Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған ауданының халқы соңғы уақыттары аллергияның зардабын әбден тартып отыр. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін күн жылына тыныс алулары қиындап, таза ауамен демалу өте қиынға айналған. Бәлкім, жкологиялық ахуалдың да әсері болар. Әлбетте, бүгінде аллергияның кең тараған түрі тұмау тәріздес түшкіріп, мұрны бітіп, жөтеліп, көзі жасайтын жағдайда көпшілік өз бетінше түрлі ем қолданып жүр. Тіпті, дәріханаларда аллергияға қарсы дәрілерге сұраныс көбейген. Шын мәнісінде, аллергияның қандай ауру екенін білеміз бе? Ол неден пайда болады? Одан қалай айығуға болады? Аллергияның екпіні неліктен биыл ерекше боп тұр? Одан құтылудың жолы бар ма? Осы тақырып төңірегінде жан-жақты зерделеп көрген едік.
Мамандардың сөзінше, адам ағзасында иммундық жүйе төмендігінен, ауаның, күннің, сондай-ақ шаң-тозаң, өсімдіктер, тағамдар, дәрі-дәрмектер, бояғыш заттарға органимнің сезімталдығы артып ағзаға кері әсерінен пайда болатын аллергия көктем-жаз мезгілдерінде жиі кездеседі. Аллергия– ағзаның бөгде затқа сезімталдығының әсерінен туындайтын ауру түрі. Аллергиядан арыла алмай аласұрған¬дарына бірнеше жылдың жүзі болғандары да бар. Дәрігерлердің пікірінше ХХІ ғасырда ең көп таралған аурулардың ішінде аллергия бірінші орынға шығып отыр. Көп ретте стресс, экологиялық ахуал, дұрыс тамақтанбау аталған дерттің пайда болуына жағдай туғызады. Сонымен қатар, жеміс ағаштарының бүршік жаруы, шаң тозаң, гүлдер мен өсімдіктердің өткір иісі де аллергия тудыратын негізгі факторлардың бірі болып табылады екен. Осы тақырыпта толыққанды түсініп беретін ауданда аллерголог маман сауалдарымызға жауап тапқымыз келді. Әр аймақтың өзіне тән аллергия тудыратын өсімдіктері болады. Міне, осы себепті, аудандық емханаға арнайы барып, аллерголог маманды сұрадық. Бірақ, бізде арнайы аллерголог маман болмағандықтан тері-жіңішке аурулар бөлімінің дәрігерімен сөйлесіп, біраз сұрақтардың жауабын табуға тырыстық. Дәрігердің алдында кісі қарасы көп екен.Басым көпшілігі жас балақайлар. Арасында аллергиядан қиналған бүлдіршінін жетелеген Әсем Талғатқызы.
– Аллергияның азабын бес жастағы қызым ауырғанда білдім. Өйткені осы жасқа дейін қызымның бір нәрсеге аллергиясы барын байқамадым. Биыл көзі қызарып, мұрны бітеліп, түшкіріп, мазасы қашты. Аллергологқа апардық, иммуноглобулин көрсеткіші де жоғары болып тұр. Дәрігер берген дәрілерді алып, кешенді ем қабылдап жатырмыз. Аллергологтың айтуынша, ең қиыны иммунитетті көтеру екен. Ол үшін тазалықты сақтап, дұрыс тамақтануға көңіл бөлуіміз қажет. Меніңше, біздің өңірдің ауа-райы ластанғанған, шаң-тозақ, экологиялық ахуал күрделі. Сол себепті, атаулы дерт ушығып, жан біткенді әбігерге салып жатыр, – деп көңіліндегісін бүкпесіз жеткізді.
Ал, аллергиямен бала кезден күресіп келе жатқан Абзал Әлімбетовтың да сөзінің жаны бар.
– Маусымдық аллергия мені бала кезден мазалайды. Жаздың ыстығы мен желін сол үшін де ұнатпаймын. Жауын-шашын болып, шаң-тозаң басылса, рақаттанып қаламын. Бес жыл бұрын аллергологтарға барып, тағайындаған дәрілерін алып іштім. Пайдасы болмаған соң, дәрі ішуді тоқтаттым. Аллергияға қарсы дәрілердің бағасы да қымбат. Алайда мұрынға тамызатын дәрілерін маусым бойы қолданамын. Онсыз күнім жоқ, әйтпесе мұрным бітеліп, мазам болмайды. Дәрігерлер қыста тексеріліп, бірнеше жыл қатарынан емделуге кеңес береді. Бұл туралы жақында білдім. Былтыр шілденің ортасында кенеттен мұрным су болып, көзім жасаурап, түшкіріп-пысқырып, мазам кетті. Демалу қиындады. Осылайша қыркүйектің ортасына дейін қиналып жүрдім. Содан дәрігерге бардым. Емделдім. Биыл осы ауру қайта қайталанды. Облыстық орталыққа барып қанға сынақ жасаттым. Дәрігерлер «маусымдық поллиноз» деген анықтама қойды. Енді мұрныма арнайы дәрі тамызып жүрмін. Күн өткен сайын оған да көнбей барады. Сол себепті, қайта келіп тұрмын, – дейді ол.
Ал елімізге белгілі журналист Жұлдыз Әбділданың әлеуметтік желіге жазған мына жазбасынан-ақ, біраз сұрақтарға жауап табылып тұрғандай:
– «Мұрын бырқылдап, көз қызарып, тамақ қышып, одан қалса аяқ-қолыңа, мойныңа қып-қызыл майда бөртпе қаптап жүру оңай емес. Мұрын дұрыс демалмағаннан кейін бас та ауырады. Оттегі жетпегеннен миға да салмақ. Аллергия алматылықтар үшін қалыпты ауру. Өйткені, қалада шаң-тозаң көп, таудан келетін самалдың жолын зәулім үйлер жауып тастаған. Тозаң біздің мұрнымызға барып қонақтайды. Әлбетте, бәріміздің емес, кімнің иммунитеті әлсіз, кімнің зат алмасу процесі дұрыс емес, солардың. 2005 жылдан бері бұл аурумен күресуіндей күрестік. Үндістанда өсетін әнебір тікенек шөпті мұрынға иіскеуден бастап, істемегеніміз жоқ. «Тяньши» дегенді де көрдік. Жалпы, ББҚ (биологиялық белсенді қоспа) аллергиядан құлан-таза айықтырады дегенге сену қиын. Тұз шахталарына да бардық. Антигистаминнің түр-түрін сынақтан өткіздік. Дипроспанды да салдырдық. Ақыры асқындырып, демікпеге айналдырып, содан кейін емделудің (оған дейінгінің бәрі әйтеуір тұншықтырудың амалы болатын) жолын іздедік. Емдейді екен. «Қатарынан үш жыл емделсеңіз, сосын гипоаллергенді диетаны ұстансаңыз, жазылады» дейді. Соған сендім, себебі бір жыл емделгеннен кейін екі жыл аллергия мүлдем мазалаған жоқ. Қатты қиналғанда дипроспанға жүгіреміз. Бірақ, бұл уақытша. Яғни, ауруды тұншықтыру. Ал емделу қыста» дейді ол.
Иа, жалпы, атаулы дерттен зардап шегіп жүргендердің жанайқайын сездік. Аллергия жас талғамайтын ауру десек, соңғы жылдардың тағы бір жаңалығы іш құрылыстарына да әсері бар. Жаһандық деңгейдегі мәселеге айналған аллергияны қыста емдеген жөн. Егер дұрыс анықтамай, уақыт созып, жүріп алса, науқастың аллергиясы астмаға да айналып кетуі мүмкін. Аурудың бұл түрінен толықтай емделу үшін кемінде 3 жылдай уақыт кетеді екен.
Міне, өзекті дертке өзіндік кеңесімен бөліскен аудандық емхананың тері-жіңішке аурулар бөлімінің дәрігері-субординаторы Мақсат Рашидинов не дейді?
– Елу-алпыс жыл бұрын аллергия сирек кездессе, қазіргі кезде өте жиі кездесетін ауру түріне айналды. Статистика бойынша әрбір үшінші адам осы аурудан зардап шегеді. Жаз мезгілінде, яғни қазіргі уақытта күніне шамамен 5-6 науқас шағым айтып келеді. Жаз айларында өршитін себебі де бар. Бұл ауру көктемнен күзге дейін қаулап өсетін түрлі шөптердің әсерінен болатындықтан, медицинада «маусымдық поллиноз» деп аталады. Ал, алғашқы белгілері науқастың көзі, мұрны және денесі қышып, қып-қызыл болып қызарады. Мұрнынан су ағып, көп түшкіреді. Аяқ асты жөтел пайда болып, терісі бөртеді. Алдын алып емделмеген жағдайда тыныс алуы нашарлап, өкпесі тарылады, денесі ісініп, тамағы тітіркенеді, тіпті аллергиялық естен тану болуы да мүмкін», – дейді дәрігер.
Жоғары санатты дәрігер-аллерголог Ділдаш Қадірова Шарметқызына не дейді?
– Аллергия адамның имунитеті әлсіреп, қандайда бір кінәрат пайда болған кезде көрініс береді. Бұл біздің иммундық жүйеміздің толығымен зиянсыз заттардан өте қатты тітіркенетінін және ағзаға зиян келмейтін аллергендерден шамадан тыс қорғана бастайтынын білдіреді. Көбінесе, барлық аллергенді реакциялар өте тез көрініс береді және соңы өкінішті жағдайларға ұшырататын дененің қышуымен, терінің қызаруына, ісінулерге, соның ішінде тыныс жолдарының асқынуына ұласады. Кеңес заманында бұл дерт аз болған. Неге? Өйткені ол кездері шетелден келетін азық-түлік, әртүрлі тұрмыстық қолданыстағы заттар жоққа тән болатын. Табиғи таза тағамдар мол еді. Ал, қазір құрамында улы заттар бар жеміс-жидектер көп. Жемістерге пестицидтерді көп егеді. 90-шы жылдары сөрелерден құнарлы тағамдар жым-жылас жоғалып кеткенде қытайлық азық-түліктер орнын басып үлгерді. Арада аз уақыт өтпей ақ түрлі аурулар өршіп кетті. Бүгінде күрт көбейіп кеткен дерттің бірі – аллергиялық дерматид. Қытай бояуымен шашын бояғандар шашы түсіп қалып дерті асқынып ауруханаға түсіп жатыр. Бұрын ыдыс аяқты ешқандай қоспасыз таза суға жуса, бүгінде нешетүрлі химиялық қоспалар көбейіп кетті. Олар да аллергиялық дерматидтің өршуіне сеп болады.
– Сіздер алдарыңызға келген науқастарды қалай емдейсіздер?
– Емдеу жолдары әртүрлi. Мысалы, маусымдық аллергияны қыс мезгiлiнде вакцина егемiз. Сондай-ақ, аллергия тудыратын заттарды анықтап, оны аллергендермен емдеймiз. Бұны арнайы «аллергеннiң иммунотерапеясы» деп атайды. Бұл емдi адам аллергиямен ауырмай тұрғанда, қалыпты жағдайда қабылдайды. Негiзi ауру асқынған кезде аллергияны емдейтiн көп дәрiлер бар. Ең жиi қолданатын дірiлер – антигистаминдiк топқа жататындар. Есекжем, атопиялық дерматит, тағы да басқа жағдайларда, терiде қышу пайда болғанда бiз көбiнесе антигистаминдiк бiрiншi топты дәрiлердi пайдаланамыз. Ал, тыныс алу жолдарында аллергия пайда болғанда, мысалы, түшкiру, көзден, мұрыннан су ағып, көз қышығанда екiншi, үшiншi топтық антигистаминдiк дәрiлер пайдаланамыз. Сонымен қатар, өзіміздің елде біздің табиғатымызға сай жасалған дәрі бар. Оның біздің аллерголог дәрігер, профессор Маскеевич көп жылдар бойы зерттеп, өз күшімен шығарып отыр. Біз көбіне осы дәрімен емдейміз. Өйткені, шет мемлекеттен келетін дәрі-дәрмектер біздің организімізге көп жағдайда әсер ете қоймайды. Мәселен, біздің жақта өсетін жантақ пен өзге елде өсетін жантақтың айырмашылығы бар. Сол себепті де, олардың шығарған дәрілері қанша жерден сапалы әрі тиімді болғанымен, біздің халыққа оң әсерін бере қоймайды. Міне, осындай мәселелерді ескере отырып, арнайы өзіміздің табиғатымызға сай етіп шығарып отыр.Осы ретте аудан тұрғындарын бал арасының өнімімен сан түрлі аурудан сауықтырып жүрген Омар Изатовтың пікірін білдік.
– Халықтық емдеу жолдары арқылы аллергиядан құтылуға мүмкіндік бар. Халыққ еміне сүйеніп айтар болсақ, ара ұясындағы балдың бетін жауып тұратын жұқа қабаты бұл ауруды мүлде жойып жібере алады екен. Ол үшін оны сағыз сияқты шайнап, жеп отыру керек. Сонда аллергия басылады. Халық емінде аллергияны емдеуде түрлі дәрілік өсімдіктер қолданылады. Мысалы, балдыршөп, тасдәрі (мумие), бақ-бақ шырыны, итошаған, иттікенді қайнату арқылы аллергиядан құтылуға болады,– дейді ол.
Мақала жазу барысында, сан алуан ақпараттарға қанығып, түрлі мамандардың кеңесіне құлақ астық. Түсінгеніміз ауа-айына қарай сыртқаттың сыры мәлім болады екен. Мәселен, жапондықтар балқарағай, киевтіктер каштан гүлдегенде көп зардап шегеді екен. Ортаазиялықтар жусанның әр түрінен туындайтын аллергия ауруларымен жиі науқастанады. Біздің елімізде де аллергия тудыратын ағаштар аз емес. Біреулер шие ағашы гүлдегенде, енді біреулер хош иісті акация гүлдегенде аллергиялық ауруларға шалдығады. Ал, біздің ауданда шаң мен күннің қатты ысығаны себепкер болатынын тілге тиек етуде мамандар.
Осы тұста айта кетейік, аллерголог мамандарда барлық өсімдіктердің тозаңдану кестесі бар. Олар осы кесте арқылы аллергияның себептерін анықтай алады. Одан соң зертханада аллергенді табу қиынға соқпайды. Бүгінде аллергияны анықтаудың ресейлік үлгісі еліміздегі аллергиялық орталықтарда кеңінен таралған. Оны анықтағаннан кейін де осы ресейлік препараттармен емдейді. Шеттен әкелінгеннен кейін әрине бағасы да қымбат. Әзірге оны өз елімізде өндіру мүмкін болмай отыр. 21 күн бойы аллергияға қарсы дәрі салған соң оның осы аллергия тудыратын заттарға қарсы иммунитеті көбейіп, бұрынғыдай қиналмайтын болады. Аллергияны анықтаудың түрлі жолдары бар. Ең тиімді тәсіл теріге проба салу. Аллергиялық ауру кезінде бөгде заттарға ағза қарсы шығады. Соны қабылдағысы келмейді. Біреулер түшкіреді, енді біреулердің терісінде өзгерістер пайда болады. Әлемде адамдардың 40 пайызы аллергиялық аурулардан зардап шегеді. Аллергиялық аурулардың қай қайсысына да жеңіл қарауға болмайды. Егер дер кезінде емдемесе арты ауыр зардаптарға соқтыруы мүмкін. Астманың өзі аллергиялық ауру. Егер қандай да бір иіс жақпаса бронхтардың бәрі жабылып қалады. Тұншығу ұстамасы аллергиялық астма деп аталады. Айналып келгенде аллергиялық аурулардың барлығы да бронхиальді астамаға ауысады. Бұл ауру жыл сайын көбейіп келеді.
Қорыта келе, маусымдық аллергияны тудыратын түрлі шөптерден бөлек дүкен сөрелерінде самсап тұрған көптеген тағамдар да аллергияны қоздырады. Оған жаз мезгілінде өз уақытысынан ерте дәрі арқылы пісетін жеміс-жидекті тағы қосыңыз. Сондықтан мамандар аллергиядан зардап шегетін адамға негізінен көкөністер мен цитрусты жемістерге шектеу қояды. Сонымен қатар шоколад, кофе, какао, қант және теңіз өнімдерінен де сырқаты қозып кететін адамдар естен шығармаса және емдік шара кезінде екпе салуда да абай болса дейді. Бөлмені желдетіп, ауасын жиі тазартып тұрған дұрыс екенін айтады. Осы тұста, оқырмандарға кеңес болсын, ешкі сүті аллергияға бірден бір ем екен. Ешкі сүті жоғары азықтық және биологиялық құндылығы бар ерекше тағам өніміне жатады. Ешкі сүтінде сиыр сүтіндегі аллергиялық серпіндердің көзі саналатын альфа-ls-казеин жоқ. Сондықтан ол сиыр сүтіне аллергиясы бар адамдар үшін ұсынылады. Құра-мында бета-казеин мол болуына байланысты, ешкі сүті әйелдердің емшек сүтіне жақын. АҚШ мамандарының пікірінше, сиыр сүтіне аллергиясы бар адамдардың көпшілігі ешкі сүтін жеңіл көтере алады екен. Статистикалық мәліметтерде әрбір үшінші не төртінші адамда аллергия белгілері байқалады деседі. Ендеше, аллергия белгілері байқалған адам өзін-өзі емдемей, бірден дәрігерге жүгінгені жөн Аллергияның нақты себебін тауып, кешенді ем жүргізетін болсақ, арылуға болады.