Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған ауданының азаматы, жас кәсіпкер кент орталығындағы Абдулла Алтый Сүлеймен көшесінің бойына жас кәсіпкер Асан Алкеевтің демеушілігімен арнайы қоқыс тастайтын темір жәшіктер қойып, көпшіліктің ықыласына бөленді.
- Қасиетті Құрбан айт мұсылмандар мерекесіне орай Биылғы садақаны осылай жасауды жөн көрдім. Кенттің әрбір азаматы тазалыққа бетұруы керек. Қоқыстар көшеде шашылып жатпай, арнайы жәшіктерге тасталуы керек" деген пікірін білдірген Асан Сұлтанбекұлы жәшіктердің тезарада жасалып бітілуіне үлес қосқан Қалымбетов Дәулет есімді дәнекерлеушіні де айта өтті. Кешегі мәслихат депутаттарының сайлауы науқанында жігерлі жастарды көріп, рухымыз бір серпіліп қалғаны жасырын емес. Елдің негізгі қозғаушы күші жастар екені де даусыз. Көптің ықыласына бөленген Асан Алкеев есімді ең жас үміткердің насихаттық жұмысында қоғамдық көліктердің мәселелесін көтеру де тегін емес екен. Қасиетті құрбан айт мерекесінде кенттегі барлық бағыттағы қоғамдық көліктерді әр жұма сайын тегін ұсынуды бастап кетті. Біз осы жаңалықты ести сала әр бағыттағы маршутқа мініп, халықтың көңіл-күйін байқап қайттық. Жаңақорған кенті 226,6 км. аумақты қамтитын облыстағы ең үлкен кент. Мұнда үш бағытта қоғамдық көліктер қатынайды. Біз ең ұзақ жол кестесін түзген КТУ маршутына жайғасып, елдің пікірін тыңдадық. Рамазан айы басталғандықтан халықтың көбі ауызашарға қажетті азық-түлік алуға орталық базарға бет алған. Рамазан айында есен-саулық сұрасқан ел әр жұма сайын тегін көлік жүргізіп жатқан жастарға алғыстарын жаудырды. Соның бірі – Құттығыз Байділлақызы: – «Жастарыңды көрсет, ертеңіңді айтайын» демей ме? Біздің арамызда қоғамның қамын ойлайтын, иманды ұлдардың бары қуантады. Кешегі сайлауда есімі есте қалған жас Асан Алкеевтің отбасына, ата-анасына рахмет айтамын. Болашағынан үлкен үміт күтеміз, –деді. Қуанышты жаңалықты естіген қария Айқожа Балтабаев та риза болып, батасын берді. Ақиқатын айту керек, бұл игі іс жеке кәсіпкердің өз қаражатына ұйымдастырылады. Бұған жергілікті билік өкілдерінің ешқандай жауапкершілігі жоқ. Алла разылығы үшін игі амал жасап жатқан Асан Алкеев: « Кешегі сайлау науқаны кезінде Рамазан айында қоғамдық көліктерді тегін жүргіземіз деп айтқан болатынмын. Осы уәдемізді орындау мақсатында достарыммен бірге әр жұмада игі амал жасауды жөн санадым. Біздің ниетіміз қолдан келген кішкентай болса да көмекті бөлісу, ағайынның батасын алу. Достарым да бұл идеямызды қолдап, әр жұмадағы істі қолдауға ниеттерін білдіруде. Бізге елдің ризалығынан артық ештеңе керек емес! Еліміз үшін күш біріктіріп, халықты сауаптылыққа, имандылыққа бағыттағымыз келеді, – дейді ақ жүрек жас ағынан жарыла.
Іскерлігімен елге танылып, кәсібін дөңгелетіп жүргізумен қатар көмекке мұқтаж азаматтарға қол ұшын созып, жанашырлық танытып, көпшіліктің ыстық ілтипатына бөленіп жүрген туған жерден түлеп ұшқан азаматтар аз емес. Міне, осындай жанның бірі, жерлесіміз Сабыржан Зайнидинов. Атақ пен даңқты жаны сүймейтін қарапайым тұлғаның әрбір ісі ілкімді, шаруасы мығым, кәсібі кісі қызығарлық, пайымпарасатына жан сүйсінеді. Әсілінде, адамның адамшылығы–мейірімі мен көңіл шуағының өзінен артылып, өзгеге сәулесін түсіруінде, ары мен жанын ізгілікке толтыра білуінде сияқты. Міне, туған жеріне ғана емес, тұтас қазаққа қамқорлық жасауда қарым-қабілетін жұмсап келе жатқан біздің кейіпкеріміз былай дейді:
– Кәсіпкер болудың өз қыр-сыры бар. Өзіңнің тырнақтап жинаған қаражатыңа, әрбір басқан қадамыңа есеп беріп, бақылап отырмасаң бір күнде еткен еңбегің еш кетуі мүмкін. Әрине, тиыннан теңге құрау оңай болмады. Ал, теңгені еселеп өсіру тіптен қиын. Әр теңгенің қадірін білдік, нарықты әбден зерттеп, біліміміз бен тәжірбиемізді үнемі жетілдіріп отырдық. Кәсіпкер ешқашан қателесуден қорықпайтын, кеткен қателіктен ой түйіп қоймай, еңбек ету арқылы нәтижеге қол жеткізе алатын адам. Сәтсіздікке ұшырап, бастаған ісін тастап кететін жандар шынайы кәсіпкер бола алмасы белгілі. Өзгелердің жетістігіне қызығып, менің жұмысым неге өрге баспады деп қаймығуға мүлдем бой алдырмаған дұрыс.
Сонымен қатар, кәсіп бастамақ ниеттегі адам өзінің ресурстарына қарай білуі керек. Нақтырақ айтқанда білім, күш, ақша, таныстық, қабілет-қарымын есептей біліп, үлкен тәуекелдер мен сәтсіздіктерге дайын болуы қажет. Кез келген нәрсені түсіндіру үшін салыстырмалы мысалдарға жүгінеміз. Қазіргі кәсіпкерлердің үлкен өкілдері бизнесті майдан деп түсіндіреді. Майданда адам – стратегиясын таңдап, қауіп-қатерлерден аман қалудың жолдарын барынша ойлап жүретін болса, бизнесте де дәл солай деген сөз. Жеңіл жеткізу үшін әйгілі кәсіпкер Стив Джобстың «Бизнес дегеніміз – аз ғана қағидалардан тұратын қызықты ойын» деген сөзін қолдансақ болады.
Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде айтады: «Қолыңнан ештеңе келмесе, ең болмаса жылы жүзбен күліп амандас. Соның өзі садақа», – деп. Қайырымды адам қашанда тура жолда жүріп, адамгершілік қасиеттерді бойына жұмылдырады. Қайырымы кең қазақ сынды халықтың әр баласы әлсізге қол ұшын созып, көмек беруге дайын тұрған. Мейірімді, бауырмал, көмекке дайын тұратын абзал адамдар әркез қоғамның негізгі тірегі. Жақсылық жасау имандылықтың, тәрбиеліліктің, парасаттылықтың айқын көрінісі. «Не берсең де балаға бер, бала үшін жаса» деген халқымыздың игі дәстүрі қазіргі кезде қайырымдылық қоғамдарының істәжірибелерімен жалғастырылып келеді. Сол игі істі менде қолымнан келгенімше атқарудамын.
– Жалпы, қайырымдылық – сауапты іс. Дегенмен қоғамда «Шық бермес Шығайбайлар» аз емес. Жалпы, қайырымдылық өзі жүре келе пайда болатын нәрсе ме, әлде тәрбиеден бе?
– Қазақта «уызына жарымаған» деген сөз бар. Осы сөздің астарында терең мағыналы тәрбие бар деп ойлаймын. Жоғарыда сіз мысалға келтірген Шығайбайлардың көбісін осындай топқа жатқызар едім. Көбіне адал еңбегімен емес, түрлі көлденең табыстармен байыған адамдар өте сараң келетінін көріп жүрміз. Ондайлар қолындағысынан бір тиын артық шықса кедейленіп қаламын деп ойлайды.
Өзім әке-шешемнің тұңғышы болғандықтан, көбіне атамның тәрбиесінде өстім. Сол кісі «Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді, жақсылық көрсең де, жамандық көрсең де сабыр ете біл», – дегенді жиі айтып отыратын. Ол кісі «Құдай біреуге байлық береді, бірақ кілтін аспанға іліп қояды екен. Құдай сондай байлықтан сақтасын», – дегенді аузынан тастамайтын. Сол сөздер санамызда бала кезімізден жатталып қалған. Көп қазақ, әсіресе ауылды жерде өскен жігіттер осындай тәрбие көріп өсті. Сондықтан қайырымдылық пен мейірім және жомарттық деген нәрсе ұлттық тәрбиенің негізгі ұстын-дарының бірі деп ойлаймын.
– Артыңыздан еріп-келе жатқан жастарға қандай да бір бағытбағдар беру немесе дәріс оқу сынды ойларыңыз жоқ па?
– Осы тұста айта кетейін, біздің негізгі бағытымыз қайырымдылық қой. Әйткенмен, көпшілігі берген азықтүлікті ішіп-жеп, ертесіне қайтадан алақан жайып отырады. Алла Тағаланың берген ризығын игілікті жолға жұмсап, мұқтаж жандарға қол ұшын созуды өмірімнің бір бөлшегіне айналдырғандаймын. Әрине, сауап көзге көрінбейтін нығмет. Алайда Алла алдына барғанда абыройыңды асқақтатады. Бұл дүниеде кәсібіңе береке береді. Мен мұндай істі жұрт «Асан меценат екен», деп айтсын деген оймен жасамаймын. Жомарт жан бергенін айтпайды демекші, «Оң қолың берген садақаны сол қолың көрмесің» деген хадис бар. Түптен келгенде жомарттықтың негізгі өзегі – қайырымдылық. Алланың разылығын тапқым келеді, – деді ол.
Сондай-ақ, Асан белсенді жастарға, жалғыз басты қарттар мен аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандар мен көп балалы үйлерге қол ұшын созып, қайырымдылық акцияларына көмек көрсетіп тұратын тұрақты қолдаушылардың бірі.
Түйін. Мәдениеті дамыған елдерде қоғамдық көліктер тегін жүрген күндері халық та сол құрметке сай әлеуметтік мәдениетін жоғары екенін білдіру үшін, көлік жүргізушілеріне доңғалақ ауыстыруға, көлік тазалауға қолғабыс етеді. Мұны олар өзінің қоғам алдындағы жауапкершілігі ретінде қабылдайды. Ал бізде ше? Сондықтан әрбір қоғамдық көлікті өзіміздің дүниеміздей аялап, ішінде тазалықты сақтап, сөзіміз бен іс-әрекетімізді түзесек, бейпіл әңгімеден нақты іске кіріссек, қоғам үшін үн қосқан болар едік-ау! Құрбан айт мерекесінде сауапты іспен де, салауатты іспен де ерекшеленетін ай екенін естен шығармасақ игі.