Kyzylorda-news.kz 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Жаңақорған ауданында аға буын өкілдеріне құрмет көрсетуге бағытталған тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Жаңақорған ауданының әкімі Ғалымжан Жарқынбектің қолдауымен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің есебінде тұрған қарт азаматтарға рухани-танымдық саяхат ұйымдастырылып, олар Түркістан облысындағы Арыстанбаб кесенесі мен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті. Сапар барысында қариялар тарихи-мәдени орындарды аралап, рухани тағылым алып, мазмұнды демалыс өткізді.
Сондай-ақ бүгін Жаңақорған кентіндегі «Ар Меди» мейрамханасында «Қарты бар ел – қазыналы ел» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылады.
Тағылымды басқосудың негізгі мақсаты – ел ағалары мен ақ жаулықты әжелерге құрмет көрсетіп, олардың өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа үлгі ету, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, үлкенге ізет, кішіге құрмет қағидатын нығайту.
