Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған ауданында жас кәсіпкерлерге арналған мемлекеттің кезекті қолдауы, яғни 2,5 пайыздық несие туралы жазып та, айтып та келеміз. Жоба мақұлданып, құжат қабылдау сәуір айына дейін ұзартылған. Енді міне құжат қабылдау басталды. Қандай құжат керек және кімдер қатыса алады? Бұл жоба бойынша Жаңақорғандық жастардың белсенділігі қандай?
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның жастарды шағын несиелеу бағдарламасына қатысуға кез келген жас құқылы. Бұл бағдарлама ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде жүзеге асады.Аграрлық несие корпорация жастарға шағын несие беру бағдарламасы шеңберінде сенім білдірілген өкіл (агент) ретінде құжаттарды қабылдау, бизнес-жобаны бағалау, несие және кепіл туралы келісімдерді дайындау, несие сомасын қарыз алушыға беру, несиенің нысаналы пайдаланылуын тексеру, қарыз алушымен есеп айырысуды жүзеге асыру, қарыз алушыдан төлем қабылдау, мерзімі өткен берешекпен жұмыс және уәкілетті органдарға есеп беру әрекеттеріне жауапты.
Шағын несие 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Өтініш берген сәтте жастардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелген уақыты 5 жылдан аспауы керек. Бағдарламаға жұмыс істейтін жастар да қатыса алады. Енді несиелеу шартымен таныс болайық. Жалпы несие көлемі 5 млн теңгеге дейін, сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5 пайыз. Несие мерзімінде мал шаруашылығын дамытуға – 7 жылға дейін, бизнестің басқа бағыттары үшін – 5 жылға дейін деп көрсетілген. Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу кезінде шағын несие мерзімінің үштен біріне дейін жеңілдік кезең қарастырылған.
«Несие кепіл мүлікпен қамтылуы міндетті. Кепіл ретінде жылжымалы (арнайы техника) және жылжымайтын мүлік қабылданады. Кепіл мүлік болмаған жағдайда кепіл берушіні (ата-аналарын, туыстарын және т.б.) тартуға болады. Өтінім беру үшін құжаттарды "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ филиалына тапсыру қажет.Қажетті құжаттар тізімі: жеке басын куәландыратын құжат, жоба бойынша бизнес-жоспар, қызмет көрсететін банктен шоттың бар екенін растайтын анықтамалар, қаржы ұйымдарынан (несие болған кезде) несие берешегінің, оның ішінде мерзімі өткен берешектің болуы туралы анықтама, қатысушының/үміткердің жалақысын және (немесе) өзге де табыстарын растайтын құжат (жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірме). Сондай-ақ, кепіл мүлікті бағалау туралы есеп пен кепіл беруші және кепілмен қамтамасыз ету жөніндегі құжат қажет», – дейді «Атамекен» Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының Жаңақорған аудандық филиалының директоры Асылжан Жолдасбеков.
Шағын несие беру туралы шешімді комиссия қабылдайды, оған мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың, "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының, кәсіпкерлер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіреді. Үміткерлер өздерінің бизнес-жобасын комиссия отырысында таныстырады, комиссия ол бизнес-жобаларды бағалап, неғұрлым болашағы барын таңдайды. Жоба өзекті, дәлелді, экономикалық негізделген, әлеуметтік маңызы бар, өміршең және оның нақты іс-қимыл жоспары болуы керек.
Қазір шағын және орта бизнесті қолдау бағытында мемлекет тарапынан берілетін жеңілдік жетерлік. Қайтарымсыз қаржы, яғни гранттың екі түрі мен жеңілдетілген несие осының айғағы. Биылдан бастап жас кәсіп иелеріне 2,5 пайызбен несие беру жобасы мақұлданып, құжаттар қабылданып, сәуір айында берілу жоспарлануда. Ең бастысы, бизнес жоспарыңыз бен кепілге қоятын мүлкіңіз болса болғаны. Бірақ биыл облыс бойынша 250-ден астам жас пен 600-ден астам ауыл азаматы аталмыш жобаның игілігін көреді деп жоспарлануда. Саны шектеулі, ал, жалпылама тағы бір жеңілдік түрі бар. Ол – 6 пайыздық несие.
Бұл бағдарламаның игілігін халық көріп, нәпақасын да айырып отырған жайы бар. Жобаның Жаңақорғандағы ахуалын білу мақсатында тағы бір зерделеуді көздедік. Өйткені, бұл несие түрін әлі де білмейтіндер көп көрінеді. Оны қалай алады, кімдерге беріледі? Осы сауалдар төңірегінде “Атамекен” Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының Жаңақорған аудандық филиалының директоры Асылжан Жолдасбековпен байланыстық. –Бұл жеңілдікке кез келген кәсіпке ынталы адамдар қол жеткізе алады. Ол үшін алдымен несие тарихы таза болуы керек. Кепіл мүлкі болуы тиіс, кепілге қойылатын мүлік біреудің атында болса да болады. Тек иесі келісім беріп, нотариат арқылы рұқсат берсе ғана құжат қабылданады. Несие 5 жылға беріледі, ал, мал шаруашылығы болса 7 жылға дейін созылады. Қаржы алғаннан кейін 6-12 айға дейін жеңілдік кезеңі бар, яғни, осы аралықта кәсіпкерлерге мүмкіндік беріледі. Бизнес өз-өзін ақтағаннан кейін барып төлей бастайды. Егер мүлік ауылдық жерден болса, кәсіпкер мүліктің бағаланған құнының 50 пайызын ғана алады, ал, аудан орталығынан болса 60-70 пайызына дейін ала алады. Мәселен, кенттегі мүлік құны 10 млн болса, соның 6-7 млнға дейін нисие алуға құқы бар, – деді аудандық филиал директоры. Бұл несие кәсіпкерлік бағытында, осыны әлі түсіне алмай жүргендер бар. Тұтынушылық несие ол бөлек. Оны кез келген банк бере береді. Қаржыландыру көзі Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы, екінші көзі “Аграрлы” несие корпорация арқылы беріледі. Шарттары осы, ең негізгісі, қаржы мақсатты жұмсалуы тиіс. Жалпы біздің ауданда алушылардың саны жыл сайын артпаса, кеміген емес. – Біздің аудан аграрлы саласы дамыған аймақ болғандықтан, кәсіпкерлер көбіне мал шаруасын бағытқа алады. Сондай-ақ, құрылыс саласы мен жаңа жобаларға да несие алушылар көбейді. Грант алып, кәсібін бастаған, бірақ қосымша қаржы жетпей қалған жастар осы жобаға көп иек артады. Бұл бүгінгі ауданның бағыт-бағдары.
– Сіздердің мекеме тарапынан қандай қызмет қарастырылған?
– Біз осы жеңілдетілген несиеге құжат өткізетін жандардың құжаттар жинақтауға, бизнес планын жазуға, тиісті мекемеге дейін алып барып, жауапты мамандарға жолықтыруға жұмыс жасаймыз. Әрі, әкімшілік кедергілер болса сол бойынша мәселені шешуге, алдын алуға тырысамыз, қаржы ұйымдармен бірлесе отырып мән-жайды анықтаймыз. Бізде басқа да сервистік қызмет түрлері бар, салық есептіліктерді тапсыру, мемлекеттік сатып алу бойынша және басқа да қызмет түрлері жеткілікті. 6 пайыздық несие дегенге қазір қырын қарайтындар бар. Өйткені, көбісі 5 млн теңгенің гранты мен 2,5 пайыздық несиені алуға ниетті. Әрине, бұл да дұрыс таңдау. Дегенмен, нағыз мұқтаж болып, кәсібіңізге керек болса неге 6 пайыздықты алмасқа. Мемлекет берген кез келген жеңілдікті ұтымды пайдаланып қалған әлдеқайда дұрыс. Әлемдегі дамыған елдердің негізгі экономикасы шағын бизнес өкілдері. АҚШ, Жапония, Франция сынды елдердің нарығында шағын кәсіптің көкжиегі кең. Алысқа бармай-ақ, көршілес өзбек ағайындары да осы жолды жүйелеп алған. Олардың басымдық берген саласы ауылшаруашылығы мен құрылыс қуаты. Бізде шағын кәсіпкерлік ендіенді еңсе көтеріп, жаңа жобалар жүзеге асып келеді. Біздің ауданның өзінде әжетхана қағазын өндіретін, сабын шығарып, желім жасайтын шағын цехтар жұмыс жасайды. Міне, осындай бизнес әлеуетіне мүмкіндік берген абзалырақ болар еді. Кеше Мемлекет басшысы VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясында ел дамуына үлес қосатын кәсіпкерлердің жаңа толқынын қалыптастыру қажет екенін айтты. Биылдың өзінде жастар мен ауыл азаматтарына 2,5 пайызбен несие беру үшін облысқа 4,3 млрд теңге бөлінді. Бұл – үлкен қолдау. Кәсіп бастаймын деген азаматтар үшін жақсы мүмкіндік. Сол секілді біз бүгін сөз еткен 6 пайыздық несие де жақсы демеу болады. Тек тетігін табуға тиістіміз, ол үшін мүлік тауып, жоспар жүгіндесек болды. Қалай десек те, жеңілдетілген несиенің пайдаланып, бір кәсіпті күйіттеп алған жөн. Ендеше, шағын кәсіпке көбірек мән беретін кез келді.
Әсіресе, «Қарапайым заттар экономикасы» – отбасылық бизнесті дамытудың тиімді тетігі, яғни күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік, киім-кешек, құрылыс және т.б заттарды өндірісімен етене байланысты. Осы себепті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік бағдарламаға екпін беріп, өңір-өңірде дамытуды тапсырды.
Үкімет «қарапайым заттар экономикасын» дамыту мақсатында арнайы қаулы қабылдады. Аталмыш қаулы негізінде елімізде құрылыс индустриясы, жиһаз, тамақ, жеңіл және қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі 2022-2023 жылдарға арналған жол қартасы әзірленді.
Бағдарлама екі бағыттан тұрады: біріншісі, кәсіпкерлікке жеңілдетілген несие бөлу, екіншісі, жоғарыда аталған өнеркәсіп салаларын дамыту. Жеңілдетілген несие бойынша банктер кәсіпкерлерге 7 жылға 15 процентпен несие береді. Қайта өңдеу жобалары бойынша оның 7 проценті «Даму» қоры арқылы субсидияланады. Ал, агроөнеркәсіптік кешендегі өндіру бойынша оның 10 проценті ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы субсидияланады. Сонда іс жүзінде кәсіпкерлер несиені 8 және 5 процентпен өтейді.
Сыр өңірінде бағдарламаны іске асырылуына жәрдемдесу мақсатында Кәсіпкерлер палатасы жанында Жобалық кеңсе құрылды. Жобалық кеңсе құрамына Кәсіпкерлер палатасы, облыстық кәсіпкерлік және туризм, индустриялық-инновациялық даму, ауыл шаруашылығы басқармасы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, екінші деңгейлі банк филиалдарының басшылары енді.
Бізде өз кезегінде аталмыш бағдарлама аясында кімдер жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алатындығын білмек мақсатта аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінен білдік.Сала басшысының сөзінше, бағдарламаға жеке кәсіпкерлік субъектілері, яғни, шағын, орта және ірі бизнес өкілдері қатыса алады.
– Негізі несиенің сыйақы мөлшерлемесі жылына – 15 процент. Оның 7 процентін мемлекет субсидиялайды. Ауыл шаруашылығы саласында кейбір жобаларға субсидия 10 процент. Кәсіпкерлерге ақырғы сыйақы мөлшерлемесі – 8 процент. Ал, кейбір ауыл шаруашылығы өнімдеріне – 5 процент. Кредит беру және субсидиялау мерзімі қоса алғанда 7 жылға дейін. Несиелер инвестициялық мақсатта (жаңа өндіріс немесе жұмыс жасап тұрған өндірісті кеңейту) 70 пайызға дейін және айналым қаражатын толықтыруға – 30 процентке дейін, – деді ол.
Сондай-ақ қаржыландырылатын негізгі басым жобаларды да атады. Оның ішінде; агроөнеркәсіп, азық-түлік өндірісі, жеңіл өнеркәсіп, жиһаз және үй тауарлары өндірісі, құрылыс материалдары өндірісі саласына бағытталған.Сала басшысы өз сөзінде «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту шеңберінде жеңілдікпен несиелеу бағдарламасын облыста іске асыруға 7 банктің филиалы қатысатынын тілге тиек етті. Олар «Халық банк», «Сбербанк», «АТФ банк», «ForteBank», «Центр Кредит банкі», «Цесна банк», «Еуразиялық банк».Қаржыбек Бүркітбаевтың сөзінше, Сыр өңірінде бағдарламаға белсенді қатысып отырған ауданның бірі – Жаңақорған ауданы. Бүгінде қаржы институттары жаңақорғандық кәсіпкерлердің 14 жобасын мақұлдап, 264,1 миллион теңге көлемінде қаржы берді. Қаржының басым бөлігі мал шаруашылығы, оның ішінде, мал бордақылау, ет дайындау, мал басын көбейтуге бағытталдыБағдарламаның игілін көргеннің бірі – «Сұлтантөре» шаруа қожалығының төрағасы Қайсар Төлегенов. Ол 53 миллион теңгеге 122 жылқы бас алып, жылқы шаруашылығын дамытуды қолға алды.
Енді азық-түлік түрлерін өндіріу, киім-кешек дайындау, құрылысқа қажетті материалдар шығару және түрлі жиһаздарды өндіруге мән беру маңызды. Себебі карантин кезі біздің экономика импортқа тәуелді екенін көрсетіп берді.