Kyzylorda-news.kz. Жасөспірімдердің жүгенсіздігі, олардың қоғамдағы құқық бұзушылығы күн тәртібіндегі өзекті мәселесіне айналды. Әсіресе, жазғы демалыс уақытысында оларға деген бақылау күшейді. Осы мәселелер төңірегінде аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.Комиссия отырысында балалар бұзақылығынан бөлек, құқық бұзушылықтың профилактикалық шаралары, 2023 жылғы 6 айдың қорытындысы түйінделді. Сондай-ақ, білім беретін мектептердің 2023-2024 оқу жылына дайындығы, аудандық білім бөлімі жанындағы қамқоршылық, қорғаншылық органның атқарылған жұмыстары туралы да баяндалды.
Бір ойланатын жайт, бұл бір күндік ерегіс емес, есті алып, есесі кеткен егестің, көкіректе қатқан кек пен ызаның, өшпенділіктің көрінісіндей әсер етті. Ана сүті аузынан кеуіп үлгірмеген баланың жан-дүниесін кеулеген ненің кегі, ненің құсасы мен күйігі деп ойымыз онға, санамыз саққа кетуде. Басы төбелеспен басталып соңы аяусыз қатыгездікке апарып соқтыратын түйткілді жағдайлардың түп төркінін қайдан іздейміз, себеп-салдарын қалай тоқтатамыз? Осының жолын тауып, тосқауыл қоя аламыз ба?
Болашақта желкенімізді түзеп, толыққанды қоғамға тоқ көңілмен қадам басуымыз үшін ең маңыздысы осы. Аймақ басшысының бірінші күннен бастап бала тағдырына баса мән беріп, өңір бойынша «Отбасы – тәрбие бесігі» атты келелі кеңес өткізуге дем беріп, кешенді іс-қимыл бағдарының түзілуін талап етіп отырғаны содан. Бір өкініштісі, жауапты тұлғалар жұмысын өз мәнінде жүргізе алмай отыр, дұрысы халықтық қағидамыз қазығынан ажырап, қолдан шығып кеткен сабақтастық дәстүрін діңгегіне қайта қиюластыра алмай келе жатырмыз.
Жиынды аудан әкімі орынбасары Бектас Нуридинов жүргізді. Ол жасөспірімдер арасындағы тәртіпсіздіктерді анықтау, салдарын жою бағытында рейд жүргізгенде өзі байқаған келеңсіз көріністерді көптің назарына ұсынды. Нақтылап айтқанда, түн баласында ата-ана қарауынсыз көше кезген мектеп оқушыларының біразы қолға түсіпті. Кент орталығының өзінде жеті жерде орналасқан компьютер ойын орталықтарында құмарлық қызығына түсіп басқа дүниені тарс есінен шығарған жеткіншектердің ата-аналары беймезгіл көше кезген баласының осы қылығынан хабары бар ма екен? Жеткіншектерге ата-ана қарауынсыз жүруге тыйым салынған бейуақытта есігін айқара ашып қойып, балақанның басқа әлемге бауыр басуына жағдай жасап беріп отырған тек бір күндік пайдасын ойлаған кәсіпкерлерге ескертуден кейін ережеге бағынбайтын болса кәсібін тоқтатуға шара көрілетіні туралы да айта кетуді ұмытпапты. Келесі кезекте «Балалар мен жасөспірімдер арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу» шаралары жөнінде аудандық полиция бөлімінің бастығының міндетін атқарушы Айбол Жолдасбаев баяндады.
– Биылғы жылы жасөспірімдер арасында қылмыстылық жағдайлары тіркелмегенін айтты ол. Ал әртүрлі әкімшілік құқық бұзушылықтарға жол берген жағдайлар бойынша 143 хаттама толтырылған. Солардың қатарында түнгі 22-ден таңғы 6-ға дейін ойын-сауық мекемелерінде анықталған жасөспірімдердің ата-анасына ескерту және айыппұл салыныпты. 7 ата-ананың ісі сотқа жолданған. Көше-көшеге бөлініп, себепсізден сылтау тауып, топтасып төбелесе кету де кенеттен бой беріп қалып жүргенін, сондықтан полиция бөлімі қызметкерлерінің мобильдік тобына қырағы қадағалауға пәрмен беріліпті.
– Қазірде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуда аудандық ішкі істер бөлімі талапқа сай жұмыс жасауда. Яғни аудандық білім бөлімімен бірлесіп жастар мен жасөспірімдер арасындағы топтасқан құқық бұзушылық пен қылмыстардың алдын алу жоспары бекітілді. Ойынсауық орталықтарында, оның ішінде компьютерлік клубтарда түнгі сағат 22-ден кейін жүрген №125 мектептің 4, №163 мектептің 3 оқушысы анықталды. Сонымен қатар №163 мектептің 6 сынып оқушысы ойын сауық мекемесінің барына жұмысқа жалданған. №51 мектептің 5 оқушысы түнгі сағат 23-тен кейін өз беттерінше жүргені белгілі болды. Келесі күнгі рейд ауылдарда жалғасып, біраз шетін мәселелердің беті ашылды. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу – қоғамдағы қылмыстың алдын алудың аса маңызды аспектісі. Жастарды заңды, әлеуметтік пайдалы қызметке бағыттап, өмірге ізгілікті көзқарас қалыптастырып, қылмыстылыққа жол бермейтін қағидаларға тәрбиелеу қажет. Мұндай жауапты жұмысты ата-аналар сезініп, сергек қарағанда ғана нәтиже болады, – дейді Айбол Жолдасбеков.
Жалпы, аудан бойынша қолайсыз отбасында тәрбиеленіп жатқан балалардың саны 43, оның үшеуінің ата-анасының екеуі бірдей ішкілікке салынып, тіркеуге алынды. 68 бала мектепішілік бақылауға алынған. Өгей әке немесе өгей шешемен тұратын бала саны 131. Құзырлы орындар тарапынан кент орталығындағы №125 және 163 мектептерде ішінара топтардың құрылғандығы жөнінде мәлімет бар. Бұл бағытта әр баламен жекежеке жүйелі жұмыстар жүргізілуі керек. Қазіргі уақытта ораза айы болуы себепті мектеп оқушыларның түнгі уақытта атаанасының қадағалауынсыз мешіттерге баруына тыйым салынуы керек. Оқушылардың басты міндеті білім алу болса да тиісті бақылау болмауы себепті балалардың беймезгіл уақытта басқа мақсаттармен көшеден табылуы жағдайды ушықтыра түсуі мүмкін. Бұл бағытта үйде ата-аналар бақылауды күшейту керек, – деді сала басшысы.
Келесі кезекте сөз алған ауданның бас имамы Әбдіхалық Нематовтың бала тәрбиесін нығайтуға бағытталған ұсыныстары мен өзіндік тәжірибелері біздің көп тұжырымдарымыздың теріс екендігін еріксіз мойындауымызға әкеп тіреді. Өйткені не үлгі өнеге болмасын хақ талабымен үндескен кезде онымен теңесетін күш-құдіреттің болмауы заңды да.
– Бүгінгі мәжіліс исламдағы ең қайырлы мәжілістің бірінен болсын, – деп сөз бастады ол. Біраз ескертулер айтылуда. Кешкісін балалар мешітке бармасын, жұмаға қатыспасын деген талаптар да болып жатыр.Адамға бірінші иман керек, ихсан керек. Полиция көрмей тұр деп қорықпайтын бала иманы болса Құдай көріп тұр дейді. Құдайдан қорыққан ешқашан қиянатқа бармайды. Сол үшін біз әрбір баланың жүрегіне иман, ихсанды егуіміз керек. Бірақ мешітке келуге тыйым салынған соң, заңға бағыну керек, мешіттерге бала келіп жатқан жоқ. Ораза кезіндегі тарауих намазына бірлі-жарым ата-анасына еріп келіп жүргендер бар.
Қазақта «Әкеге қарап ұл өседі, шешеге қарап қыз өседі» деген мәтел бар. Оның мәнісі, бала ата-ананың айтқанымен емес, соның үлгісімен жүреді деген сөз. Біз мектептерге барып жақсы сөзімізбен жеткіншектердің жүрегін жібітіп қайтатын едік. АНТ тобында міндетті түрде дін өкілдері болып жас өскінге ата-анасын құрметтеу, үлкенді сыйлау, амандасу әдебі, ізгілік пен шапағат жөнінде кең түсінік беретінбіз. Имам ешқандай теріс нәрсені айтпайды. Құранда 40-тан астам аятта әке-шешемізге жақсылық жасауды бұйырады. Кейінгі уақыттарда діннен хабары жоқ адамдар насихатты жүргізіп жүр. Осыдан келіп діннен ғана емес адамшылығымыздан ажырап қалмаймыз ба деген уайым мазалайды бізді. Мынадай қатыгездіктердің түп-төркіні келешегіміздің тым таязданып, рухани жұтап бара жатқанының белгісі емес пе деп қауіптенемін. Исламдағы бағасы жоқ бала тәрбиесінен алшақтағанда ұтқанымыз қайсы?
Соңымызда жақсы із қаларлықтай әрекеттенуіміз керек. Мен өзім тұратын ауылда мұғалім азаматтар балалардың төбелесіп, боғауыз сөз айтып, өзімен өзі қырқысып жатқан көрінісін жасырын камераға түсіріп алған екен. Осы балалардың әкелерін мешітке жинап, әлгі сюжеттерді көз алдарына тостық. «Астапыралла» деп жағасын ұстады ата-анасы. Бір жесір ана өзі тәрбиелеп жатқан жалғызының даладағы жағдайын көргенде жүрегімен жылады. Көз алдында жүрген баласының шын бейнесін көріп бәрі де өз кемшілігін мойындады. Ал балалар өздерінің қателіктері үшін кешірім сұрады. Міне, бала тәрбиесі үшін сен-мен деспей қоғам болып жұмылуымыз керек, – деді бас имам. Жиында №125 мектептің тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі Ақерке Шайхова, қоғам белсендісі Айгерім Қарабаева, аудандық жастар ресурстық орталығы директоры Наурызбай Орынбасар ұсыныстарын ортаға салды.
Аудан әкімінің орынбасары Бектас Нурдиновтің төрағалығымен өткен жиынның мазмұны өте терең. Өйткені, қазір балалардың әрбір іс-әрекеті бақылау мен қадағалауды қажет етеді. Әсіресе, балалардың ұсақ бұзақылығы, ұрлық жасауға жол беруі өзекті тақырып болып тұр. Аудандық білім бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Ербол Альменов, аудандық полиция бөлімі, жергілікті полиция қызметінің басшысы Бақытжан Көркембаев және аудандық білім бөлімінің бас маманы, білім бөлімі жанындағы қамқоршылық және қорғаншылық функциясын жүзеге асырушы органның жауапты маманы С Алдабекова баяндама жасады.
Атаулы жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары жастардың тәрбиесінде отбасындағы тұрақтылық пен берекенің ерекше екенін айтып «Отан – отбасынан басталатынына» – назар аудартты.Расында, балаға ата-ананың берген тәрбиесін ешкімде алмастыра алмайды. «Әкенің тәрбиесін жүз мектепте бере алмайды» деген сөз осындайда айтылған болар...
