Kyzylorda-news.kz Биыл Жаңақорған ауданында атқарылған толымды тірлік көп. Әсіресе, өнеркәсіп, құрылыс, тұрғын үй саласында айтарлықтай ілгерілеу бар. Бұған қоса, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемінің артуы да оң ықпалын тигізуде. Соның нәтижесінде ауданның макроэкономикалық көрсеткіші жоғарылаған.
Жыл басында бюджетті 14,2 миллиард теңгемен бекіткен ауданның қазіргі бюджеті 27,4 миллиард теңгеге жетіп отыр. Аудан әкімі Мажит Самитовтың айтуынша, бұл көрсеткіш қосымша кіріс көзін табу, республикалық және облыстық бюджеттен даму трансферттері есебінен артқан. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда өңдеу өнеркәсібі 8,7 процентке, өнеркәсіп өнімдерін өндіру 11,5 процентке, құрылыс 1,6 процентке, тұрғын үйді пайдалануға беру 2,9 процентке өскен.
Ауданның 52 пайызы көгілдір отын пайдаланады
Иә, бүгінде аудан халқының тең жартысынан көбі табиғи газбен қамтамасыз етілген. Десе де, әлі де от жағып, машақат тартып отырған елдімекендер баршылық. Биыл сегіз елді мекен көгілдір отын игілігін көруге мүмкіндік алған. Алдағы уақытта бұдан бөлек тағы бірнеше ауылға газ құбыры жүргізілмек. Оның ішінде Сунақата, Еңбек, Екпінді, Қожамберді, Ақжол, Ақсуат, Өзгент ауылы бар. Бұл ретте Қожакент ауылына дейінгі аралықта жоғары қысымды газ құбырын жұргізу жоспарланған. Жоба демеушілер есебінен әзірленіп, «ҚазақГазАймақ» акционерлік қоғамының 2026-2028 жылдарға арналған инвестициялық жобасы аясында келер жылы басталмақ. Сонымен қатар Бесарық елді мекені тұсынан автоматты газ тарату станциясы мен Түгіскен елді мекеніне дейін жоғары қысымды газ құбырын тарту және ауылішілік газ желісін салу жоспарланған. Қазіргі таңда демеушілер есебінен 30 миллион теңгеге жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Мұның игілігін Түгіскен, Келінтөбе, Қаратөбе, Қандөз, Қалғансыр, Қашқанкөл, Көктөбе, Бесарық, Манап, Талап, Аққұм ауылында тұратын 19 мыңнан астам тұрғын көрмек. Осылайша, жоспар жүзеге асса ауданды табиғи отынмен қамту көрсеткіші 65 процентке жетпек.
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту қолға алынған
Жаңақорған ауданында инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Бүгінде ауданда 1333 шақырым электр желісі жүргізілген. Бұл бағытта соңғы үш жылда 9,4 миллиард теңгенің 22 жобасы әзірленген екен. Соның 7 жобасы 2023-2024 жылдары жүзеге асырылған. Нәтижесінде аудандағы электр желілерін жаңғыртуға мүмкіндік алған. Аталған жоба аясындағы шаралар биыл Манап, Сунақата, Құттықожа, Екпінді, Әбдіғаппар, М.Нәлібаев, Ақсуат елді мекенінде толық аяқталып, әрі қарай өзге ауылдарда жалғасын таппақ.
Бір ерекшелігі ауданға қарасты 35 елді мекеннің барлығы да орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған. Алдағы уақытта Жаңақорған кентіндегі бірқатар тұрғын үйлерді ауызсумен толыққанды қамтамасыз ету мақсатында қосымша су тарату станциясы мен желілерінің жобасы әзірленген.
Жаңақорғандағы жол мәселесі де оңтайлы шешілген. Бүгінде қанағаттанарлық деңгейі 9,4 процент болатын аудандық маңызы бар 192 шақырым жолдан бөлек 2 автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде аудандағы жолдың жалпы деңгейі 98,4 процентке жеткен. Ауданда тұрғын үй мәселесі күн тәртібінде тұр. Аудан әкімі Мажит Самитовтың айтуынша, тұрғын үй салу үшін жер учаскесі кезегінде тұрған адам саны 13 мыңға жуықтайды.
Ауданның бас жоспарына сәйкес «Саяжай-1» аумағына инженерлік инфрақұрылым жүргізуге 6,9 миллиард теңгенің 4 жобасы әзірленген. Биыл бұл аумақты электр желісімен жабдықтауға 400 миллион теңге қаражат бөлінген.
Білім беру мен денсаулық саласы заман талабына сай
Аудандағы білім, денсаулық саласы да айтарлықтай жетістіктерімен ел аузында. Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы тұрақты жаңартылып, апатты жағдайдағы, үш ауысымды мектеп мәселесі толықтай шешімін тапқан. Аудандық білім бөліміне қарасты мемлекеттік 45 жалпы білім беру ұйымы және 9 жеке білім беру ұйымы жұмыс істейді. Мемлекеттік мектептерде 17500 оқушы, жеке мектептерде 2 мыңнан астам өрен білім алады. Заман талабына сай қазіргі таңда барлық білім беру ұйымдарында жалпы саны 5846 компьютер, 143 итерактивті тақта пайдалануға берілген.
Сонымен бірге барлығы дерлік компьютерлік сыныптармен қамтамасыз етілген. Аудандағы № 195, №110 және тәрбие орталығында білім саласын цифрландыру мақсатында IT сыныбы ашылған. Бұл білім ордаларында қажетті 3D принтер, робототехника және дрон құрылғыларымен жабдықталған. Сондай-ақ, аудандағы 45 мектеп роботехника кабинетімен толықтай қамтылған.
Ал денсаулық саласы бойынша ауданда ілкімді істер атқарылуда. Биыл аудан тұрғындарына медициналық көмек көрсетуде 239 орынға арналған тәуліктік орталық аурухана, 15 төсек орындық – 2 ауылдық аурухана, 1 аудандық емхана, 17 дәрігерлік амбулатория, 8 фельдшерлік-акушерлік бекет, 10 медициналық бекет, 50 жалпы тәжірибелі дәрігерлік аймақ тынымсыз еңбек еткен. Аудан және оған қарасты ауылдардағы емдеу нысандарының материалдық-техникалық базасы қажетті құрылғылармен толық жабдықталған. Ауылдық жерлердегі емдеу нысандарының ашылуы, заман талабына сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі аудан тұрғындарына сапалы медициналық көмек беру деңгейін арттырып отыр.
Ел игілігіне берілген жаңа нысандар
Жақында ауданда тағы бір нысан ел игілігіне беріліп, жаңа өндіріс ошағы бой көтерді. Бұл «Шалқия тас» серіктестігі асфальт зауыты жобасы еді. Былтыр басталған жоба биыл өз жұмысын бастап, алғашқы өнімін шығарды. Жоба Жаңақорғанның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін беретіні сөзсіз. Себебі, бұл ауданда құрылысқа қажетті негізгі шикізат көзі бар. Бұған дейінде цемент, шыны, қиыршық тас, асфальт бетон, металл өңдеу, құрғақ құрылыс қоспалары мен темірбетон бұйымдары өндірісі жолға қойылған. Ал биыл ашылған асфальт зауыты аймағымыз үшін индустриялық, әлеуметтік, экологиялық тұрғыда тиімді жоба болмақ. «Шалқия тас» серіктестігінің асфальт зауыты жобасы аясында өңірімізге 700 миллион теңге инвестиция тартылған. Барлық инженерлік инфрақұрылым жеткізіліп, мемлекеттік қолдау ретінде 6 гектар жер телімі берілген. Сондай-ақ, «Шалқия» кен орнынан доломит өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығы табысталған. Жоба аясында 15 жұмыс орны ашылып, зауыттың сағатына 150 мың тонна асфальт өндіруге мүмкіндігі бар.
Ауданның 15 елді мекені мен 22 мыңнан астам тұрғынын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізіне тіке қосатын маңызды құрылыс саналатын теміржол арқылы өтетін аспалы көпірде биыл пайдалануға берілді. Бұрын тұрғындар айналма жолмен қатынаса, енді уақыт пен қаражатты үнемдеп, еркін қозғалу мүмкіндігіне ие болған. Көпірдің екі жағына жаяу жүргіншілер жолы, түнгі жарық шамдары орнатылған. Ал жобаның жалпы құны – 1,4 миллиард теңгені құрайды.
Құрылысы қарқынды
Құрылыс саласы бойынша аудан оқ бойы озық келе жатыр десек артық болмас. Соңғы жылдары бірқатар әлеуметтік нысандар бой көтеріп, ел игілігіне жараған. Атап айтқанда, ел базынасына айналған дәрігерлік амбулаториялар, аурухана, оқушылар үйі, өнер мектебі, теміржол көпірі, руханият орталығының бой көтеруі жұртшылықтың игілігіне айналған құрылыс нысандары болды. Бұл бағыттағы игілікті істер әлі де жалғасын тауып келеді. Ауданда бұдан бөлек әлеуметтік маңызы жоғары нысандардың да құрылысы қолға алынған. Мәселен, кей елдімекенде науалық суару жүйелері жоқ не тозығы жеткен. Бұл да ауыл халқы үшін базыналы мәселе. Сондай елді мекеннің бірі – Жаманбай батыр ауылдық округі.
Онда науалық суару жүйелерін салу үшін республикалық және облыстық бюджеттен тиісті қаражат бөлінген. Жалпы жоба құны 964 826 миллион теңгені құрайды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға берілген.
Былтыр «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен ауданға қарасты Келінтөбе ауылында спорттық кешеннің құрылысын салу үшін республикалық бюджеттен 50 миллион теңге қаражат бөлінген. Ауыл балаларын спортқа баулу мақсатында салынып жатқан нысанның құрылыс жұмыстары толық аяқталуға жақын. Спорт кешені жуық арада ел игілігіне беріледі деп жоспарланған. Сонымен қатар, Машбек Нәлібаев ауылдық округі, Ақжол ауылында да спорт алаңының құрылысы жүргізілуде. Бұл жобаға 202 миллионнан астам қаржы қарастырылған. Одан бөлек құрылыс-монтаж жұмыстарына аудандық бюджеттен 150 миллион теңге бөлінген. Спорт нысаны кіші футбол, волейбол, баскетбол алаңдарын қамтиды.
Тиісті көгалдандыру, бордюр, брусчатка төсеу жұмыстары жүргізілген. Бұдан бөлек орындықтар, урналар, темір қоршаулар мен түнгі жарық шамдары орнатылған. Бұл жаңа нысанда көп ұзамай ел игілігіне жарамақ. Аталған елді мекенге қарасты Ақжол ауылдық округіндегі көптен бері жаңғыртудан өтпеген ауылдық кітапхана да биыл қайта жаңғыртудан өтті. Руханият ордасының ішкі, сыртқы құрылыс жұмыстары жүргізіліп, есік, терезелері жаңадан салынып, қосымша жылу қазандығы мен әжетханалар салынған.
Ауданға қарасты Екпінді ауылдық округінде де халық сұранысына сәйкес ауылдық клубтың құрылысы жүргізілуде. 100 орындық клуб үйінің ғимаратын салуға да «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 50 миллион теңге қаржы республика бюджетінен бөлінген. Бұдан бөлек құрылыс жұмыстарын толық аяқтау үшін қосымша облыстық бюджеттен қаражат бөлінген. Аталған нысанда ел игілігіне жуық арада беріледі деп күтілуде.
Құрылыс саласы экономиканың негізгі күші саналса, инженерлік инфрақұрылым халыққа қолайлы жағдай жасаудың басты шарты. Сондықтан Жаңақорған ауданында бастау алған құрылыс жұмыстары да, инженерлік-инфрақұрылымдық жұмыстар легі тоқтамақ емес. Алдағы кезеңдерде жоспар бойынша жүзеге асуы тиіс жобалар да баршылық. Соның бірі – «Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Жаңақорған кентіндегі халықтың әлеуметтік жағынан әл сіз топтары үшін салынатын тұрғын үйлердің инженерлік инфрақұрылымын жайластыру. Сумен жабдықтау, электрмен жабдықтау, газбен жабдықтау» жұмыстарына жоба-сметалық құжаттамаларын әзірлеу үшін биыл мамыр айында аудандық бюджеттен 21 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, оның 16 миллион 267,435 мың теңгесі игерілген. Осы жоба бойынша кенттегі халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары үшін салынатын тұрғын үйлерді «сумен жабдықтауға» 396 миллион теңге, «электрмен жабдықтау» жобасына 262 миллион 590 мың теңге қаражат бөлініп, оң сараптама қорытындысы алынған. Ал осы жобаның «газбен жабдықтау» жобасының жалпы сметалық құны – 282 миллион 056, 243 мың теңгені құрап, 2025 жылдың 1 қазанында мемлекеттік сараптаманың қарауына ұсынылған. Жалпы алғанда аудандағы халық саны жыл санап артып келеді. Бұл өз кезегінде тұрғындардың баспана қажеттілігін арттырып отыр. Осы орайда алдымен кенттегі халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары үшін тұрғын үй салу жобасына басымдық берілуде. Бұл ретте бірнеше жоба қаржыландыруға ұсынылып отыр. Нақтырақ айтқанда, осыдан үш жыл бұрын аудандық және облыстық бюджеттен бөлінген 207 миллион 70 мың теңге қаржыға «Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының Жаңақорған кентінде Саяжай-1 учаскесінің (300 га) егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес инженерлік инфрақұрылым желілерін салу. Сумен жабдықтау» жобасы әзірленген. Жобаның жалпы сметалық құны – 1 миллиард 772 миллион теңгені құрайды. Сонымен қатар жобаға сол жылы KAZE-0040/22 санды «Kaz Expertize» ЖШС-нің оң сараптама қорытындысы берілген.
Биыл жыл басында аталған жоба аясында облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына 2025-2026 жылдарға республикалық бюджеттен 1 миллиард 575 миллион 591 мың теңге қаржы бөлдіру жөнінде бюджеттік өтінім ұсынылған.
Бюджеттік өтінім берілген келесі бір жоба ауданға қарасты «Саяжай-1 учаскесінің 300 гектар аумағын егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес инженерлік инфрақұрылым желілері құрылысын салу. Тас жолдар» жобасы болып табылады. Жобаны әзірлеуге 2022 жылы облыстық және аудандық бюджеттен 18 милилон 903 мың теңге қаражат бөлінген. Ал жобаның жалпы сметалық құны – 1 миллион 31 мың теңгені құраған. Жоба 2022 жылдың 22 желтоқсанда №NORZ-0097/22 санды «Normal Z» ЖШС-нің оң сараптама қорытындысын алып, бүгінде облыстың құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына 2025-2026 жылдарға облыстық бюджеттен 1 миллиард 11 миллион теңге қаржыны бөлдіру жөнінде бюджеттік өтінім тастаған. Биыл облыстық бюджеттен қаржыландыруға облыстық экономика және қаржы басқармасына 2025 жылға 505 миллион 528 мың теңге қаржыны бөлуге бюджеттік өтінім берілсе, жоба-сметалық құны 2 миллиард 261 миллион теңге болатын электр желілерімен жабдықтау жобасына «Kaz Expertize» ЖШС-нің оң сараптама қорытындысы беріліп, облыстың құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына 2025-2027 жылдарға республикалық бюджеттен 1миллиард 624 миллион 766 мың теңге қаржыны бөлдіру жөнінде бюджеттік өтінім ұсынылған. Аталған жобаның тағы бір бөлігі, сметалық құны 1 миллион 875 мың теңге болатын «газбен жабдықтау» жұмыстарын жүргізу үшін «Мемсараптама» РМК Оңтүстік өңірі бойынша филиалының 2023 жылғы 28 қарашадағы №19-0402/23 санды оң сараптама қорытындысы алынған. Бүгінде облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына 2025-2026 жылдарға республикалық бюджеттен 1 миллиард 666 миллион теңгеден астам қаражат бөлуге өтінім берілген.
Бұдан бөлек, «Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» (М32) автодәлізінің бойындағы антенна-діңгек құрылысын (АДҚ) салу жұмыстарына жоба-сметалық құжаттамасы әзірленген. Жобаның жалпы сметалық құны – 470 миллион 162 мың теңге болса, облыстық бюджеттен бөлуге 46173,49 мың теңге қаржы сұралған.
Жұмыспен қамту жүйелі жүргізілуде
Халықты жұмыспен қамту мәселесі қашанда өзекті. Қазіргі таңда Мемлекет басшысының «10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» жөніндегі тапсырмасына сәйкес тиісті шаралар атқарылуда. Бұл бағытта ауданда тапсырманың орындалу көрсеткіші 22,2 процентті құрап отыр. Жыл басынан бері жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеуші ретінде 5382 адам хабарласса, әлеуметтік қорғау шараларымен қамтылып, жұмысқа орналасқандар саны 2748 азаматты құраған. Ауданда ресми жұмыссыз ретінде тіркелгендер саны – 1542 адамды құрап, жұмыссыздық деңгейі 5 процентке жеткен.
Халық арасындағы жұмыссыздықты жою мақсатында кәсіпкерлік саласын дамыту, жаңа өндіріс орындарын ашу жүйелі жүргізілуде. Биыл 5 мыңға жуық жұмыс орындарын құру жоспарланса, оның ішінде 2301 жұмыс орындары құрылған. Бұл шара есепті кезеңе 46,6 процентке орындалған. Яғни, жоспар бойынша 2 мыңға жуық адам бос жұмыс орындарына жұмысқа орналасу қажет болса, оның 720-сы ғана бұл мүмкіндікке қол жеткізіп, 36 процентке жеткен. Ал 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын құру жоспары бекітіліп, оның 40,7 проценті, яғни, 1197 жұмыс орны ғана құрылған. Десе де электронды еңбек шартын жасау, зейнетақы аударымдары талапқа сай толық орындалған.
Жалпы аудан бойынша ұлттық жобалар аясында құрылуы тиіс жұмыс орындары мен жұмысқа орналастыру жоспары құрылған. Жоспарға сай ауданда 29 жобадан 194 жұмыс орны құрылуы тиіс. Бұл ретте 130 адам жұмысқа орналасып, жоспар 67 процентке орындалған. Сондай-ақ, еңбек шарттары тіркеліп, зейнетақы аударымдары да толық аударылған.
Қазір қалауын тапса қар жанатын уақыт. Еңбек етемін деген адамнығ екі қолына күрек таба алатын мүмкіндігі бар. Осы орайда мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қолдау көрсету және оларды қажетті мамандармен қамтамасыз ету арқылы жұмыссыздықты жою жоспары да бар. Кәсіпкерлердің азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуі үшін олардың жалақысын мемлекет тарапынан субсидиялау бағдарламасы өз тиімділігін көрсетті. Мәселен, бұл бағытта ауданда мыңға жуық азамат тұрақты жұмысқа тұрса, әлеуметтік жұмыс орындарына 53 адам тартылған. Сонымен қатар жастар тәжірибесімен 188 жас, қоғамдық жұмыс орнына – 961 тұрғын орналасқан. Бұдан өзге ауданда мемлекеттік грант алған - 171 адам, «Күміс жас» жобасына қатысқандар – 88 адам, «Бастау-Бизнес» курсын оқыған – 300 адам бар. Азаматтарды жұмыспен қамтуда жүйелі жүргізілетін шараның бірі – бос жұмыс орындары жәрмеңкесі. Жәрмеңкеден тұрғындар өз мамандығына немесе қабілетіне сай жұмыс таба алады. Биыл ауданда жыл бойына 12 рет бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткен. Онда 425 бос жұмыс орны жарияланып, 105 адам тұрақты табыс көзін тапқан. Сондай-ақ нысаналы топтағы азаматтарды жұмыспен қамту бойынша табыс көзін іздеген 50 азаматтың 45-і жұмысқа орналасқан. Оның ішінде 38 мүмкіндігі шектеулі азамат, 7 жазасын өткеп келгендер бар.
Тұрақты табыс көзін табудың негізгі әрі тиімді жолы жеке кәсіп жүргізу. Бұл мақсатта мемлекет тарапынан қолдау бар. Оны ұтымды пайдалана білгендер бүгінде өз ісін жүргізіп, табыс табуда.
Биыл аудан бойынша «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» бойынша «Жаңа бизнес идеяларды дамытуға арналған» мемлекеттік қайтарымсыз грантқа конкурс ұйымдастырылған. Жоспар бойынша конкурста 166 азаматқа грант беру көзделгенімен, мемлекеттік грант иегері атанғандар 171 адамға жеткен. Оның ішінде 63-і жастар болса, 103-ін әйелдер құраған. Сондай-ақ, «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша «ENBEK BUSSINES» порталы арқылы 30 адам оқуға өтініш беріп оқуын аяқтаса, skills.enbek.kz порталы арқылы 2681 адам өтініш беріп, сертиффикаттарын алған.
Ауыл шаруашылығы саласында нәтиже бар
Дамуы серпінді, экономиканың негізгі салаларында серпілісі бар, ауқымды жобалары басым Жаңақорған ауданы биыл да жылдағы көрсеткіштен кем түскен жоқ. Ауданда жыл бойы атқарылған жұмыстар бүгінде өз нәтижесін көрсетуде.
Жаңақорғандықтар да өзге аудандардағыдай негізгі басымдықты ауыл шаруашылығы саласына берген. Аудан әкімдігі берген мәліметке сүйенсек, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы үлесі 14 568,0 миллион теңгені құрап, 101,2 процентке жеткен. Соның ішінде 5 983,3 миллион теңгесі егін шаруашылығы, 8 471,2 миллион теңгесін мал шаруашылығы алып отыр.
Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда егін шаруашылығы бойынша 99,5 процентке, мал шаруашылығы 102,6 процентке орындалған. Жалпы биыл аудан бойынша барлығы 35 315 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған. Нақтырақ айтқанда, 7 300 гектарға күріш дақылы, 3 756 гектарға күздік бидай, жаздық бидай 123 гектар, тары 103 гектар, дәндік жүгері 875 гектар, мақсары 2 158 гектар, күнбағыс 16 гектар, жаңа жоңышқа 5 175 гектар, ескі жоңышқа 13 278 гектар, картоп 202 гектар, көкөнiс 362 гектар, бақша дақылдары 1 342 гектарға отырғызылған.
Жер-ана төсіне осынша көлемде дәнді дақыл егіп, оны ала жаздай күтіп, баптаған диқандардың алғаусыз еңбегі, төккен маңдай тері ерекше. Бүгінде тынымсыз тірлік өз нәтижесін беріп, аудан бойынша межеленген 7 300 гектар күріш егіліп, оның 7 211 гектары орылған. Күріштің әр гектарынан орташа 53 центнерден өнім алынған. Одан бөлек, басқа да дәнді дақылдарға орақ түсіп, жоспар ойдағыдай жүзеге асқан. Оның ішінде 3 756 гектар күздік бидайдың әр гектарынан 20 центнер және 123 гектар жаздық бидайдың әр гектарынан 18 центнер өнім жиналған. 4 325 гектар жаңа жоңышқаның әр гектарынан 10 центнер, 15 210 гектар ескі жоңышқаның әр гектарынан 29 центнер өнім жиналған. 2 158,4 гектар мақсары дақылының әр гектарынан 16 центнер өнім жиналса, 375 гектар дәндік жүгерінің әр гектарынан 30,2 центнер, 367 гектар көкөнiстің әр гектарынан 208 центнер, 1 347 гектар бақша дақылының әр гектарынан 297,6 центнер өнім жиналған.
Егін өнімінің ойдағыдай жиналуына ерте көктемде басталған дайындықтың жүйелі жүргізілуінің де үлесі зор. Бұл ретте ақпан айынан бастап аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен ауылдық округтердегі Р-санатындағы жалпы ұзындығы 43 шақырымды құрайтын каналдар тазаланып, 4 000 гектар күріш егістік танаптары лазерлі тегістеуден өткізілген. Сондай-ақ, биыл 14 гектар алқапқа тамшылатып суарудың жаңа үлгісі енгізіліп, жалпы аудан бойынша 100 гектарға жуық алқапқа су үнемдеу технологиялары орналастырылған. Сонымен бірге, егін жинау науқанына 182 дана трактор, 38 дана комбайн, 28 дана жатка, 21 дана жүк көлігі, 37 дана тіркеме жүктелген. Жалпы осы жылы ауданда 16 дана мамандандырылған ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынып, техника паркі 8,6 процентке жаңартылған. Оның ішінде 1 комбайн және 15 трактор жаңадан сатып алынған. Ал күзгі егін жинау науқанына 1130,0 тонна дизель отынына тапсырыс беріліп, шаруашылықтар қажетті отынмен қамтамасыз етілген.
Аудандағы мал шаруашылығы саласы да биыл оң көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Статистикалық мәліметке сүйенсек, ауданда бұл жылы 76 390 бас мүйізді ірі қара тіркеліп, 103,3 процентті құраса, 292 499 бас қой - 86,5 процентке, 9 073 ешкі - 87,0 процентке, 28 825 бас жылқы - 111,5 процентке, 2 152 бас түйе - 100,0 процентке, 18 491 бас құс - 95,8 процентке жеткен. Ал олардан өндірілетін өнім көлемінде де ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже бар. Атап айтқанда, өндірілген мал өнімдерінің көлемі 2025 жылдың 01 қыркүйектегі көрсеткіші бойынша ет (тірі салмақ) – 5351,7 тонна, сауылған сиыр сүті – 4 791,1 тонна, тауық жұмыртқасы – 1355,5 мың дана өндірілген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ет өнімі – 103,9 процентке, сүт өнімі – 101,1 процентке, жұмыртқа – 101,6 процентке орындалған. Сонымен қатар, малды қысқа азықтандыру жұмыстары бойынша ауданда 2025-2026 жылға шартты мал басына орай 185,8 мың тонна шөп, 37,5 мың тонна жем және 37,6 мың тонна сабан дайындау жоспары бекітілген. Қысқы мал азығын дайындау жоспары толық орындалып, шөп дайындау 104,0 процентке, жем дайындау 101,3 процентке, сабан дайындау 101,9 процентке орындалған.
Аудан бойынша жалпы ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 443,4 миллион теңгені құрап, 150,5 процентке, ал тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 509,7 миллион теңгені құрап, 6,2 есеге артығымен орындалған.
Жаңақорғандықтардың биыл ерте көктемнен басталған тынымсыз тірлігі өз жемісін берген. Диқандар мен малшылардың еңбегі ақталып, жоспардың межеден артық орындалуы ауданның ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне жыл соңында осылайша, елеулі үлесін тигізді.
Спортшылар аудан абыройын көтеріп жүр
Бүгінде Жаңақорған ауданында 400-ге жуық спорт нысандарына тұрғындарға қызмет кеөрсетеді. Ауданда 1 стадион мен 15 денешынықтыру-сауықтыру кешені, 1 ипподром, 68 спорт зал, 4 тир ату бөлмесі, 49 жапсарлас спорттық бөлмелер, 200-ден аса баскетбол, волейбол, шағын футбол, стритбол және жасанды жамылғымен көмкерілген спорт алаңдары, 3 спорттық ядро, үлкен футбол сынды жазықтықтағы спорт алаңдары бар. Қазіргі таңда ауданда 26 спорт түрінен 33 мыңнан астам жаңақорғандық тұрғын тұрақты шұғылданса, оларға 96 ұжым қызмет етеді. Аудан халқының спорттағы үлесі осылайша, 40,6 процент көрсеткішке жетіп отыр.
Жалпы елімізде бұқаралық спортты дамытуға басымдық берілген. Азаматтардың салауатты өмір салтын ұстануына, балалар мен жасөспірімдердің қалаған спорт түрімен айналысуына барынша жағдай жасалған. Бұл бағыттағы жұмыстар ауданда да кеңінен қолдау тапқан. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында спорттық іс-шараларды тұрақты өткізу жолға қойылған.
Жаңақорған ауданы әкімдігі берген мәліметке сүйенсек, ІІІ тоқсанын қорытындысымен саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында 163 спорттық іс-шара өткізілген екен. Оның ішінде 53 ауыл аймактык, 89 аудандык, 11 облыстык, 2 ел чемпионаты, 8 республикалык деңгейде бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізіліп, оған 7108 аудан тұрғыны тартылған.
Аудан, аймақ намысы сынға түсетін додаларда да спортшылардың бәсі биік. Жыл басынан бері аудан спортшылары Әлем чемпионатынан 2 күміс, 2 қола жүлдені иеленсе, белбеу күресінен жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында 3 күміс, 1 қола жүлдегер атанған. Сондай-ақ, Әлем және Азия Кубогтарының 2 алтын, ҚР чемпионаттарының 40 алтын, 21 күміс, 21 қола медалінің иегерлері де жаңақорғандық спортшылар атанып отыр. Тағы бір айта кетерлік жайт, ауданның 35 спортшысы ҚР ұлттық құрама командасының сапына енсе, 45 спортшысы облыстық құрама команда сапында өнер көрсетеді. Ал спорт түрлері бойынша 7 спортшы – Қазақстан Республикасының спорт шебері, 36 – спортшы – Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер, 16 спортшы – І-ші разрядты спортшы нормативін орындаған.
Туризмді дамытуға мүмкіндік бар
Өңірде туризм саласын дамытуға қолайлы, табиғаты да соған сай келетін ауданның бірі де осы – Жаңақорған. Бүгінде ел ішінде емдік шипажайларымен танымал ауданның туризм саласын әлі де жандандыруға орасан зор мүмкіндігі бар.
Сырдағы таулы аймақ саналатын мұнда қазіргі таңда туризм саласы бойынша 31 нысан тіркелген. Оның 5-еуі шипажай болса, 2 балалар лагері, 8 қонақ үй, 9 тарихи туристік нысандар және 7 жол бойы қызмет көрсету кешендері бар.
Туризм саласын дамыту мұнымен тоқтамақ емес. Қазір сырттан келушілерді тарту мақсатында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойында орналасқан аудандарда жол бойы қызмет көрсету кешенін салу ісі қолға алынуда. Бұл ретте ауданда жоба құны 1 миллиард болатын тағы бір жол бойы қызмет көрсету кешенінің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілген. Кешенде жанар-жағар май бекеті, қонақ үй, қоғамдық тамақтану орны, көлік жуу, СТО, моншасы бар. Бұдан бөлек «Аружан» жол бойы қызмет көрсету кешенінде Ұлттық стандартқа сай жылы дәретхана құрылысы жүргізіліп, бүгінгі күні жол бойы қызмет көрсету кешендерінің сапалы қызмет көрсетілуі, ыңғайлылығы, тазалығы, оның ішінде дәретханалары, олардың күтіп-бапталуы, терминалдар мен интернет желілерінің орнатылуы арнайы бақылауға алынған.

