумен қамтамасыз ету мәселесі насос қондырғылары арқылы жүзеге асырылса, оған қажетті 250 кВ трансформаторлар орнатылып, 6,5 шақырым электр желісі тартылды.Егіс басында екі МТЗ82 тракторлары жұмыс жасап жатыр. Сонымен қатар, жер қопсытатын техника, 2 дана арнайы алма жинайтын техникасы жеткізіліп және дәрі шашатын бүріккішпен (опрыскыватель) қамтамасыз етілді.
Биылғы жылы алма ағаштарына күтіп-баптау жұмыстары жүргізіледі. 3 жылдан кейін жемістерін алу көзделуде. Шаруашылықта 50 адам жұмыс қамтылу жоспарланса, егіс басында тұрақты түрде - 5 адам, маусымдық кезеңге – 10 адам жұмысқа алынды. Айта кетейік, өнім Қазақстаннан бөлек, көрші мемлекеттерге де экспортталады.Жаңақорған ауданына қатысты ауыл-аймақ, елді мекеннің де тұрғындары бос жатқан жоқ. Олар тәуекел етіп, кәсібінің көкжиегін кеңейтуге білек сыбана кіріскен. Мәселен, Жаңақорған ауданындағы Бірлікте тұратын Мұратбек Нәлібаев бүгінде кәсібінің қыр-сырын зерделеп, оны одан әрі дөңгелетуде. Жалпы бұл кәсіптің түрі мүсіндер жасауға ғана емес, үйдің терезесі, есік жақтауы мен ішкі беттегі аркаларға көп қолданылады. Осы айтып отырған кейіпкеріміз қалаған тапсырысқа сай барлық дизайн түрін жасай алады. 6 жылдан бері жанына жалау етіп, кәсіби тұрғыда айналысып келеді екен.
– Өзім негізі өнерге жақын адаммын. Суретші болдым, кейіннен ән өнеріне ауыстым. Түптеп келгенде, қаннан сіңген қасиет жібермеді. Өйткені, ата-бабамнан мұра болып келе жатқан қолөнерлік маған да жұғыпты. Бұл кәсіпті жас кезімде арман ететін едім, уақыты келіп 80 000 теңгемен бастап кеттім. Екі қалып сатып алдым да дизайн, модулін барлығын қолдан жасап бастадым. Шүкір, қазір кәсібім ілгерілеп, тапсырыс өзге өңірлерден де келуде. Мәселен, Тараз, Түркістан және Шиеліден көптеп тапсырыс қабылдаймыз, дейді ол.
Кәсіпкер алдағы уақыттағы жоспарымен де бөлісті. Ол цехты кеңейтіп, баспалдақтардың арнайы формулаларын құюды ойластырып жүрмін дейді.
– Оның барлығы қаражатқа келіп тіреледі. Жобамның аты – өнергипс деп аталады. Қазір “Атамекен” Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының Жаңақорған аудандық филиалының директоры Асылжан Жолдасбековтен бағыт-бағдар алып, грант пен төмен пайызды несие алуға ниет білдірудемін. Әрі ауылдағы жұмыссыз жастарға жұмыс көзін ашып берсем деген де жоспарым бар. Осыған дейін екі жігітті шәкірт еттім, бар білгенімді тәжірибе жүзінде үйреттім. Жақында Қазалы мен Байқоңыр қаласынан жастар келіп, практика жасап, біліктілігін толықтырды. Одан кейін, Жетісайдан да келген жігіттер бар, жалпы үйренемін деген ынталы жандар болса есігім әрдайым ашық. Негізі гипстен шыққан кез келген тауар сұраныссыз емес. Өйткені, гипс өнімдері бір бағытта ғана емес, бірнеше бағытта жұмсала береді.
– Қолөнер кәсібі өте төзімділікті қажет етеді. Тапсырыс берген әрбір тұтынушының талғамына сай дүние жасау үлкен жауапкершілік. Сондықтан, қолым қалт етсе болды ізденіс үстінде жүремін. Аудан нарығында қатты танымал болмасам да, өз өнімдерімнің сапасын барынша жақсартуға ынта- жігерімді салып жүрмін. Ең бастысы, тұтынушыларым бар, сапаға мін айтқанды көрмедім. Рас, кейде дұрыс шықпай қалуы мүмкін. Дегенмен мүмкіндігінше бір қателікті екінші қайталамауға тырысамын. Осы қағиданы шәкірттеріме үнемі үйретіп отырамын. Бұйырса, кәсібім кеңейіп жатса, тек аудан емес, облыс нарығына жорыққа шығамыз, – деді Мұратбек Нәлібаев.
Жеке кәсіпкер шикізатты Түркістан, Жаңақорған сауда үйлерінен алатынын айтты. Жол шығыны бар, қаншама қоспалары бар, барлығын өзі рттеп отырады. Ата кәсіпті перзенттеріне мирас етуді армандайды. Әзірге нәпақасын тауып, көпті дайын өніммен қамтамасыз етіп отырған жайы бар. Алты жыл төккен тердің жемісі енді ғана еңсе тіктетіп, үлкен нарыққа жол ашыпты.
Бізде "Қыз жасауы" деген дүние бар. Жас отаудың шаңырағы биік, керегесі кең болсын, құрақтай басы құралып, береке-бірлігі мол болсын деп қалыңдықтың жасауын қазақтың ою-өрнегімен көмкереді. Ал қазір бұл өнерді кәсіпке айналдырып, оны дамытып отырған жандар жайында естіп па едіңіз? Жаңақорған ауданына қарасты Түгіскен ауылының тұрғыны Гүлхан Бекзатханова дәстүрімізді сабақтастырып, заманауи нақышпен көрпекөрпеше тігіп жүрген ісмерлердің бірі.
Осы ауылдағы кәсіпкер Дәулет Атабаевты танымайтын адам кемде-кем. Тұқымбаққа қажетті шылаушың өсіріп, кәсібін дамытып отырған жайы бар. Отбасылық кәсіп жуырда тағы бір істі қолға алыпты. Жары Гүлхан Бекзатханова ауылдан тігін цехын ашып, «Өнер» тігін орталығында өзімен бірге бір адамды жұмыспен қамтып отыр. Ел арасындағы қыз ұзату мен келін түсіру тойының шымылдығы мен көрпе-жастығын тігуді кәсіп еткен келіншек мемлекеттік бағдарлама арқылы бизнесін бастаған.
– 2017 жылдан бастап өз бетімше тігін тігуді үйрендім. Қосымша Қызылорда қаласында тұратын Күләш есімді тігінші апайдан біраз дәріс алдым. Кестелерді құрап, ою ойып, көрпе мен жастықтың сыртқы тысын көркемдеп, қолымды жаттықтырдым. Шағын тігін машинам арқылы киімдерді қысқартып та бере аламын. Ал былтыр желтоқсан айында «Өнер» тігін орталығы деп аталатын жеке кәсіпкерлігімді ашып, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы» аясында конкурсқа қатысқанмын. Сөйтіп 1 миллион 225 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұттым. Ол қаржыға заманауи үш тігін машинасын және мата кесетін аппарат, үтік, тағы басқа керекті өзге құралдарымды түгелдедім, – дейді кәсіпкер келіншек.
Тігінші тек ісмерлікпен ғана айналыспайды. Өзінің «Instagram» парақшасы арқылы да жұмысын жарнамалап, тұтынушылар арасынан оқырмандарын жинап үлгерген. Жаңақорған ауданы көлемінен ғана емес, Алматы секілді үлкен қалалардан да тапсырыс түседі.
– Қазіргі таңда халықты қымбатшылық қысып тұр. Сондықтан өз еңбегімді қолжетімді етіп отырмын. Орташа есеппен, қыз жасауын 150 мың теңгенің көлемінде дайындаймын. Қанағат еткен адамға Жаратқан ырзығын мол етеді. Мысалы, көрпеге мақта салу керек болса, оның жұмысы 3-4 мың теңгені құрайды. Ал мен көрпе көктеуді 2 мың теңгеге бағалап отырмын, – дейді кәсіпкер.
Тігіншілік өнерге асқан сабыр қажет. Ол өнімнің бағасы матаның сапасына қарай болатынын да айтып қалды. Ал қажетті шикізатты Шымкент, Түркістан қаласынан алдырады екен. Сондай-ақ, Гүлханның тігін жұмысында көбіне-көп ұлттық нақыштағы ою-өрнекті пайдаланатынын байқадық. Қарапайым ауыл әйелінің ісі көпке үлгі емес пе?
Жаңақорған ауданында кәсіптің ебін тапқан кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік нысандар жетерлік. Солардың бірі «Asyll gold» зергерлік бұйымдар дүкенін атап өтсек болады. Бүгінде дүкеннің ішінде халық аз емес. Қызу жұмыс болып жатқан көріністің кімді де болмасын таң қалдырары сөзсіз. Әр тұтынушы өзіне қажетті алтынды таңдап, тағып көріп, қалағанын осы жерден тауып, ықыластана сауда жасауда. Дүкен иесі Асылжан да оларды жылы жүзбен қарсы алып, қалтқысыз қызмет етуде. Ол кәсібін «Ақжол» сауда үйінде құрылтайшы Нұрболат Ашировтың жанында кәсіптің қыр-сырын меңгеріп, бес жылдың ішінде саудамен айналысу арқылы үлкен жетістікке жететінін ұғынады. Сөйтіп, соңғы бір жылдың ішінде өзінің жеке зергерлік дүкенін ашып, кәсібін бастап кеткен екен.
– Өзім Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы университеттің «эконо¬мика» факультетін бітіріп келген соң, еңбек жолымды «Ақ жол» сауда үйінде бастадым. Осы жерде Нұрболат ағамның қасымда жүріп кәсіп ашуға деген ниет пайда болды. Өйткені кәсібі бар адам жерде қалмайтынын ұғындым. Бұл кәсіпті меңгергеніме біраз болды, тек нақты кәсіпті бастағаныма көп бола қойған жоқ. Осы уақытқа дейін мемлекеттік бағдарламаларға қатысқан емеспін. Тек аз-маз жиған-тергенімді жоспарлы жұмсап, осы істі бір ізге келтірдім. Қазір, шүкір жаман емес. Алдағы уақытта қызмет орнын кеңейтіп, қосымша жұмыс күшін тартып, жаңа бағытта жұмыс жасауға ниеттеніп отырмын, – дейді кәсіпкер.
Алтындар дүкенінде заманауи алтындардың түр-түрі, кеңес заманындағы аналарымыздың таққан алтындарынан бастап, қалауыңыздағы кез келген бұйымды таба аласыз. Себебі тұрғындар талғамы күн сайын өзгеріп отырады. Сондықтан тұтынушы тапсырысы көңілден шыққаны абзал. Расымен, кейіпкеріміздің дүкен сөрелеріндегі алтын бұйымдарға қарап, бізде де осындай алтындар бар екен-ау деп таңқалыстық.
– Адам тәуекелшіл болмаса бір орыннан жылжымайды. Мен осы кәсіппен айналысқалы осыны түсіндім. Біздің бойымызда бір істі бастауға бел бумайтын қасиетіміз бар. Болашағы қалай болар екен деп ойланып, тәуекелге бармаймыз. Қазақта «Нар тәуекел – ер ісі» деген сөз бар ғой. Адам тәуекелшіл болу керек, сол кезде бір нәтижеге жетеді деп ойлаймын. Адамның өзі еңбек етіп, өзінің жеке кәсібінен нәсібін тапқаны ең жақсы іс. Ешкімге тәуелсіз өз ісіңді жүргізе білу де өнер, – дейді кәсіпкер.
Бір айлық табысты емес, кәсіптен ешкімге тәуелсіз табыс тапқанды құп санайтын Асылжан Сәбитұлы болашақта балаларын да кәсіпкерлікке баулитынын тілге тиек етті. Сондай-ақ, жас кәсіпкер жетістікке жету үшін қателесуден қорықпау керек дейді. Ең бастысы, құлшыныс пен өзіңе деген сенім маңызды. Ол бірден пайдаға кенелген жоқ. Әлі де білікті мамандардың ақыл-кеңесіне мұқтаж екендігін жасырмайды. Бәсекелестік қалып¬тасқан ортада қашан да сапалы қызмет жүреді. Қазір Жаңақорған ауданында алтынның түр-түрі, тапсырыс берушілер де, қабылдаушылар да көп. Бірақ әр кәсіпкердің өз несібесі бар. Халықтың көзі ашық, тыныс-тіршілігі кеңіді. Қандай істі қолға алсаң да бірінші талап пен білім керек. Дәл осы қағиданы жаңақорғандық кәсіпкерлер алға қойған.
Иә, «Қалауын тапсаң қар да жанады». Ал әрбір істің жолын тапсаң, табыстың көзін де табасың. Осы ретте қарапайым кәсібін дәмді тұшпара жасаумен бастап, бүгінде елдің көңілінен шығып жүрген Қуаныш Байтұрсынұлының жұмысын аудан тұрғындары дән риза. Еңбек жолын мемлекеттік қызметтен бастаған ол уақыт өте болашақта кәсіпкерлікпен айналысуды мұрат тұтып, бизнес жобасын жан-жақты түсініп,тасы өрге домалардай сезімде болғанын жасырмайды.Сөйтіп осы іске біржолата бел буыпты. Алғашында, өнімдерін орталық дүкендерге өткізіпті. Кей-келе самсаның түр-түрін сатылымға шығарып, сауда орталығындағы ауылдарға дейін арна салыпты. Қарауына алған өз ісінің мамандары ортақ талапты мүлт жібермей біркелкі самса бүгіп, тұшпара түйіп, тәтті торттардың түр-түрін ұсынуда екен.
Екі жыл бұрын ғана бастаған кәсібінен нәсіп тапқан Қуаныш Байтұрсынұлы бүгінде 20 қызметкерді жұмыспен қамтып отыр. Ауданның орталығынан бөлек Түгіскен, Қожакент, Машбек ауылдарына да түрлі дәмдерін тарқатып, халықтың ыстық ықыласына бөленуде. Кәсібін ілгері дамуы тура 2019 жылғы мемлекеттік грантты жеңіп алуы да біршама қолдау болғанын жасырмады.
Жары Қаракөз Бектөреқызы да қызметтен қолы қалт еткенде жанұялық кәсіптің басы-қасынан табылып, отағасына қолдау білдіріп, көмектесуден тынған емес. Аз ғана уақыт ішінде кәсіп көкжиегін кеңейтіп, екі аяғын нық тұрды.
«Адам тәуекелшіл болмаса бір орыннан жылжымайды. Мен бизнеспен айналысқалы осыны түсіндім. Қазақта «Нар тәуекел – ер ісі» деген сөз бар ғой. Адам тәуекелшіл болу керек, сол кезде бір нәтижеге жетеді. Ешкімге тәуелсіз өз ісіңді өзің жүргізе алуға құдыретің жетіп тұрса ерен еңбек етуге болады» дейді сөз арасында.
Дәмді өнім шығарып, жоғары сапалы жұмыс жасайтын полуфабрикаттың атауын «Ар-Меди» деп қоюының өз мағынасы бар. Қуаныш Байтұрсынұлы Арсен, Арлен, Медина атты ұл-қыздарымның бастапқы буыны деп жауап берді .
Өмірлік ұстанымым мақсатқа жеткенше тынбай, кедергіден сынбай алға қарай қадам басу дейді Қуаныш Байтұрсынұлының өзі. Иә, бүгінгідей нарық заманында кәсіптің көзін тауып, оның тасын өрге домалату қып-қызыл еңбекпен келетін нәтиже. Ол үшін де күн-түнмен санаспай жұмыс жасау маңызды.
Кәсіпкерлікпен айналысудың сан жолы бар. Мәселен, көпбалалы ана Гүлжазира Досмағамбетова балабақшада тәрбиеші бола тұра, отбасылық табыс көзін арттыру мақсатында аспаздық мамандықты жанына серік етіп келеді. Ол өзінің маңдай тері мен адал еңбегінің арқасында көпшіліктің ықыласына бөленіп келе жатқан бесаспап маман.
Түсіне білгенге «аспаз» өте жоғары дәрежелі мамандық. Аспаздықты оқып қана қоймай, кісі бойында бойында осы керемет мамандыққа деген бейім, ықылас болуы керек. Астың дәмін келтіретін тұз болса, екеуінің де дәмін келтіретін аспаз деуге болады. Біздің кейіпкеріміз соңғы уақыттары ұйғыр, түрік, орыс, қырғыз ұлтының тағамдарын жасауды да меңгеріпті. Дәмді бәліштер, түрлі тіске басарлар мен шөлбасар сусындарды дайындап, дастархан мәзіріне қосты. Аспаздық өнердің қыр-сырын меңгеріп қана қоймай, оны табыс көзіне айналдырып отыр.
– Алғашқыда ағайын-туыстың қызығына атсалысып, көмектесіп жүретінмін. Тойжиындарға түрлі салаттар жасап, ақшаға емес, алғысқа қызмет атқарып жүрдім. Уақыт өте келе кәдімгі кәсіп екенін ұғынып, жанжақты ізденіп, түрлі мастеркласстарға қатысып, тәжірибе алмаса бастадым. Жаз мезгілінде Түркістан қаласына барып, соңғы хит тағамдарды дайындайтын шеберлерден көп нәрсе үйреніп келдім. Қазір ұлттық құндылықты дәріптеу мақсатында ұмытып бара жатқан әсіптің түр-түрін, жылқы етінен әзірленетін қарынбүрме, сірне, қойды бүтіндей пісіру және ыстық тағамды отпен, бумен алып шығатын шоу-бағдарламаларды да ұйымдастырып жүрмін. Қазақта мерекелік дастарқандар көбіне құдалық секілді үлкен жиындарда жасалады. Әрбір қыз-келіншек әзірлеген тағамдарының көрер көзге де тартымды болғанын қалайды. Мен осы нәрсеге баса назар аударамын, – дейді ол.
Ас мәзірінің шебері, бармақты қаракөз ұлттық тағамдардың сан алуан түрінен бөлек басқ да сұраныстарға ие тағамдарды әзірлейді. Мәселен, стейк, чикен, суши сынды жеңіл дәмдерді бәрін-бәрін дайындауды жетік меңгерген. Содан болар күнде тапсырыс қабылдап, отбасымен берекелі тірлікке бет бұрған. Сұранысқа ие тәтті торт әзірлеудің құпиясын да меңгерген шебердің қолынан шыққан өнімдер талай дастарқанның сәнін келтіруде.
– Ас мәзірі туралы көп ізденіп келемін. Қазір адамдардың талғамы жоғары мақсат осы деңгейден таныла берсе дейміз. Әзірге, менің көмекшілерім үлкен екі қызым мен сіңлілерім. Барлығымыз бірігіп көпшіліктің көңілінен шығатын ас әзірлеуге барымызды салып жүрміз, – дейді асхана шебері.
Негізгі жұмысынан тыс уақытта қосымша табыс тауып, дәмі тіл үйірер ас әзірлейтін аспазшы көптің көңілінен шығуда. Аспаздың айтуынша, ас әзірлеу, әсіресе, өте көп мөлшерде тағам дайындау – нағыз есеп. Барлығын өз мөлшерінде есептеп, шығару, азық-түлік мөлшерін нақты білу астың сапасына да әсер етеді. Кейіпкерімізбен әңгімелесу барысында, болашақта жүзеге асыратын жоспарының аз еместігі айқын.Қолға алған жұмысын жандандырып, өзінің қазіргі кәсібін одан әрі дамытқысы келеді. Сонымен қатар жас аспаздарға өзінің білген-түйгенін үйретуді де ойластырып жүр екен. Жергілікті біршама қыз-келіншектерді тұрақты жұмыспен қамтып, мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, жеңілдетілген несие алуды да ойластыруда. Еңбек етемін деген адамға атқарар іс көп. Қомақты қаржы салмай-ақ үйінде отырып кәсібін дөңгелетіп жүрген жандар аз емес. Сондай кәсіптің бір түрі – түрлі тәттілер пісіріп сату. Бүгінде сұранысқа ие кәсіп көзі десек қателеспейміз. Осындай іспен үйінде отырып-ақ кәсібін дөңгелетіп жүрген жандардың қатарында Ақмарал Жидебаева бар.
Кейіпкеріміздің қолға алған кәсібі – кондитерлік өнімдері оның ішінде түріктің түрлі тәттілерін пісіру.
«Алғашында тәтті өнім пісірумен хобби ретінде айналыса бастадым, кейін келе кәсібіме айналды. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезімде анамнан үйренгенім ғой, бәліш, кекс, нан пісіретінмін. Есейген соң, қызығушылығым арта түсіп, әр түрлі торттарды пісіріп, тәжірибе жи¬нақтадым. Үйге қонақ келе қалса, бар ынта-жігеріммен торт пісіріп, алдарына ұсынатынмын. Алғашқы тап¬сырыс берушілеріміз де үйге келген қонақтардың қатарынан табылды. Содан басталған кәсіп бұл. Міне, осылайша торттар мен қолдан әзірлеген бәліштеріме туыстарымнан тапсырыс түсе бастады. Тәттілерімнің ойдағыдай шығуы үшін бар ықылас-ниетімді салуға тырысамын. ХХІ ғасыр ұялы байланыстың дамыған заманы ғой. Адамдар көбінесе торттарды ғаламтор арқылы тапсырыс беретінді шығарды. Енді әркезде әрқалай тапсырыс түсіп жатады. Кейде бір күнде 7-8 торт немесе пахлаваға дейін пісіремін. Бұл менің күнделікті айналысатын ермегім ғой. Сондықтан түн ортасына дейін ұйықтамайтын кездерім де бар. Шыны керек, кейде уақытым жетпей де жатады. Бірақ, жүрек қалауымен айналысқаннан болар, түрлі тәттілер пісіруден шаршамаймын, керісінше жан тыныштығын табамын. Әсіресе, түрік елінің бәліштері мен тоқаштарын ерекше ықыласпен дайындаймын, – дейді кәсіп иесі.
Кәсібін жан-тәнімен ұнататын Ақ¬маралдың қолынан шыққан торттың небір түрлері, тіскебасар, бәліштер ауыл тұрғындарының арасында сұранысқа ие. Дастарқанға Ақмаралдың тәттілері қойылған сәтте, қонақтардың барлығы да дәмін татып, ерекше ықалас танытып, үй иесінен байланыс нөмірін сұрап алып жатады. Оның үстіне бағасы қолжетімді болғандықтан көпшіліктің қалтасына аса салмақ түсірмейді. Бүгінде «Түрік тәттілері» деген дүкен желісі орталықта өз жұмысын жандандыруда.
– Мен барынша қарапайым халықтың жағдайына қараймын. Пісірген өнім¬дерімді қолжетімді бағамен ұсынамын. Адамда қанағат болса, аз-маз тапқан ақшаңның берекесі де болады екен. Әрине, бір тортқа қажетті заттар мен коммуналдық шығындарды есептегенде орташа бағаны ұстауға тырысамын. Одан бөлек, ашытқысыз нанның алуан түрі мен қолдан жайылған қамырды да дайындап жүрмін. Өйткені, қазір адамдардың көпшілігі жұмыста, сол себепті де базардағы дайын жайманы алып салады. Ол маған аса ұнай бермейді. Өйткені, қамыры қалың, әдемі шықпайды. Соны көріп, өзім үйден жайма дайындауды қолға алдым. Өзімнің тұтынушыларым бар, – дейді кәсіпкер.
Ақмаралдың тәттілері тіл үйіреді. Қашанда тұтынушылардың көңілінен шығу үшін барынша тырысатын кәсіп¬кердің жасаған өнімдеріне өзге ауыл-аймақтардан да тапсырыс беріп, жақындарын түрлі дәмдімен қуантып жүрген жандар да жеткілікті. Ризық-несібеге қол жеткізудің өзі адамның іс-әрекетіне байланысты болса керек-ті. Тәтті пісіріп сатушылардың барлығы да бұл саланы алғашында хобби ретінде бастап, кейін кәсіпке айналдырған. Қолдан келсе қабілетті пайдаланып, неге ақшаға айналдырмасқа? Бүгінгі таңда белсенді әрекет ететін шағын және орта бизнеске ден қойған Жаңақорған ауданы кейбір мекендерден көш ілгері. Әсіресе нәзікжандылар бұл салада өзіндік белесін бағындыруда. Қаржылық институт тарапынан алынып жатқан несиенің басым бөлігі әйел кәсіпкерлерге тиесілі екен. Оған қоса, қайтарымсыз қаржыға қол жеткізіп, кәсібін дөңгелетіп отырған жас келіндер де бар. Сондай жандардың бірі – Самал Бектұрғанқызы.
Ол анаубір жылдары «Жастар жылы» аясында мемле¬кеттің жастарға жасаған қолдауын құр жібермей, «Бастау-бизнес», «Жас кәсіпкер» жобаларын үздік бітіріп, жақын¬да ғана 505 мың теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. Қомақты қаржыға наубайхана ісін жолға қойып, қажетті құралдарын сатып алады. Енді енесі мен келіні тату-тәтті тіршілік етіп, бірі нанын жауып, екіншісі дүкендер мен орталық базарға пұлдауда. Жаңақорғанда Әлменовтер әулетін танымайтын жан жоқ шығар. Кенттегі Сейтпенбетов көшесінде тұратын бұл әулетте тандыр нан жабу тұрақты кәсіпке айналғалы көп жыл болған. Әуелгіде ағайын-туыс пен көрші-қолаңнан артылмаған тандыр нанға жасалған нан өнімдеріне кейіннен кент тұрғындары тарапынан сұраныс арта түскен
– Қазіргі таңда кәсіп жасаймын деген жанға мүмкіндік мол. Кішкентайымнан осы нан өнімдерін пісіруге кәсіпке бейім болдым. Әлменовтер әулетіне келін болып түскен соң, енемнен тандыр нан жабуды үйрене бастадым. Әрі кәсіпкерлік бағытта бизнес курстарға қатыстым. Кейіннен мемлекеттік грантқа бизнес-жобамды ұсынып, қаржылай қолдау таптым. «Самал» дара кәсіпкерлігін ашып, одан әрі наубайхана кәсібін бастап кеттік. Шүкір, қазір дамудың даңғыл жолына түсіп, наубайхананың шырайы кіре бастады. Бизнес бастауыма дем берген аудандық жұмыспен қамту орталығы мен кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына алғыс айтамын, – дейді жас кәсіпкер Самал Нұранова.
Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде қомақты қаржыға қол жеткізген Самал бүгінде тұрғындар тарапынан түскен тапсырысты уақтылы орындап, сенім мен сапа талғамына сай қызмет етуде. Енесі Гүлнар Тұрлыбаева екеуі елге ертелі-кеш нан пісіріп, қызмет етуде. Гүлнар Тұрлыбаеваның айтуынша, өзінің тандыр нан жауып келе жатқанына жиырма жылдан асыпты. Алғаш осы әулетке келін болып түскеннен бастап, енесінен үйренген кәсіпті кейде «Енекәсіпті» жалғастырып келе жатырмыз деп әзілдеп қояды. Сөзінің жаны бар. Енді өзі де бір жылдан бері ене болып, келініне тандыр нан жабудың қыр-сырын үйретіп келеді. Осылайша ұрпақтан ұрпаққа жалғасқа нан пісіру кәсібі бұл әулетке таңсық емес. Осындай кең көлемді мемлекет қолдауының бірін пайдаланған жаңақорғандық жас Самал Бектұрғанқызының да жұмысы көпке үлгі.
Қазіргі нарықта құрылыс заттарына сұраныс өте жоғары. Үйдің іргетасынан бастап, кілті мен құлпына дейін сауда қазаны қайнап тұр. Әсіресе, Жаңақорғанда құрылыс қарқыны қатты, соңғы үш жылда салынып жатқан үйлер мен кәсіпкерлік нысандарға шектеу жоқ. Соның салмағы құрылыс дүкендерінің көбірек ашылуына сеп болуда. Олар тек алыпсатарлық, ал, шикізаттан таза өнім шығару үрдісі әлі де кемшін қалуда. Қожакенттік жас кәсіпкер Мейірбек қаңылтыр өндірісін іске қосқалы бірнеше айдың жүзі болды. Тапсырысы өте көп, шағын цехындағы қызу тірлік соның айғағы. Жалпы Жаңақорғандағы құт қонған Қожакент ауылында ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамыған. Әсіресе, төрт түлігін түгендеп, тіршілігін тасытып отырған ауылдағы ағайын өзге де өндірісті қоғамға алып келуде.Мейірбек Изатуллаұлы тек қаңылтыр шаруасын ғана ширатып отырған жоқ, егін-жайды жүйелеп, мал басын көбейтіп, бір емес екі бірдей спорт кешенін тізгіндеп ұстауда.
– Бұл идеяны көптен бері ойлап жүргенмін, былтыр сәті түсіп, алдымен ғимаратын тұрғызып алдым. Содан кейін Алматы қаласынан құралжабдықтарын, яғни қаңылтыр шығаратын аппаратты алдырдым. Осы кәсіпті игеріп кете аламын деген ауылдағы жігіттердің басын жинап кәсіби маман шақырып, оқыттым. Қазір барлығын техника түгендейді, тек тілін түсінсеңіз болғаны. Міне, жігіттер осыны меңгеріп, былтырғы жылдың қараша айынан бастап іске қостық. Қазір цехта 6 жігіт жұмыс жасайды, барлығының өзіне бекітілген қызметтері бар. Үйдің төбесіне арналған қапсырма қаңылтырлар өндіреміз. Тапсырысқа байланысты шығарамыз, яғни қанша метрге тапсырыс берсе сол арқылы жасап береміз. Одан бөлек, профлист шығарудамыз, енді деректорат затын қолға алуға кірістік. Жалпы өнім ауыл, аудан орталығында ғана емес, облыста және көршілес Түркістанға да жөнелтіледі. Шыны керек, сұраныс өте жоғары, сапа мен бағаға қарайды, әрине сапа сын көтереді. Бізде баға базардан сәл төмендеу, қаңылтырлар 2 мың теңгеге дейін, ал, арнайы беттері 230 теңге төмен сатылады. Шикізаттың басым көбі Қытайдан әкелінеді. Қазір 3 бірдей аппаратымыз жұмыс жасап тұр, үшеуінің үш түрлі қызметі бар. Тағы айта кететіні, жақын күндері черепица дайындауды қолға алсақ деп жоспарлап отырмыз. Өйткені, оған да тапсырыс аз емес. Шыны керек, бұл жоба ауданда ғана емес, жалпы аймақта тапшы, жоқ деуге болады. Қазірдің өзіне шикізаттан бөлек құрылғы мен нысанның құрылысына 70 миллион теңгедей инвестиция құйдым. Бұл үлкен қаржы, әлі тағы да керек-жабдықтар алуымыз керек, дейді жеке кәсіпкер.
Иә, қазіргі уақытта қаңылтыр өнімі аудан нарығында жақсы саудада. Көбісі әлі білмей жатқаны жасырын емес. Жалпы жас кәсіпкердің керемет жобасы көңіл қуантарлық, бұл аудан орта бизнесі мен экономикасына үлкен септігін тигізеді. Мейірбектің де мақсаты осы, отандық өнімнің өрісін кеңейтіп, ішкі нарықты реттеуді көздеп жүр. Бұл қарапайым тұтынушылар үшін өте тиімді болмақ. Ең бастысы, сең қозғалды, енді бұдан соң өзге кәсіпкерлер де өнім өндірсе нұр үсітне нұр болар еді. Мейірбек Жаңақорған ауданының меценаты, аудандық мәслихат депутаты Изатулла Үсенов ағамыздың ұлы. “Әкеге қарап ұл өсер” демекші, Мейірбек те тек кәсіппен ғана айналысып жүрген жоқ, қайырымдылық шаралардың басы-қасынан табылады. Цех кеңейіп, жастар жаңа технологияны меңгеріп жатса жақсы емес пе?
Жалпы Қожакент ауылы – 2018 жылы облыс бойынша Нағи Ілиясовтан кейінгі “Үздік ауыл” номинациясын жеңіп алған аудандағы ауыл. Мал басы мен егін шаруасынан өзгеге де өнеге болатын істері аз емес. Әсіресе, спорт саласына басымдық көп, бір емес екі бірдей спорт кешені бой көтеруде. Бұл да ауыл жастарының болашағына салынып жатқан үлкен инвестиция. Ал, егін шаруасы тіпті ширақ. Күріші жайқалған, бидайы бітік, жоңышқасы жасыл желекті. Аудан бойынша күріш зауыты осы округте, енді тұқым шаруашылығы іске қосылмақ. Бұл жұмыс жыл аяғына дейін жүзеге асса қандай керемет болар еді. Кәсіпкерлік саласында да серпін бар. Жаңақорғанда тұңғыш қаңылтыр өндіретін цех осында, одан бөлек те көкжиекті кәсіптері бар. Бұл байыпты бастамалардың басы-қасында белгілі меценат, аудандық мәслихат депутаты Изатулла Үсенов тұрғанын көпшілік біледі. Бұл бөлек әңгіме.
Ауылдың негізгі тіршілік көзі аграрлы сала екені айтпаса да түсінікті. Мал басы жөнінен ауданда алдыңғы үштікте тұр. Егін шаруасынан да үлгілі істері жетерлік. Біз бүгін егін саласына көбірек иек артуды жөн деп таптық. Биыл ауылдағы ағайын 5921 гектарға егін егіп, ерте көктемнен тіршілігін түзеуде. Ауыл әкімі Елеусіз Жиенхожаевпен байланысып, ауыл тынысын таразыладық. – Биыл күріштің көлемін 1917 гектарды құрады, оның ішінде бидайды 305 гектарға жеткізсек, жаңа жоңышқа көлемін 682 гектарға жетті. Ал, негізгі дән ескі жоңышқаның биылғы аумағы 2465-ке жетті. Қалған гектарға мақсары, картоп, қауын мен қарбыз және көкөніс орналастырдық. Біз мал азығы мен күрішке көбірек басымдық береміз. Бұл дәстүрлі науқан, бұйырса күзде ойдағыдай өнім аламыз деген ниеттеміз. Алла сәтін салып, судан тарықпасақ, биыл да былтырғы межені қайталауға, тіпті артығымен орындауға барымызды саламыз. Барлығы елдің несібесі, егіншілердің адал еңбегінің жемісі. Бізде мал шаруасы жақсы дамыған, осыған орай бидай мен жоңышқаға сұраныс өте жоғары.Одан қала, өзге ауылдар мен кент орталығы, тіпті көршілес облыстардың нарығына әсер етеміз. Бұл да ел әлеуетінің еселенуіне зор үлесін қосады, – деді ауыл әкімі. Ауылдағы ағайын ерте көктемнен кетпенін сайлап, егіс басында еңбекті ерттейді. Алты ай бойғы маңдай тердің өтеуін күзде көріп, жиын-терімді адал еңбектен табады. Қазір 94 шаруа қожалық агросалаға серпін беріп келеді.
2022 жылды жүйелесек, қожакенттік дала еңбеккерлері 6124 гектарға дән тастапты. Оның жартысынан көбі жоңышқаға арналған. Күріш 1194 гектарға егілсе, күздік бидайдың көлемі 720 гектарға жеткен. Сол секілді мақсары, көкөніс, картоп және бақша өнімдеріне де мән берген. Жалпы жиналған өнім көлемі көңіл қуантарлықтай. Күріштен 77 610 тонна өнім алынса, күздік бидайдан 13680 тонна және жоңышқа 223 532 тонна өнім жиналған. Жыл сайын әртараптандыру бағытына бет бұрған диқан қауым бұйырса бақша көлемін еселеуді жоспарлап отыр. Жалпы ауылда 3500-ден аса тұрғын бар. Егіннен бөлек мал шаруасын да ширатып, бүгінде ауылда төрт түлік басы 10 мыңға жуықтаған. Бұл дегеніміз әр тұрғынға 2-3 бас мал тиесілі деген сөз. Жұмыссыздық мәселесі жыл сайын реттеліп келеді.
Ең бастысы, ауылдағы ағайынның ауызбіршілігі мықты. Қолы ашық, жомарт жандар қатарының көбі қуантады. Тек әлеуметтік көмек берумен ғана шектелмей, егінге техникамен де жәрдемші. Өйткені, ауылдың барлығында техника түгел деуге келмейді.
– Ауылшаруашылығы техникаларының саны 136-ны құрайды. Оның ішінде, шынжыр табанды трактор, доңғалақты трактор, комбайндар, соқа, дән сепкіш және трактор арбалары бар. Биыл комбайндар саны 37-ге жетті, бұл ертең күздің күні шаруалардың қажетін өтеуге аздық етеді. Дегенмен, елде болса ерінге тиенітін ұмытпаған жөн, – дейді ауыл әкімі.
Әкім сөзінің соңында биылға жоспарды жүйелеп, атқарылатын мәселелерге қысқаша тоқтала кетті. Ауылды көркейту-көгалдандыруға, жарық жөндеуге, жол салуға, жол ойығын реттеуге және көшелерді асфальттауға қаржы бөлініп, жыл соңына дейін жұмыс түйінделетінін жеткізді. Қожакенттік ағайын егін саласында еңсесі биік, енді тек осы аптап ыстықтан өтіп, жиын-терімді аман есен жинап алсақ деп тілекші болып отыр.Міне, Қожакент ауылы туралы қысқаша осылай тарқата алдық. Бұл ауыл туралы бұған дейін де жазылды. Құт қонған Қожакентте әлі де байыпты істердің берекесі мол. Ең бастысы, Жер анадан келетін ырыс-несібесі ортаймасын, береке-бірлігі арта беруіне біз де тілектеспіз.
Онымен қоса, Ақүйіктің қарбызы экспортқа шықты. Көптен күткен Жаңақорғанның қарбызы да экспортқа жол тартты. Биылғы қарбыздың алғашқы өнімін Ақүйіктегі шаруалар жинауды бастап, бірер күнде экспортқа шығатын қарбыз тек ел нарығын ғана емес, Ресейге жөнелтілуге дайын тұр. Алдымен диқандар Ресейдің Тюмень қаласына артып жіберсе, ары қарай бағыт ала береді. Айта кететіні, биыл 35 гектарға «Нұрбақыт» шаруа қожалығы қарбыз дәнін тастады. Шаруашылық төрағасы Самат Өсербайұлы Абылбеков. Диқандар биыл қарбыздың холлар сортын екті, жалпы әр гектарынан 70 тонна өнім алуды жоспарлап отыр. Әзірге нарық бағасы 65 теңгеден сатылуда.Жаңақорған ауданында шаруалардың ісі ширақ. Мұның барлығын тізбектеп отыруға біраз уақыт кететін секілді. Бастысы елім деп жүрген азаматтар жасаған шаруасына тиянақты болып, тұрғындардың көңілінен шығу. Қазір не көп? Мемлекеттен қолдау көп. Әсіресе жастарға берілген қолдаулар, мүмкіндіктер жетерлік.
Айта кеткен жөн болар, биыл Қызылорда облысында 600-ден астам азаматқа «Мен кәсіпкер» жобасы аясында қызмет көрсетіп, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша бірнеше өнім түрлері шығады деп күтілуде. Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов айтқан болатын. Бұл қандай жоба, оның мақсаты не? Биыл кәсіпкерлікпен айналысамын деген азаматтарға, кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау тетіктері енгізіліп жатыр. Қаржылай қолдау тетіктеріне 2,5 пайызбен жастарға берілетін несиені, «Ауыл аманаты» бағдарламасын айтуға болады. Ал қаржылай емес қолдау тетігіне биыл басталған «Мен кәсіпкер» жобасын атап өткен жөн.
«Мен кәсіпкер» – «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында жүзеге асырылып жатыр. Ол жаңа жоба. Бірнеше саланы қамтиды. Жобаны «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүзеге асырып жатыр, – деді Пірмұхаммед Сыздықов. «Мен кәсіпкер» – жобасы бірнеше саланы қамтиды. Негізгі екі бағыты бар: әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы, кәсіпке бағыт.«Бір ауыл – бір өнім» жобасы «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы» бағыты аясында іске асады.
«Бұл қыз-келіншектерге арналған жоба. Оның шартының бірі – шикізат жергілікті өнім болуы керек. Негізі бұл жоба пилоттық тұрғыда төрт облыста жүзеге асқан. Былтыр Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау облыстарында іске асты. Биылдан бастап барлық өңір қатысады. Сол себепті, идеясы бар немесе жобасы дайын, қалай жүзеге асыруға болады деген қыз-келіншектерге қолдау көрсетеміз»,– деді облыстық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Наталья Мишукова.
Жоба ауданда қалай жүзеге асады? Бұл жөнінде «Атамекен» Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының Жаңақорған аудандық филиалының директоры Асылжан Жолдасбеков жауап берді.
«Мен кәсіпкер» құралы бойынша оқыту екі бағытта жүзеге асырылады. «Кәсіпке бағыт» ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлердің кәсіпкерлік әлеуетін арттыру мақсатында құзыреттіліктерге оқыту мен салалық (бейіндік) оқытуды қамтиды. Екінші, «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары» бағыты бойынша оқыту кәсіптік және бизнесоқытуды, дәстүрлі қолөнер түрлеріне оқытуды, әлеуметтік кәсіпкерлікке оқытуды және кәсіпкер әйелдер мен кәсіпкерлік бастамасы бар әйелдер үшін қаржыландыру (краудинвестинг, Инвестициялар, гранттар, лизинг) тартуға үйретуді қамтиды.
Демек, тағы бір жоба шағын кәсіпкерліктің шырайын кіргізеді деп күтілуде. Бастамасы бар, тек бағытын дұрыс таңдаған жас кәсіпкерлер тың идеяны жүзеге асыра алады. Ендеше, жобаны жүйелі, әрі тиімді пайдалана білейік. Мемлекеттік бағдарламалар ұсынған мүмкіндіктерді дер кезінде пайдалануда, оның халыққа тиімді шарттарын түсіндіруде әлі де жетіспейтін тұстар бар. Мәселен, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша ауданға қарасты 7 елді мекенге мүлде қаржы қаралмаған. Енді екі жылдан кейін спутникті ауылдарды қаржыландыру тоқтауы мүмкін. Спутникті және тіректі елді мекендер тізіміндегі ауылдар бағдарламаның артықшылықтарын пайдаланбаған.