Kyzylorda-news.kz. "Ордакент ардагерлер, жастар ресурстық орталығы" ғимаратында аудан әкімдігі мен аудандық қоғамдық даму бөлімінің, дара кәсіпкер Қ. Мұратбаевтың ұйымдастыруымен мемлекеттік балабақша бүлдіршіндері арасында "Балғын шақ" атты балалар шығармашылық байқауы өтті.
Байқаудың шымылдығын Жаңақорған кенті әкімі аппаратының қызметкері Алмагуль Мамирова ашып, бүлдіршіндерге сәттілік тіледі.
– Бүгінгі іс шара барлығымыз үшін өте ерекше болғалы тұр. Өйткені, тәй-тәй қадам басып келген бөбектеріміз енді едәуір есейіп, үлкен сахнаға шығып, өнерлерін көрсетіп қана қоймай, сынға түскелі тұр. Өзім байқап қарап жүремін, жыл бойына балабақша бүлдіршіндері үлкен жетістіктерге жетіп, аудандық, облыстық деңгейдегі байқаулардан жүлдемен оралып жатыр. Мұның бәрі – Сіз бен біздің, балғындарымыздың үлкен еңбегі. «Ұлт боламын десең болашағыңды түзе» демекші, ел ертеңі өсіп келе жатқан осы жеткіншектердің қолында. Ал енді бүгінгі сайыс бойынша қатысқан бүлдіршіндер мен тәлімгерлерге және ата-аналарға алғысым шексіз. Балабақшада қандай да бір байқау, сайыс болмасын үнемі жоғары дәрежеде өтеді. Әрине мұның бәрі білікті, білімді мамандардың еткен еңбегінің жемісі. Бүгін қатысқалы отырған кішкентай балапандар сәттілік тілеймін, – деді.
Байқаудың мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің бойындағы дарынды ашып, шабытын шыңдап, болашақ өнер иелерін іздестіру арқылы олардың патриоттық сезімін дамыту. Мектепке дейінгі балалардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, туған жерін, ана тілін сүюге, құрметтеуге дәріптеу. Шығармашылыққа деген талпыныстарын арттыру, олардың дамуына қолдау көрсету, балалар бойындағы шығармашылыққа деген талпынысты арттыру, олардың дамуына қолдау көрсету, дәстүрлі әндерді дәріптеп, би өнерінің кең ауқымда өрбуіне ат салысу, өскелең ұрпаққа рухани байлығымызды дәріптеу, ұлттық тәлім-тәрбиені жастардың бойына сіңіре отырып, эстетикалық сана-түйсінігінің терең қалыптасуына, ізгілік пен адамгершілікке баулу, ұлтымыздың мәдени өнер саласындағы жетістіктерін насихаттап, оның өркендеуіне ықпал жасау.Ұлттық тәлім-тәрбиені, рухани байлығымызды бойына сіңіру болып табылады.
Жаздың жаймашуақ күнімен тұспа-тұс келген осы бір күнді балалар асыға күтіп, қуана қарсы алады. Мәдениет үйіне жиналған балалардың күлкісінен осы бір барлық бақшалардың арасында байқауында балабақша тәрбиеленушілері мен бастауыш сынып оқушыларына өнерлі өрендер ән мен биден шашу шашты. Концерттік бағдарламаны Серік Ибрагимовтың әніне билеген бүлдіршіндер ашты. Одан кейін, "Әлшекей " атындағы өнер мектебінің хореография пәні мұғалімі Ибадуллаева Гүлнар сөз алып, жылы лебізін білдіріп, ұстаздар қауымына алғыс білдірді.
– Өзім балалармен жұмыс жасайтын маман болғандықтан, атаулы сайыстың мән-мазмұнын түсініп отырмын. Балабақша тәрбиешілері мен тәрбиеленушілерін қызметке бейімдей отырып, кәсіби біліктіліктерін арттыру, шығармашылық қабілетін жетілдіру. Теория мен тәжірибені ұштастыра отырып, кәсіби шеберлігін арттыруды көздесе керек. Ұжымдық қарым-қатынасқа психологиялық бейімдеу, өзара тәжірибе алмасу. Сондықтан бұл сайысты дәстүрге айналдырып, жылда өткізуге тырысамыз, рине бұл байқау тек бақ сынасу ғана емес, өзімізді жан-жақты тұрғыдан дамыту, әріптестер тәжірибесімен бөлісу болатын. Мұндай шығармашыл сайыстар тәрбиешілердің талабын күшейтіп, ізденісін арттырады. Сондықтан осы сайысқа қатысып отырған барлық балабақша ұжымына алғыс айтамыз. Ұғына білген адамға тәрбиеші қызметінің ауыртпалығы мен жауапкершілігі оңай емес. Осы саланы таңдау арқылы ел болашағының дамуына елеулі үлесін қосатын бал-бөбектерімізді бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруге ат салысқанымды мақтан етемін. Балабақша табалдырығын алғаш аттаған балалар – біреудің маңдай алды жарығы, енді бірі – жар дегенде жалғызы, бір үйдің еркесі мен серкесі ғой. Сондай жас бүлдіршінге қалам ұстатып, әріп танытудың, жан-жақты білім берудің қиындығына төзе білу аса сабырлық пен шыдамдылықты қажет етеді. Білім де, тәрбие де балабақша қабырғасында қалыптасады. Баланың тілін тауып, тілдесу, жақсы тәрбие берудің өзі бір үлкен ғанибет. Менің түсінуімше, бала тәрбиесіне жан-тәнімен берілген жан ғана өмірдің мән-мағынасын, қоғамдық ортадағы өзіндік орнын, тұтастай ұлттың ертеңіне қоса алар өзіндік үлесін тереңнен салмақтай алса керек. Қалаған ісіңді, мойныңдағы міндетіңді бар ынта-ықыласыңмен атқара білсең, күнделікті тіршіліктің мағынасын да жете ұғынатының анық. «Кәсібің – нәсібің» дейді қазақ даналығы. Шын жүрекпен қалаған кәсіп арқылы ғана өмірлік несібеңді, абырой-беделіңді, қоғам алдыңдағы құрметіңді еселей аласың. Ал, тәрбиеші болу – сырт көзге қиындығы көрінбейтін оңай секілді көрінгенімен, бұл мамандықтың қоғам үшін қаншалықты маңызы барлығын сол кәсіпті таңдағандар, осы жолда еңбек етіп жүрген жандар жақсы түсінеді, – деп, шараға қатысушыларға ерекше көңіл күй сыйлады.
Байқау барысында балалар тақырыпқа сәйкес мәнерлеп оқу, жаттап айту, ән, би өнері бойынша сынға түсті. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар, қатысушы талапкерлерге сыйлықтар, байқауға шәкірт қатыстырып, белсенділік танытқаны үшін тәрбиешілерге алғыс хат пен гүл шоқтары табысталды.Шығармашылық байқау соңында қазылар алқасының төрайымы Мамирова Алма Жұмаділлақызы байқауда алған әсерімен бөлісіп, жеңімпаздар мен қатысушыларға дипломдармен және бағалы сыйлықтар табыс етті.
Қазылар алқасының құрамы, қазылар алқасының төрайымы, Жаңақорған кенті әкімі аппаратының қызметкері Мамирова Алмагуль, "Әлшекей " атындағы өнер мектебінің хореография пәні мұғалімі Ибадуллаева Гүлнар, «Бала Art» өнер орталығының директоры Увайдаева Индира, «Жаңақорған тынысы» газетінің тілшісі Рзаева Әсел, Жаңақорған ауданының қоғамдық даму бөлімінің қызметкері Сақтағанова Ақерке төрелік етті.
