Kyzylorda-news.kz. Жаңақорғанда жер кезегіне тіркелушілердің саны жыл сайын артпаса, кеміген емес. Бірақ жер берудің жыры әлі де жалғасып, созбалаңға салынуда. Бұл мәселе аудан әкімінің қатаң бақылауында болғанымен, тиісті мекемелерден еститін жауабымыз – инфрақұрылым салынуы керек. Айтылуын айтылып жатыр, тек нәтиже жоқ. Аудан бойынша бас-аяғы 10211 адам жеке тұрғын үй құрылысы үшін кезегін күтуде. Жер кезегі неліктен жылжымай тұр? Биыл кімдер жер ала алады? Кезекті қалай бақылауға болады? Осы сұрақтар төңірегінде тиісті мамандардың пікірін білген едік.
Қазақстанның жері кең болғанымен, халқы тым аз, сол аз тұрғынның үй салатын жер ала алмай жүргені қынжылтады. Расында, даламыз – дарқан, керегеміз – кең, жеріміз жетерлік. Кез келген азамат ақысыз жер телімін алуға құқылы. Бірақ жер кезегі оңай шешілетін мәселе болмай тұр. 18 жастан асқан кез келген қазақстандық жеке тұрғын үй салу үшін 10 сотық жерді алуға онлайн өтінім бере алады. Бұрынғыдай сабылмайды. Қазір жер алғысы келетін адамның жылжымайтын мүлкі, пәтері, үйі болса да өтініш қалдырады. Бұған қоса жерді елдің кез келген өңірінен алуға болады. Тұрақты мекен-жайы маңызды емес, құжат жинап әуре болмайды. Алайда «бөркімізді аспанға атып» қуанудың қажеті жоқ. Өйткені тұрғындар арасында саналуан әңгіме өріп жүр. Көбі беріліп жатқан жерді иелері кезекпен алды дегенге сенбейді. 10 жылдан бері жер кезегінде тұрған Оңдас Жарылқасынұлы:
«2012 жылы жер кезегіне тіркеліп, өтінім беріп қойғанмын. Жылына екі рет арнайы барып, кезегімді тексеріп тұрамын. Әр барған сайын өзгермейтін сол баяғы сандар. Шыны керек, мұның тиімді жолын қарастырып, кезекті бір жолға қоятын уақыт келген секілді. Өйткені осылай жалғаса беретін болса халықтың сенімінен айырылып, сайып келгенде ел арасында түрлі пікірлер туындайды», – деген ойын жеткізді.
Осы тектес пікірлер, қарапайым халықтың өкпе-реніші жетерлік. Бұл мәселеге қатысты Сенат спикері Мәулен Әшімбаев та өзіндік пікірін білдірген. Иә, жеріміз кең, аймақ жеткілікті, еш қиналмай үлестіре беруге болар еді. Дегенмен байланыс пен интернет тартпайтын, жолсыз, электр жүйесі мен су бармаған, кәріз жүйесі жоқ жерлерді азаматтар не деп алады? Осындай жерді алған соң адамға бейнет болмаса, ол жерден аса қайыр болмасы анық. Әшімбаев осы жайттарды ескеріп, әуелі инфрақұрылымдық мәселелерді шешіп алмай, қадам жасай беруге болмайтынын айтты. Заң талабы да соны көздейді. «Жер кодексінің» 44-бабында берілетін жерлер инженерлік алқаптардан болуы керек екені көрсетілген. Яғни алатын жеріңіз су және электр жүйесімен қамтылуы қажет. Бірақ барлық жерді қысқа мерзімде «гүлдендіре» салуға жетерлік ақша мемлекет қорында жоқ. Саладағы мамандар бұған дейін осы мәселені орнықтыру үшін мемлекеттің жартылай кеткен шығындарын жеке бизнес инвестициясы арқылы толтыруды ұсынған. Сонда ғана тізімді жылдамдата жүргізуге талпыныс болуы мүмкін.
Алдымен аудандық жер қатынастары бөлімінің есігін қақтық. Заңдылыққа сүйенейік, Қазақстан Республикасының Жер Кодексінің 50-бабына сәйкес жер учаскелері ҚР азаматтарына жеке тұрғын үй құрылысы үшiн – 0,10 гектар жер тегін беріледі. Ал ауылдық жерлерде өзiндiк қосалқы шаруашылық (үй маңындағы және егiстiк телiмдердi қоса алғанда) жүргiзу үшiн суарылмайтын жерде 0,25 гектар және суармалы жерде 0,15 гектар ел азаматтарына жеке меншікке тегін беріледі. Ол үшін құжат тапсырасыз, бірақ биылдан бастап тек электронды түрде.
«Ауданда жер кезегі 2010 жылдан бері қалыптасты. Бүгінде 2015 жылға дейін кезекте тұрғандарына толыққанды берілді. Енді 2016 жылдан бастап кезекте тұрғандардың реті келді. Қарапайым халық жер кезегінің баяу жылжып жатқанын жете түсінбейді. Кенттің ішінен жерді белгілеп алып бере бермейміз. Әуелі, белгіленген жерді құрылыс бөлімі суын, жылуын, жарығы мен жолын жүргізіп болған соң ғана, біз жерді бере бастаймыз. Кезек екі түрлі себеппен жылжымай қалуы мүмкін. Біріншіден, егер қорда жер жоқ болса. Екіншіден, қорда жер бар болғанымен, ол жерге су құбырлары, жарық, газ, жол сияқты инфрақұрылым тартылмаған болса. Осы негізбен әкімдік жерді беруді тоқтата алады. Негізі біздің ауданда жер кезегі жақсы жылжуда. Өзге аудандар әлі 2008-2009 жылдары кезекке тұрғандарға беріп жатыр. Осы тұста айта кетейін, жер учаскесін алу үшін кезектілікке тіркелмегендігі анықталса ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің №301 бұйрығының 15-қосымшасына сәйкес «Жер учаскесін алу үшін кезекке қою» мемлекеттік қызметін көрсету қағидасы арқылы egov.kz порталына жеке электрондық цифрлық кілтіңіз арқылы кіріп тіркелуіңізге болады. «Жылжымайтын мүлік» батырмасын басып, «Жер қатынастары» тізілімін таңдап, «Жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін алуға кезекті қарау немесе кезекке тұру» бөлімшесіне өтесіз. Жаңақорған кенті немесе республиканың кез келген аймағын таңдап өтініш білдіруге болады. Тағы айтамын, тіркелу тек электронды түрде», – деді жер қатынастары бөлімінің маманы Серік Төлендиев.
Кезегіңізді білгіңіз келсе электронды түрде көре аласыз. Иә, қазір құжаттың басым бөлігі электронды жүйеге көшті. Ол үшін тиісті мекеме немесе кент есігін сығалап жүрмейсіз. Жер қатынастары бөлімі құжат тапсыру бойынша және атқарылған жұмыстарды жүйеледі. Жаңақорғандықтар асыға күтіп жүрген «Саяжай-1» мөлтек ауданының құрылысының жай-күйі қалай? Бұл бойынша аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінен жауап іздедік.
«Жаңақорған кентінде жеке тұрғын үйге арналған жер учаскесімен қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылы Жаңақорған кентінің «Саяжай-1» шағын ауданына нақты көлемі 300 гектар болатын егжей-тегжей жоспарлау жобасы (ПДП) жасалды. Бұл жоба аясында «Саяжай-1» шағын ауданынан жеке тұр¬ғын үй құрылысына арналған 1746 жер учаскесі орналастырылады деп күтілуде. 2022 жылы аудандық және облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес инженерлік инфрақұрылым желілері құрылысын салуды мақсат етуде. «Тас жолдар» жобасы әзірленді, жобаның жалпы сметалық құны әзірленді. Жобаға 2022 жылғы 22 желтоқсанда №NORZ-0097/22 санды «Normal Z» ЖШС-ның оң сараптама қорытындысы алынды. Электрмен жабдықтау жобасы да әзірленді. Қазіргі таңда жоба сараптаманың қарауында. Ақпан айының бірінші он күндігінде сараптаманың оң қорытындысы алынады. Газбен жабдықтау жобасы да әзірленді. Бұл жоба да мемлекеттік сараптаманың қарауына ұсынылды. Осы жылдың сәуір-мамыр айында жобаға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынады деп жоспарлануда. Ағымдағы жылы жоғарыда аталған жобалардың 2023-2024 жылдарға «Саяжай-1» учаскесін сумен жабдықтау, тас жолдардың құрылысын салуға облыстық және республикалық бюджеттерден қаржы бөлдіруге Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына бюджеттік өтінім жолданды. «Саяжай-1» учаскесін электрмен жабдықтау жұмыстары бойынша сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін, құрылысын 2023-2024 жылдары салуға облыстық және республикалық бюджеттерден қаржы бөлдіруге бюджеттік өтінім ұсынылатын болады», – деді бөлімнің сектор меңгерушісі Тұрарбек Өмірбеков.
Толғақты мәселе шешімін табуы үшін оның инфрақұрылымы жасалуы тиіс. Бұл 1-2 жылдың еншісіндегі шаруа емес. Ал суы мен жарығы жоқ жерге үй салғандардың тартқан азабы аз болмады. Жарық пен қоса асфальт та салынбаған. Бұлай созыла берсе жылу жинап, өз қотырымызды өзіміз қасуға тура келеді деп тұрғындардың талай ренжігенін көрдік. Барлығы өз уақытымен, дегенмен жер кезегі жылжитын емес.
«Қазір бір шаңырақтан кем дегенде 2-3 жанұя жеке бөлініп, еншісін алып шыққысы келеді. Не істеу керек? Ипотекаға үй алуға жеткілікті қаражаты жоқ, жер сатып алайын десе аудан орталығында баға аспандап тұр. Баспаналы болуға мүмкіндігі келмегендер амалдың жоғынан пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Таршылық бүйірден қысқанда екі келіннің басын біріктіру оңай емес. Еш болмаса жері болса, әрекет етер едік», – дейді кент тұрғыны Анаргүл апа.
Статистикаға сүйенсек, Жаңақорған ауданы бойынша жыл сайын бала туу көрсеткіші аймақта алдыңғы қатарға шықты. Шаңырақ көтерген жастармен қатар туған жерді түлетуге келген отбасылардың да саны артты. Нәтижесінде халық саны 85 мыңға жуықтады. Бірақ пәтер жалдап тұрушылар күрт көбейді, оны несіне жасырамыз. Қазір арзан бағада үй сатып ала алмайсың. Сосын амал жоқ пәтер жалдайсың. Оның үстіне, туысының атынан жерді рәсімдеп алғандар бағасын еселеп сатады.Мәселен, МАИ бекеті аумағынан 10 соттық жерді 1 миллионға табу қиын. Ал, орталықта 2-3 миллионнан кем емес.Кент әкімдігіндегі жауапты маман бос және мерзімі өткен жерлерді қайтарып, 2014 жылы тізімде қалған 64 тұрғынға жер беріледі дегенді ескертті. Демек 6 жыл бұрын тіркелгендерге жер алу бақыты бұйырайын деп тұр. Қарап тұрсаңыз, бір жылда кем дегенде мыңнан аса тұрғын жер кезегіне тіркелу үшін өтініш береді екен. Демек бұл мәселені тікелей шешу кент әкімдігі құзырында емес. Жерді меншікке алудың алғы-шарты – инфрақұрылым жағдайын білмекке аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне бет бұрдық.
Қаржы жылдың аяғына дейін шешіліп, биыл жұмыс бітеді деп жоспарлануда. Ол біткеннен кейін аудан бюджетінен жобалық-сметалық жұмыстарының қаржысы шешіліп, жыл көлемінде жасалып біткеннен соң барып республикалық бюжеттен инфрақұрылымына қаржы сұралтады екен. Біздің түсінгеніміз, жердің инфрақұрылымын бітіріп, жер беруге кем дегенде үш жылдай уақыт кетеді. Тоқ етерін айтқанда, жақын арада жер алуға үміт аз. Дегенмен, бас жоспар бойынша бағдарлама тоқтап қалмауы тиіс. Бұл жөнінде аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Орман Ахметов мынадай қосымша мәлімет бере кетті.
«Жаңақорған кентінің бас жоспарын Алматы қаласындағы «Қазгинроград 1» ЖШС әзірлеген. Оны аудандық маслихат пен аудан әкімдігі 2008 жылы бекіткен. 2014 жылы аудан әкімдігі мен маслихаттың бірлескен шешімімен кент шекарасы бекітілді. Кенттің аумағы 2829 гектар болса, осы шешіммен 1587 гектар тағы қосылды. Енді жаңадан берілетін Саяжайдағы жер учаскесіне тек тұрғын үйлер ғана салынбайды, әлеуметтік нысандардың да құрылысы жүргізілетін болады», – деді ол.
Аудандық жер қатынастары бөлімі не дейді?
«Жаңақорған кенті бойынша жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін берілген жер учаскелерінің игерілуіне талдау жүргізіліп тұрады. Қазір МАИ бекеті аумағынан үй салу үшін 1451 жер учаскесі белгіленіп, 1358 азаматқа табысталды. Тағы 93 жер учаскесі берілуі тиіс. Саяжайда белгіленген 1216 жер учаскесінің 719-і берілсе, 233-і берілуге тиісті. Жалпы бүгінгі күні 326 бос жер учаскелеріне кезекте тұрған азаматтарға кент әкімімен хабарламалар беріліп, біздің бөлім тарапынан жер учаскесі белгіленіп, ол аудандық жер комиссиясымен қаралып, құжаттары азаматтарға берілуде», – деді бас маман Серік Төлендиев.
Жақында VII шақырылымдағы аудандық мәслихат депутаттарының 2-ші сессиясында Жаңақорған кентіндегі жердің кезектілігін азайту мақсаты қаралды. Онда тұрғын үйлерге қажетті инфрақұрылымды егжей-тегжейлі жоспарлау мақұлданды. Сондай-ақ мәжілістің жалпы отырысында депутат Айқын Қоңыров жер кезегіне байланысты үлкен мәселе көтерген болатын. Оның айтуынша, әрбір отбасыға 20 сотық жерді тарату арқылы кедейшілік мәселесін шешуге болады. Сонда олар үй салып қана қоймай, жеке шаруашылығын да жүргізе алады. «Қазақстанда тұрғын-үй бағдарламаларына қыруар қаражат бөлініп тұрады. Дегенмен, орташа деңгейдегі отбасын баспанамен қамту мақсаты қойылмайды. Иә, үйлер салынады, пайдалануға берілген шаршы метрлер де көбейіп келеді. Алайда халықтың басым бөлігінде тұрғын үй жағдайы жақсармай жатыр. Қарқынды құрылыс әлеуметтік міндеттерді шешпей, инвесторлар мен құрылыс компанияларының баюына ғана жағдай жасап отыр», – деп айтқан еді депутат.
Әлеуметтік мәртебенің көрсеткішін демографиялық жағдайдың жақсаруы айқындайды. Сондықтан әрбір тұрғын иелігіне 20 соттық жерді беру кедейшілікті жойып, ауқатты қоғамды қалыптастыратыны айқын. Біз 10 соттық жердің жырын жырлап жүргенде, 20 соттық жерді қиялдау қисынға келмейді. Ал шаруаны дөңгелету үшін берілетін жиырма соттық жер былай тұрсын, бізде жайылымдық жердің өзі үлкен мәселе.
Осы ретте бір құнды мәліметті келтіре кетейік. Тақырыптың бір ұшын жайылымдық жерге бұрсақ, қазір қойшылар Сырдағы қыстаудан жайлауға қоныс аудара бастады. Олардың бар айтатыны, ауыл маңындағы жайылымдық жерлердің басым көбі жекенің құзырында. Ол түсінікті, бірақ үкімет малшылар қауымының аталар дәстүрін жалғап, аша тұяқтыларды құмға жаюына көбірек құлық қойып отыр. Оның себебін кейін түсіндіреміз.
Статистикалық деректерге сәйкес, ел тұрғындарының 41,5 проценті ауылдық жерде тұрады. Бұл ретте ұжымдасқан шаруашылықтарда шамамен 3,2 миллион бас мал болса, ал қосалқы шаруашылықтарда бұл көрсеткіш екі есе көп, яғни 6,7 миллион шамасында. Ал ауданда төрт түліктің саны жыл сайын еселеп өсуде. Бәрінен бұрын мал санының көбеюі ауылдық жерлерге қиындық туғызып жатқанын сала мамандары нақтылап берген еді. Елді мекен тұрғындары ауыл маңындағы жерлер жекенің қолына өтіп кеткеніне шағымданған еді. Осыған байланысты ауыл әкімдерімен байланыстық. Барлығының айтар уәжі бір, ол – ауыл жұртының мал жаятын жері жоқ.
«Жекешелендіру кезінде, одан бертін келе ауыл маңындағы қаншама жер жекеге өтті. Ал мал басы жыл сайын артып, тұрғындар малын қайда жаятынын білмей, әбігерге түсті. Сондықтан бұл өте күрделі мәселе», – деді Аққорған ауылдық округінің әкімі Сарадармұхамедәлі Садықов.