Kyzylorda-news.kz. Ұшқыр ой мен есепті талап ететін, ойнасаң қызығына тоймайтын ата-бабаларымыз қалдырған ойындардың бірі – тоғызқұмалақ. Жалпы, тоғызқұмалақ – шахмат,  дойбы ойындары сияқты адамнан шыдамдылықты, салқынқандылықты,  терең және логикалық ойлауды қажет ететін ақыл-ой спорты. Сондай-ақ, бұл ойынның басқа ойлау ойындарынан бір ерекшелігі,   тең ойын өте сирек кездеседі. Елімізде соңғы жылдары тоғызқұмалақ ойыны қарқынды дамып, бұл ойынды ойнайтын азаматтар, әсіресе жастардың қатары едәуір артқан. Әрине, бұл ойынды жай ғана ойын емес, ақыл-ойды ширататын таптырмас құрал деуге болады.

Осы орайда Жаңақорған ауданында осы тоғызқұмалақтан биікті бағындырған, кәсіби түрде айналысатын азаматтар баршылық. Солардың бірі – 25 жастағы аудан тұрғыны Ермұхаммед Әлайдар. 

Ол аудан орталығындағы №51 мектепті бітірген соң колледжде оқып, экономист мамандығы бойынша білім алды. Өзі мектепте есепке жүйрік, математиканы үздік меңгергенімен ерекшеленіп, ұстаздарының үмітін ақтады. Мамандығынан бұрын бала жастан жүрегі қалаған тоғызқұмалақ ойынына бет бұрған ол кейін Шымкенттегі көп салалы гуманитарлы университетке оқуға түсіп, денешынықтыру факультетін тәмамдады. 

Тоғызқұмалақтан алғаш 2014 жылы Қазақстан чемпионатында үшінші орын алып, спорт шеберлігіне үміткерлікке өтті. 2019 жылы Оралда өткен Қазақстан чемпионатында спорт шебері, Көкшетауда өткен Азия чемпионаьында Күміс және қола жүлдегері атанды. 

Ал, кеше 22-28 қарашада өткен Әлем чемпионатында халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. 

«Мен тоғызқұмалақ ойынына алтыншы сыныпта оқып жүргенімде келдім. Бұл ойын нағыз баспен ойланып, қиялмен қорытып, дұрыс шешім таба білуге үйрететін үлгілі тәсіл болып табылады. Спорт мектебінде бұл бөлімнің жаттықтырушысы Қасым ағайымыз ерінбей-талмай сайыс сырын түсіндіріп, дараларды анықтауға көп күш-жігерін арнады. Дұрыс сараптау жасап, бізді үлкен деңгейдегі сайыстарға қатыстырып отырды. Біз де ұстаз еңбегін ақтай алғанымызды мақтаныш етеміз», – дейді ол. 

Сайысқа әлемнің 20 елінен спортшылар қатысыпты. Олардың қатарында Колумбия, Чехия, Моңғолия, Америка да бар. Ермұхаммедтің жеңісі – бұл ауданның мерейі, екіншіден Жаңақорғандағы №7 олдимпиадалық резервтік спорт мектебінің жемісі. 

Ермұхаммед қазірде аудандық спорт мектебінде тоқызқұмалақ бөлімінде жаттықтырушы. Ұстазы Қасым Шертайұлы зейнетке шыққанда орнына өзін тағайындап кеткен болатын. Ол ағалар аманатын адалдықпен жалғап, туған жердің намысты ұл-қыздарын төл спортымызға баулуда табанды тер төгіп келеді. 

«Менің алдымда тоғыз жастан бастап таңдап алған шәкірттерімнің қатары қырыққа жуықтады. Жалпы, үміткерлерді қабылдауда жақсы оқиды, нашар оқиды деген көзқарас болмау керек. Тілін тапса баланың бәрі дарынды. Сәби санасы әлі ашылмаған тылсым әлем, оған қозғау салып, жүрегіне қызығушылық ұялата алсақ талай дарынның көзі ашылары күмәнсіз», – дейді  Ермұхаммед Әлайдар.
 

317739863_845500886490458_142414109238142729_n.jpg

Тағы да оқыңыз: