Kyzylorda-news.kz. "Атадан- мұра" республикалық қоғамдық қорының бүлдіршіндер, мектеп оқушылары мен жасөспірімдер арасында Шымкент қаласында ұйымдастырылған "Дарабоз-V" байқауында “Хореография" номинациясы бойынша үздік өнер көрсеткені үшін жаңақорғандық "Бала-ART" өнер орталығының "Өрлеу" 1-ші және 2-ші би топтары бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды.
Бишілердің жетекшісі Гүлназ Матхамова "Үздік ұстаз" медалімен марапатталса, "Балв-АRT" өнер орталығының меңгерушісі Индира Тұрғанбайқызы Құрметті грамотамен марапатталды. Тағы бір орталықтың маманы Қарақат Оңғарқызы алғыс хатқа ие болды.Би үйірмесінің жетекшісі Ажар Қабланованың айтуынша, жалпы байқауға Алматы, Шиелі, Түркістан, Шымкент, Қызылорда қаласынан 400-ге жуық өнерпаз бақ сынаған.
– Байқауға елдің түкпір-түкпірінен кіл мықты ұжымдар қатысты. Хореография аталымы бойынша 30-дан аса ұжым өнер көрсетті. Жаңақорған ауданының атынан қатысқан «Әлшекей» өнер мектебінің биші қыздары «Ұлттық би» аталымы бойынша «Тарантелла» биін билеп, екінші орын алды. Жарысқа қатысуға қолдау көрсеткен өнер мектебінің басшысына және ұжымына, ата-аналарға алғыс білдіремін, – дейді би үйірмесінің жетекшісі.
Бұл жеңісте аудандық «Әлшекей» атындағы өнер мектебі ұжымының атқарып жатқан еңбектері елеулі. Мектепте бүлдіршіндер хореография, баян, сурет, домбыра сыныптарында өнерге бейімделді. Ұстаздар еңбегінің жемісі шәкірт жеткен жетістігімен бағаланатыны да ақиқат.
Ұлы Жеңіс мерекесі аясында еліміздің барлық өңірінен бишілер тобы жас ерекшеліктеріне қарай үш топта бақ сынасты. Осы бір дүбірлі додада Әлшекей өнер мектебінің ұстаз-тәлімгері Гүлнар Ибадуллаева жетекшілік ететін «Аққу» би тобы өнер көрсетті. Дана халқымыз «Өнерлі – өрге жүзер» демекші, бабы мен бағы қатар жанған бүлдіршін аруларымыз «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығып, шашасына шаң жұқтырмай бәйгеден оза шауып бас жүлдені қанжығаларына байлады. Үлкендер тобындағы Әбсаттар Іңкәр, Исатаева Көркем, Ғани Жұлдыз, Бақыт Сәния, Молдабек Әмина, Оразбек Ханшайым, Бауыржан Мәдина, Рахман Асыл-Жар мен Мұхтар Нұршуақ «Томирис» биін сахналады.
Ортаңғы топтағы Бегайдар Зәуре, Шымырбек Бекзат, Мұхтар Нұршуақ, Бегмахан Айару, Бәкір Інжу, Жұмахан Айымжан, Серік Мунира, Тұрғанбек Хамида, Қыдырбай Жансая, Серікбай Алтынай, Ерболқызы Айгерім, Өтеген Асылай, Әлайдар Аяна, Әйбекқызы Нұрғаным, Әуелбек Ақтілек пен Жора Айзере «Көкпар» биімен сахнаның сәнін кіргізді.
Ал кішілер тобындағы Серікбай Алтынай, Асанбек Айзере, Еркін Айгерім, Жанатқызы Раяна, Мақсатқызы Аруназ, Алтынбек Зарема, Өтеген Асылай, Ерболқызы Айгерім, Жора Айзере, Серікбай Арайлым мен Серік Хамида орыстың «Частушкасын» соны мазмұнда мәнерледі. Жас бишілердің өзгеше ырғақты қимылдары, бидің мәнін жеткізе орындаулары патша көңілді көрер¬мен мен әділқазылар алқасынан лайықты бағасын алды. «Аққу» би тобы «Хореографиялық өнері» номинациясы бойынша бас жүлдеге ұсынылды.
Қай салада немесе қай жерде болмасын жеңіс оңайлықпен келмесі ақиқат. Бұл тынымсыз еңбек, қаншама жаттығулардың, төгілген маңдай тердің өтеуі десек артық айтқандық емес. Даңқты қолбасшы Суворовтың «Тяжело на учении, легко в бою» деген қанатты сөзі осы би тобының да қыздарына арнап айтылғандай. Оның айқын айғағы, бүлдіршін аруларымыздың 14 облыс пен үш бірдей мегаполистен келген өздеріндей биші қыздарды соңдарына қалдырып, бас жүлдені алуы дер едік. Орайы келгенде, Әлшекей өнер мектебінің тәлімгер ұстазы Гүлнар Ибадуллаеваның би өнерін дамытудағы ерен еңбегі туралы атап өткен орынды.
Гүлнар Ибадуллаеваның да осы өнер мектебінде қызмет атқарып келе жатқанына жиырма жылдай болып қалыпты. Ол тәрбиелеген шәкірттерінің жүзден астамы түрлі деңгейдегі республикалық және халықаралық байқаулар мен конкурстардың лауреаты атануының өзі, ауданымызда Гүлнар мектебінің қалыптасқанын айғақтайды. Ендеше, Гүлнарға шәкірттерің өнер аспанында қалықап, ауда¬нымыздың, әрісі еліміздің атын шығарар өнерпаздар мектебі болсын дегіміз келеді.