Kyzylorda-news.kz.   Жаңақорған ауданында ресми тіркелген аң шаруашылығы жоқ. Сыр мен Қаратау бөктерінен қоян, түлкі, қарсақ, тағы басқа аңдар өреді. Қаратау маңындағы жекеге өткен жерлердің иелері қоршап алып, жерге иелік етуде. Қорықшылар тек ерекше қорғалатын аумақтағы аң-құстарға жауапты. Әкімшіліктің немесе шаруа қожалығы жеріндегі дала жануарлары сол шаруа қожалықтарының иелігіне жатпайды. Шаруа қожалықтары да өз жеріндегі аң-құстарды рұқсатсыз ата алмайды. Талапқа сай жылына жүз қоянға дейін атуға жолдама беріледі.

Бұл туралы Жаңақорған ауданы орман қорғау және күзету жөніндегі инженер Бақытжан Исматов былай дейді:

– Ауданда арнайы жолдаманы  келіп аулаушылардың қатары аз. Қазір бұрынғыдай емес, бей-берекет аңға шығу азайды. Егер жоғарыдағыдай талаптарды орындап, аулаушылар келіп жатса, бес қорықшымыз бар. Күзде үйрек, қаз, қасқалдақ, құр, шалшықшы аулау мерзімі 6 қыркүйектен 30 қарашаға дейін, ал шілге 6 қыркүйектен 15 қарашаға дейін мерзім белгіленген, – дейді орман қорғау және күзету жөніндегі инженер Бақытжан Исматов. 

Аңшылық талап-ережесіне сай, тұяқты жануарлардың аталығына жылда 1 тамыздан 31 желтоқсанға дейін, қабанға 6 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін рұқсат етілген. Қыста қоян, түлкі, қарсақ, күзен аулау 1 қарашадан бастап ақпан айының ортасына дейін жалғасады. Облыс аумағында сүтқоректілердің 62 және құстардың 214 түрі мекендейді. Олардың ішінде 35 сүтқоректі мен құстың 80 түрі аңшылық-кәсіптік бағыттарға жатады. Ал аңның 10 түрі мен 35 құс «Қызыл кітапқа» енген.

Технология дамыған сайын табиғатты қорғау өзекті тақырыпқа айналып келеді. Тарихтың тереңіне үңілсек, ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы қолдан жасалған аштық пен қуғынсүргін, одан кейінгі тың және тыңайған жерлерді игеру мен ядролық сынақ алаңдарының жергілікті халықтың өсіп-өркендеуін қаншалықты тежегенін аңғару қиын емес. Сыр өңірінде ғана мекендеген керқұлан, аққұлан, тарпаң, жолбарыстан қалай айырылғанымызды ғалымдардың еңбегінен ғана оқыпбіліп жүрміз.

Саны азайған, тіпті тұқымы мүлде жойылудың алдында тұрған жан-жануарларымыз бен өсімдіктеріміз туралы түсінігіміз де аз. «Қызыл кітапқа» енген қазынамыздың қадіріне кім жетті? Аймаққа ғана тән ландшафттың тағдырына тұрғындар алаңдай ма? Ашкөздік танытып жүрген жерлестерге қандай шара көруге болады? Алдымен осы сұрақтарға жауап іздеген едік. Браконьер деген кім? Осы сөздің түп-төркінін ақтармақ мақсатта «ҚазАқпарат» баспасынан жарық көрген экология саласына арналған 17-томында браконьер – қаскөй, браконьерство – қаскөйлік деп аударылыпты. Кейін 2002 жылы «Мектеп» баспасынан жарық көрген «Экология және табиғат қорғау» деп аталатын кітапта: қаскөйлік (браконьерства) – аң аулау, балық аулау ережесін және жануарлар әлемін қорғау туралы заңның талаптарын бұзып, жабайы жануарларды аулау немесе жою деп көрсетіліпті. Міне, осы нұсқа тура мағынаға жақын деуге болады. Әйтсе де, барконьер сөзінің әлі күнге дейін қазақы баламасын қолданысқа енгізе алмай келеміз. Тіл жанашыры ретінде осы сөзді әріден зерттеп көрдік. Шынында да француздың «braconnier» деген сөзінен шыққан бұл термин жабайы жан-жануарлар мен өсімдіктерді заңсыз аулап, өндіруге қатысты ұғымды білдіріп тұр емес пе? Тақырыпты терминнің айналасында емес, браконьерлікпен күреске арнағанды жөн көріп отырмын. Заңсыз аңшылықпен айналысқандарға қылмыстық кодекстің 337 бабы мен заңсыз балық аулау ҚК 335-бабы қылмыстық теріс қылық ретінде емес орташа ауырлықтағы қылмыс қатарында, ол үшін 4 жылға дейін бостандығынан айыру жазасы бар. Сондай-ақ топпен жүріп заңсыз аң аулаушылардың ісі ауыр қылмыстар қатарына өтіп, 6 жылдан 1 жылға дейінгі аралықта бостандығынан айыру жазасының белгіленуі де табиғатты қорғауға серпін берер деген үміт бар. Табиғат инспекторларына бағынбау, өміріне қауіп төндіру енді полиция қызметкерлері мен арнайы мемлекеттік орган, әскери қызметкерге қарсы келумен пара-пар. 

Жасыратыны жоқ, табиғат байлығын қорғауға жауапты комитеттер соңғы ширек ғасырда жиі ауысты. Тарқатып айтсақ, бірнеше жыл қоршаған ортаны қорғау министрлігіне, одан соң, қоршаған орта және су ресурстары министрлігіне, бірде Ауыл шаруашылығы министрлігіне, арасында табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігіне, бірде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің құзырына қарады. Тұрақтылық болмай, басымдыққа жеткілікті деңгейде мән берілмегендіктен бұл уақытта саладағы түйткілді мәселелер бұрынғыдан қордалып, салмақтана түсті. Кімге қараса да, жыл сайын табиғатты қорғау бағытында мемлекет тарапынан қолдау жоғары деңгейде жүрді. Мәселен, маусымдық рейдтер, ландшафтарды қорғауға субсидиядан бастап, дариядан тасып-төгілген қайрандардағы балық шабақтарын құтқару үшін жыл сайын қомақты қаражат бөлініп келеді. Сонда да табиғатымыз көркеюдің орнына сұрықсызданып бара жатқандай. Неге? Оған басты себеп – ашкөздік ғана секілді.

«Дәніккеннен құныққан жаман» дегендей, аңшылықпен тек әуестік үшін айналысып, ондағы ереже мен тәртіпке мойынсұнбай ашкөздікпен табиғатқа залал келтірушілер тіпті аңқұс пен өсімдікті былай қойып, оны қорғаушыларға қару кезенетін жағдайға жеттік. Онсыз да материалдықтехникалық қамтамасыз етілу жағынан артта қалып, мардымсыз жалақыны місе тұтып жүрген орманшы, қорықшы, инспектор қауымды мазақ қылушылар тіпті қорқытып-үркіткеніне көнбей, қарсылық көрсеткен жағдайда өлтіріп кетуден де тартынбайтынын естіп жүрміз. Қоғамдағы түйіткілді мәселе төңірегінде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Соңғы уақытта болған қайғылы оқиғалар ұйымдасқан қылмыстың тағы бір түрі – браконьерлік мәселесінің бетпердесін ашты. Бүгінде браконьерлер сақадай-сай жабдықталып, қаруланған және өздерінің жазалана қоймайтынына сенімді секілді. Өткен жылдың өзінде жануарлар әлемін қорғап жүрген екі инспектор браконьерлердің қолынан қаза тапқаны осы мәселенің бір ұшын шығарғандай болды. Бұл бірінші рет орын алған жағдай емес, бұл істің тамыры тереңге жайылған, соның ішінде бұл құқық қорғау органдарының салғырттығынан болып отыр. Олар ұлттық байлығымыз – табиғатымызға аяусыздықпен қарап, орны толмас зиянын келтіруде» деп сөзін шегелеген еді. Өзгені сөз етпегенде өз ауданымызда аң-құс ату мен балық аулауды жыл он екі ай кәсіп етушілер көп. Соның салдарынан Қаратау мен Сыр өзені маңында қоян, түлкі, борсық саны азайған. Мұны зерттеп жүрген ғалым, «Кондратов тәжiрибе көрсететін орман тұқымбағы» ЖШС директоры Аманжол Кекілбаев әлеуметтік зерттеуінде былай деген еді: «Сырдария мен Қаратау аралығында он жылда бір рет Андров тәжірибесіне сай сынама жасалып келеді. Сол сынама нәтижесі соңғы жылдарда сұр қоян, борсық, түлкі түспеді. Бұл табиғат байлықтарының күрт азайып бара жатқанын аңғартады» депті.

Мұны жергілікті саятшы, ел ағасы Ерболат Әлиев те құптады. Тоғайда толып жүретін қоянқабыландар соңғы уақытта көзге түсе бермейтінін әңгіме еткені бар еді. Түлкіден тымақ, ішік пішіп, кәдеге жарататын Күмісай Ысқаққызы да соңғы жылдары түлкі терісін табу мүмкін еместігін, соған байланысты кәсібі тоқтап қалғанын айтты. Пікір білдірушілер арасында еңбек ардагері Сергей Якуповтың сөзі үлкен ой салды.

 – Жаңақорғанға көшіп келгенімде тұрғылықты халық аңшылық пен балық аулау кәсібін мүлде білмейтін еді. Көбісіне өзім үйреткенмін. Қазір арада елу жыл өткенде ойланып қарасам, бізден асып түсіп, қырып-жоюдан көш бастап тұр. Әр жаратылыстың қанын мойынға жүктеу нағыз қаскөйден шығады деп санаймын. Аң мен құстың төлдейтін мезгілін өткізіп, арнайы уақытта саятшылық етуді ұмытты. Табиғат талан-таражға төзбейді, сондықтан болар, экологиялық ахуал да, ауа райы да ауыспалы-құбылмалы болып жатыр деп ойлаймын, – деді ардагер. Балық аулауды бала күннен кәсіп еткен Бақыт Ырысбек көлдерде балықтарды тоқпен соғып, қырып салушыларды сынап, өз пікірін жеткізді. – Балықтың уылдырық шашатын уақытында да өзен-көл жағалап, балықтар әлемін жойып жатқандарға наразымын. Тоқ соққанда бүкіл судағы тіршілік жойылып, өлі әлемге айналады. Ірілерін сорттап алып, майда шабағын шашып кететін жағдайлар көп. Соңы өзен-көлдің суы ластанып, экологиялық апатқа әкелуде. Осындай қаскөйлерге қоғам болып қарсылық білдірмесек, алдағы он жылда балық та көзден бұлбұлдай ұшары анық, – деді жанашыр азамат. Еңбек жолында табиғатты қорғау ісімен етене болған, түрлі салада тәжірибе жинақтаған заңгер Әбдімәулен Сабырханов та әлеуметтік желіде үн қатты.

– Кім көрінген қар жауды деп қансонарға шыға берсе, Сыр табиғатынан не қалады? Ата-дәстүріміздегі саятшылық мәдениетті бойға сіңірмей, табиғатты сүюді қалыптастырмай бұл ашкөздіктен арылмаспыз. Әр тіршілік иесінің киесі, наласы, сұрауы бар. Ата-бабалардан аманат болған сұлу табиғатты келешек ұрпаққа жеткізу әрбіріміздің адамзаттық борышымыз, – дейді ол. Осы тақырыпта сөз еткен Құмсахаба мешітінің имамы Ержан Сейітжаппаров:

«Әріден әпсананы қозғасақ, табиғат пен адамның арасындағы байланыс құдіретті күштің барын сезесіз. Табиғатқа жанашырлық танытпаған елдің болашағы бұлыңғыр екені даусыз. «Тұздыкөл» туралы аңыз әңгіменің желісі тұмса табиғатқа жасалған қастықтың соңы тұтас бір елдің құлдырап, жер бетінен жойылуына себеп болады. Кезінде жер жаһанға әмірі жүрген елдің орны бір сәтте-ақ тұзы бұрқыраған қара сорға айналуынан-ақ туған жерге әр адамзат махаббат мейірімін төгуі қажет екенін аңғарасыз», – деп түйді ойын.

Біз де әпсанамен мақаланы түйіндеуді жөн көрдік.

Тағы да оқыңыз: