Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласында «Атадан мұра» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен ІІІ Республикалық «Ұлы дала ұрпақтары» байқауында оза шауып, Алматы қаласына жолдама алып, бас жүлдені қанжығасына байлап келген Жаңақорған аудандық «Заңғар» интеллектуалды мектебінің биші қыздары ерекше өнерімен көзге түсіп, дара шықты.
Аталмыш топ небәрі бір жылдың ішінде тыңғылықты дайындықтың нәтижесінде бірнеше байқауда бақ сынап, жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Байқау – балалар өнерінің шыңдалар тұсы. Жыл бойы ұстаздың сіңірген еңбегі мен баланың жинаған рухани қорының кеңінен танылып, сараланар тұсы. Өзге замандастарымен үзеңгі қағыстырып, шыңдалу арқылы тәжірибе жинау. Иі қанып, толықтай бойына сіңірген бір шығарма арқылы бар көркемдік пен табиғаттың берген дарынын көрсетуге үлкен мүмкіндік әрі зор жауапкершілік. «Заңғар» мектебінің балауса қыздарын өнерге баулып, би өнерінің қыр-сырын үйретіп жүрген ұстаз Идрис Несібелі Өмірзаққызы би өнері мамандығын тәмамдап, ұстаздық етуді мұрат етіпті.
«Қыркүйек айынан бастап би үйірмесін жүргізіп келемін. Бір емес бірнеше топпен жұмыс жасаймын. Оның ішінде бірінші сынып оқушыларынан осы он қызды таңдап алып, тыңғылықты жұмыс жасап, «Айбике» тобын құрдық. Енді міне түрлі байқауларға қатысып жатырмыз. Жетістікке жету үшін көп еңбек қажет. Сондықтан баланың өнерін дамытып, талабын ұштау ұстаздың міндеті. Мен бұл жауапкершілікті жүрегіммен сезінемін. Өзімнің қыздарыма да бар білгенімді үйретіп, үнемі ізденіп отырамын. Соның нәтижесінде дүбірлі додада оқ бойы озық шығып, биіктен көріндік. Енді атаулы байқаудың супер финалы шілде айында Түркістан қаласында өтеді. Бұл үлкен жауапкершілік. Сондықтан да, дайындықты бастадық» дейді жетекші Несібелі.
Бір қуантарлығы, қандай байқау болсын, барлығына да ұлттық биді дайындайды екен. Жетекшінің сөзінше, қазақтың ұлттық биі өте ауқымды, қимылдары ерекше екен.
«Қазақтың халықтық би өнері ерте заманнан қалыптасқан, халқымыздың аса бай ауыз әдебиетімен, ән-күйлерімен, дәстүрлі тұрмыс- салтымен біте қайнасып келе жатқан ел мұрасы деуге болады. Қазақ биі тұнып тұрған әсемдікті бейнелейді. Әсіресе қазақ қыздарының билері ерекше сипатқа ие. Қарап отырсақ қазақ халқы әуенге, ырғаққа, әсемдікке өте бейім халық. Сондықтан да, қазақтың ұлттық биі арқылы көп нәрсені түсіндіруге болады, мағынасы терең. Мысалы, Алматы қаласына дайындап алып барған «Соқыртеке» деген бидің ортасында ойын бар. Біз өзге топтардан ерекшелеген де осы тұсымыз» деп алдағы қорытынды кезеңге де күрделі ұлттық би дайындап жатқанын тілге тиек етті.
