Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған төрінде 1-мамыр достық мерекесіне орай көкпардан облыс чемпионатының кезекті жалауы желбіреді. Дәстүрлі шабандоздар додасына кіл сайдың тасындай сақа спортшылар қатысып, өз бақтарын сынады. Жүлдегерлерге және жекелей жігіттерге де сый-құрмет көрсетілді.Жалпы көкпаршылардың чемпионаты бізде өтуі тектен-тек емес. 

Басты себеп облыс құрамасының негізін жаңақорғандықтар құрайды. 13 жылдан астам ат спортынан аймақтың абыройын асырып келе жатқан шабандоздардың ізін жалғайтын жастар да аз емес. Солардың көшін осы чемпионатта анық байқадық. Өйткені, бұл біріншілік облыс құрамасына іріктеуге арналғаны ескертілген. Сондықтан жастар барын салды.

– Иә, бұл жарыстың басты мақсаты алдыда өтетін ел чемпионатына құрама жасақтау. Әрине, жігіттер баршылық, бірақ өсіп келе жатқан жастар арасынан да тасада жүргендер барын білгіміз келді. Сондықтан, бүгінгі бәсекеде білекті оғландар білгенінен жаңылмауға тырысады, – деді аймақ ат спортының білікті жаттықтырушысы Исламхан Боранбаев.

Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы және спорт ардагерлері Омар Төлегенов, Серік Мұсабаев, Мадияр Ахметов және Мәметәлі Жаденов көкпаршыларға сәттілік тіледі. Сонымен Сыр көкпаршыларының сайысына «Қайсар», «Сунақ Ата», «Қыр Өзгент», «Тау тарландары», «Сығанақ», «Түгіскен» сынды командалар қатысып, жеңіс үшін бар күш-жігерлерін ортаға салды. Әрбір бәсеке тартысқа толы болғаны рас. Жарыстың негізгі фавориті қайсарлық жігіттер еді. Өйткені, олардың басым көбі облыс намысын қорғап келе жатқан әккі спортшылар болатын.

Аймақта алғаш рет ұйымдастырылып отырған бәсекеде биылғы ел чемпионатына  бағын сынап, бәсекелестігін көрсеткендер ерекше дайындықпен келген.Алдымен жастар аударыспақтан сынға түсті. Кейбір салмақта спортшы саны да аз екені көрінді, мәселен, 52 келіде сынға түскендер арасында жаңақорғандықтар ғана болды. Ақтық сынға шыққан Диас Әбден алтын тұғырға көтерілсе, Үрнұр Усербай күміс медалді қанағат тұтты. Ал, нағыз тартыс 57 келідегі спортшылар арасында өрбіді. Жаңақорған, Сырдария және Жалағаш ауданының спортшылары осы салмақта нағыз мықтыны анықтауға тырысты. Жартылай сында қарсыласқа жол берген жаңақорғандық Абсаттар Амангелді мен жалағаштық Алмат Қалила қолаға қол созды. Ақтық сынға жолдама алған Әли Мұқағали мен Баубек Әбділла 57 келінің үздігін анықтады. Алтын жаңақорғандық балуанның еншісіне кетсе, күміспен сырдариялық спортшы күптелді.

65 келіде облыс намысын ірі додаларда қорғап жүрген Диасқожа Мұзарапқа тең келер ешкім болмады. Барлық қарсыластарын ат үстінен тайдырған ол ақтық бәсекеде жерлесі Нұрдаулет Байсейітпен кездесті. Қарсыласы да осал емес екен, десе де жеңіс Диасқожаның уысында кетті.

– Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Барлық спортшылардың дайындығы жақсы, осыдан-ақ, Қызылорда ат спортының дамуын көруге болады. Шүкір, алтыннан алқа тағындым, бұйырса ел біріншілігінде де осы тұғырдан көрінсем деген мақсатым бар. Бапкерлерге алғыс айтамын, – деді чемпион.

Үшінші орын Шиелі спортшысы Нұрбол Зұлыпхарұлы мен сунақаталық Бексұлтан Ақыновқа бұйырды. 72, 79 және 85 келі салмақта жеңімпаздар жаңақорғандық спортшылар. 79 келіде Дәулет Ағайдар, 79 келіде Шадияр Жантемір, 85 келіде Балғынбек Медетбек алтынмен қуантты. Тек 85 келіден жоғары салмақта сырдариялық Ұлан Гараяев қарсылас шақ келмеді. Ақтық сында Шиелі спортшысы Ізбасхан Тұрсынбайды жеңді, қола жүлде Қызылорда қаласының балуаныАбай Әбжановқа бұйырды.

– Аймақтық іріктеу жарысы биыл алғаш рет өткізіліп отыр. Қолдау тапса жыл сайын өткізілетін болады, өйткені жастарды өсіретін жарыстар мен осындай бәсі биік турнирлер. Байқағанымыз, басқа ауданнан келген спортшылардың да деңгей өсіп келеді. Бірінші және екінші орын алған жастар шілдеде Павлодар қаласында өтетін ел чемпионатына қатысады, ал жасөспірімдер тамыз айында Қарағандыдағы біріншілікте бақ сынайтын болады. Жастарға үміт артамыз, – деді көкпардан облыс құрамасының жаттықтырушысы, әрі Жаңақорған командасының Сламхан Боранбаев.

Аударыспақтан Жаңақорған еншісінде 6 алтын, 3 күміс және 2 қола бар. Екінші орын Сырдария еншісінде 1 алтын, 1күмісті еншіледі, Жалағашта 2 күміс, 1 қола, Шиелі жігіттерінің еншісіне 1күміс, 1 қола түссе, Қызылорда мен Сунақатаға бір-бір қола жүлде бұйырды.

Жарыстың келесі күні көкпардан командалар дүбірге қосылды. Жалпы Сыр өңірінің негізгі құрамын жаңа-қорғандық шабандоздар құрайды. Ересектер болсын, жастар болсын елчемпионатында үздік үштіктен түскен емес. Жамбыл, Маңғыстау, Шымкент және Қызылорда көкпаршылары үнемі бәсекеде жүреді. Бәсекелес мықты, сондықтан біріншілікке тас-түйін бару үшін алдымен командаларды іріктеп, ойыншыларды бір сүзгіден өткізіп алу көзделген облыстық турнирде фоварит Жаңақорған командасы екені белгілі. Десе де, Қызылорда қаласынан келген жігіттер де қарап қалмады, олар ақтық сынға дейін сүрінбей өтті. Тек финалдық сында жол беріп қойды, қола Жаңақорған-2 командасының еншісіне бұйырды.

Жаңақорған құрама командасының шабандоздарын Канат Абылбеков, Асылбек Ауезов және Наурызқожа Әмзеев баптап, топқа қосты.Жаңақорғандықтар асыға күткен көкпаршылар бәсекесінде алтыннан алқа тағынған Қызылорда облысының «Қайсар» құрама командасы болды. Оның да негізін жаңақорғандық жігіттер құрайтынын ұмытпайық. Күміс жүлдеге Түгіскен ауылының «Түгіскен» ұландары иелік етті. Ал қола жүлде Қыркеңсе мен Өзгент ауылдарынан құралған «Қыр Өзгент» құрама командасының жігіттеріне бұйырды.Айта кетсек, көкпардан облыс чемпионатына демеушілік еткен ауылдар болды. Олардың қатарында Қаратөбе, Келінтөбе, Түгіскен, Қожакент, Өзгент, Қыркеңсе, Жаңарық, Байкенже, Қосүйеңкі, Талап, Қыраш, Бірлік, Төменарық, Жаңа ауыл және Жаңақорған кенті қаржылай қолдау көрсеткен.

Дүбірлі додаға қатысқан жеңімпаздар мен үздік ойыншылар аудан әкімінің «Алғыс хаттарымен» марапатталып, облыстық мәдениет және спорт басқармасының дипломдары мен медальдары және демеушілердің ақшалай жүлде қорлары табысталды.

Жаңақорғандық ат спортының саңлақтары көкпардан бөлек, аударыспақ, теңге ілу және жамбы атудан Қазақстан бойынша Сыр өңірін үздік үштіктен түсірмей келеді. Әсіресе, жастардың келеші жарқын. Тек өкініштісі, бізде ат спортына арнайы мектеп қаралмаған. Яғни, заманауи жабдықталған кешендер мен алаңдар жоқтың қасы. Тұлпарлар да көп емес, соның барлығы ел чемпионы болуға кедергі екені айтпаса да түсінікті. Ол уақыттың еншісінде. Жалпы биылғы облыстық чемпионаттан байқағанымыз көкпарға аудан жастарының деңгейі өсіп, әжептеуір бәсекелестік қалыптасқан.

– Біздің басты көздегеніміз көкпардан ұлттық құрамаға жастарды алдыру. Ал, ел чемпионы болуға әлі көп еңбектену керек. Келер жылы жастарға үміт артып отырмыз. Егер тағы үздік үштікке кіретін болсақ, ұлттық құрамаға ойыншылар шақырту алады. Бірақ чемпион атануды мақсат тұтып отырмыз. Осы бастан жаттығуға кірісіп, пысықтай беруге тиістіміз, – деді білікті бапкер.

Биылғы көкпардың көкжиегі осылай көрінді. Бәсеке қалыптасып келе жатқан ортада енді сәл қолдау болса дұрыс болар еді.

Тағы да оқыңыз: