Kyzylorda-news.kz Кинотеатр – шынайы өмірдің айнасы. Тұтас әлемді көз алдыңа әкеліп, теңдесі жоқ қиял әлеміне самғатар сахна құдіретін шын сезінген рухани кемелдене түсері анық.  Осындай көңіл-күйді көпшілікке тарту етіп келе жатқан кенттегі  «Арман» кинотеатры заманауи құрылғылармен жабдықталып, жан-жақты сәулеттене түсті.

«Жақсы басшы – елге құт» демей ме дана халқымыз. Кент басшылығына тәжірибелі басшы Асқар Ибрагимов келгелі  оң өзгерістер байқала бастады. Көшенің ажары артып, жаңа нысандар бой көтеріп, балалар демалатын  саябақ пен алаңқайлар шат-шадыман күйге енді. Солардың қатарында отыз жылға жуық жұмысы тұралаған кинозалдың жұмысы қайта жандана бастады.

Кинотеатрдың ашылу салтанатына келген меймандардың қарасы қалың. Халықаралық жүлдеге ие болған таңдаулы туындыларды тамашалауға тұрғындардың талабы зор. Көптің көңілінен шығатындай отандық киноларды сараптап алған «Арман» кенттік мәдениет үйінің ұжымы апта сайын жаңа қойылыммен қуантпақ ниетте. Тарқатып айтсақ, жұма күні балаларға арналған екі маусымдық кинотайм қойылады. Ал жұма күні кәмелетке толған жастар мен ересектерге арналған кинокөрсетілім болады. Бұл туралы кенттік мәдениет үйінің директоры Күлән Әбілтанова тарқатты.

– Өздеріңіз білетіндей, бұрынырықта осы мекемеде апта сайын кино көрсетілетін. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап жұмысы тоқтап тұрған еді. Жиындарда жиі айтылып жүрген мәселелерге ерекше көңіл қойған кент әкімі Асқар Ибрагимов ең алдымен ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, лэд экран алып беріп, көшілікті киномен қауышуына жол ашты. Біз осы жаңа бастаманы абыройлы атқару үшін әр түрлі кинопрадакшнмен сөйлесіп, олардың өнімдерімен танысып көрдік. Ашығын айтсақ, қазақы дүниетанымызға сай, салиқалы ел көретіндей киноларды іріктеп алдық. Барша қауымға ұнайды деген сенімдеміз, –деді ол.

Халықаралық киногерлердің озық туындылары мен отандық кинолардың үздігі әр апта сайын көрерменге ұсынылады. Кинотеатрдың ашылуын қуанышпен қарсы алған жерлестердің пікірлері бір арнаға тоғысты. Соның бірі – «Жасыл ел» жасағының бригадирі Ынтымақ Рахым өз пікірін білдірді.

– Жасыратыны жоқ, осы күні Түркістан мен Қызылорданың кинотеатрларына бара қалсаңыз кем дегенде он-он бес жерлесіңіздің отырғанын көресіз. Бірі ата-анасын алып барса, бірі сүйіктісімен көңіл көтеріп қайтады. Ендігі жерде өзіміздің кентте де ойын-сауық орталықтары жұмыс жасауда. Бұл бір жағынан қаржылай тиімді болса, бір жағынан уақыттан ұтамыз. Сондықтан, сапалы лэд экраннан кино көруге замандастарымды шақырамын, –деді.

Үш ай жазғы демалысқа шыққан оқушылар үшін бос уақытын тиімді өткізуге таптырмас орын болғалы тұр. Мұны кинозалдың ашылуна келген балалардың жүзінен аңғару қиын емес. Төрт перзентін кино көруге әкелген Сая Асқарова осы ойды қуаттады.

– Бұл жаңалық өзім секілді көп балалы аналарды қуантып отыр. Үш ай жазда балаларды осында әкелуге болады екен. Бағасы да тиімді. Көрестіп жатқан киносының өзі тәлімдік-тәрбиелік мәні зор, өмірдің өзінен алынған шынайы оқиғаларға негізделгені ұнады, –деді ол.

ТҮЙІН. Кино – тәрбиелік құрал. Сондықтан болар, әр көрсетілімдегі бір сәттік кадрдың өзі жандүниеңізді тас-талқан етіп қопарып кетуі ғажап емес. Жасөреннің санасына селкеу түсірмей, отансүйгіштік қасиетті дарытатын, достық пен ынтымақты насихаттайтын туындыларды миллиондардың ішінен іріктеп, ұлттық танымызды дәріптеу әрбіріміздің басты мақсатымыз екені даусыз.  Елдік мүдде жолында рухани үндестігімізге серпін берер бастамаларға халықтың өзі алын бағасын берері сөзсіз.

 

Мақпал МАРҚАБАЙ

Тағы да оқыңыз: