Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қолдауымен, «Жастар одақтары» ҚБ ұйымдастыруымен "Әдепті келін - әдемі" жас келіндер байқауы өтті. Кент, ауылдық округтерден 7 әулеттің жас келіндері қатысып, бақ сынасты.
Ауыл – әулетінің бет-ажары қыз-келіншектің әдебімен әдемі. Шаңырақ көтерген әрбір отбасының түтіні түзу шығып, берекесі мен бірлігі жарасқан жылы ұяға айналуы да алдымен ерге серік, елге көрік отанасының қолында. Келіні жақсының керегесі алтын. Себебі шаңырақтың беріктігі мен ынтымағы, отбасындағы ұл-қыздың ұлағатты тәрбиесі келіннің бойындағы жақсы да жағымды қасиеттермен астасып жатады. Демек ибалы келін ортасында сыйлы болуымен қатар ағайын-туыс арасындағы алтын көпір. Міне, осы ұлық дәстүрді насихаттау бағытында ауылда өркен жайып, ата-ене алдында өсіп-өніп жатқан жас келіндер алғашқы сайыста өздерін таныстырып, ұмыт қалып бара жатқан салт-дәстүрді жандандырып, қазақтың бай дастарханын айшықтауға барын салды.
Онлайн бағытта тартысты өткен сайыс барысында инабаттылық пен парасаттылық қасиеттерді бойына сіңіріп, үлгілі келін, ақылды ана, сүйікті жар атанған, қазақы қалпынан танбаған аяулы келіндерді көрдік. Ақылына көркі сай әр іс-әрекеттерінен ізеттілік байқалатын келіндер сайыс ережесіне сай өнер көрсетумен қатар өздері таңдаған дәстүрдің қыр-сыры мен бағыт-бағдарынан сыр шертіп, жіліктеп, жіктеп айтып өтті. Бейнебаян ретінде түсірілген көріністен жас келіндердің ұлттық үрдісімізден хабардар екенін көріп қуанған жайымыз бар. Осындай тұла бойы сан мың өнерге бай, зейінді келіндер барда қазақтың ұлт ретінде қалыптасуы ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жалғаса беретіні анық.
– Келешек ұрпаққа ата-бабамыздан қалған бай мұрамызды насихаттап, құнды өмірлік дағдыларымызды жастар санасында жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған онлайн жарыстың өзіндік ерекшелігі бар. Мемлекетті шағын отбасы құраса, осы шаңырақтың ұйытқысы нәзік жандылар. Ал жарыстың басты мақсаты қазақтың келіндері қандай болған, қандай болуы керектігін өскелең ұрпақ санасына сіңіру. Сонымен қатар ата-енеге аянбай қызмет етіп жүрген тәрбиелі келінді үлгі ету, – дейді клуб үйінің меңгерушісі Өмірсерік Бейсенбиев.
Қатысушылар байқаудың әр кезеңінде тапқырлығы мен біліктілігіне, көрсеткен өнеріне қарай әділ бағасын алып, марапат төрінен көрінді. Нәтижесінде Сүттіқұдық ауылы атынан бағын сынаған Жанат Ниязова бас жүлдені жеңіп алды. Бірінші орынды Екпінді ауылынан қатысқан Бақтыгүл Әзімбаева, екінші орынды байкенжелік Сымбат Дәуренова мен әбдіғаппарлық Ақнұр Дайрабаева лайықты болса, үшінші орынды Сұттықұдықтан қатысқан Бота Байымбетова мен машбектік Жансая Дүкенбаева иеленді. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан дайындалған «Алғыс хаттар» мен бағалы сыйлықтар үлестірілді.
– Ұйымдастырылған байқау қазақ келіндерінің мәртебесін көтеріп, абыройын асырып, одан әрі биіктете түскеніне сенімдімін. Өйткені қай қатысушы болмасын өз ауылының үздік келіні екенін дәлелдеп, топ жаруда аянып қалмады.Бірі би билеп, бірі ұлы ақын хакім Абайдың өлең жолдарын оқыса, енді бірі ән айтып, қолдарынан не келетінін дәлелдеп, әділқазылар алқасының көңілінен шығуға мейлінше тырысқан. Онлайн форматта өткен сайыс болған соң ой-пікірімізді сұрап-білуде әділқазылардың басын қосып, ұйымдастырған клуб үйінің сүйемелдеушісі Назгүл Оразбековаға да алғыс айтамыз, – деді «Арман» кенттік үйінің директоры Күлән Әбілтанова.
Жалпы отбасының ынтымағы жайлы көп айтқаннан осындай ел жүрегінен орын алатын тағылымды іс-шаралардың жиі өтуі анағұрлым тиімді екеніне тағы бір көз жеткіздік.Байқаудың ережесі бойынша қаты¬сушылар бірінші кезеңде «Әдеп¬тілік белгісі, иіліп сәлем бергені» тақырыбында өз отбасын, барған жерін таныстырса, екінші кезеңде «Дана әйел-дамыған ел негізі» атты сұрақ-жауап кезеңі өтіп, салт-дәстүр бойынша білімдерін ортаға салды. Үшінші кезеңде «Қол өнері-кілемде, сөз өнері-өлеңде» шартымен бойда бар өнерлерін ортаға салды. Соңғы қорытынды кезеңде «Әйелдің астанасы – асхана» қамыр жаю бойынша сынға түсті.
Алғашқы таныстыру кезеңінде қарасөзбен келістіріп жеткізген Манап ауылынан келген Ақбота мен Құттықожалық Жансаяның жыр жолдары мазмұнды, мәнді өрілсе, Айдана мен Ақниет бұл ережені әнмен әрлеп жеткізуге күш салды. «Дана әйел – дамыған ел негізі» сайысында қатысушылар ұлттық салт-дәстүрді насихаттайтын сұрақтарға жауап іздеді. Оның ішінде әлі де қолданыста жүрген, ұғымға жақын, құлаққа таныс жөн-жоралғылармен қатар мүлдем естімеген көне заманмен бірге көміліп кеткен салт түрлері де кездесті. Көңіл көкжиегі кеңдігімен танылған келіндеріміз бұл сыннан да мүдірмей өтті. Соңғы сайыс қамыр жаю қарапайым болғанымен, үй шаруасының қазығы болуға тиіс қаракөздеріміз үшін әжептеуір сын болды.
Байқау қорытындысы бойынша, Құттықожа ауылынан қатысқан Қалды¬бекова Жансая «Инабатты келін» номинациясы, Ақүйік ауылдық округінен Ғалымдоллақызы Ақниет «Дәстүрлі келін» номинациясы, Машбек ауылдық округінен Нұрлыбай Гүлзат «Өнерлі келін» номинациясы, Қыраш ауылдық округінен Хияшова Гүлдана «Парасатты келін» номинациялары бойынша марапатталды. Ал III орынды Машбек ауылының келіні Тасболатова Айдана иеленсе, II орынға Манап ауылының келіні Асанхан Ақбота лайық деп танылды. Үздік атанып, I орынды Төменарық ауылының келіні Тасболат Гүлшырын иеленді. А.Д.Романов атындағы 53-орта мектептің орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлшырын өнерімен, салт-дәстүрді жетік меңгергендігімен, үй шаруасына бейімділігімен қарсыластарын басып озып, жеңіс тұғырынан көрінді.
Әділқазылар құрамы төрайымы «Жаңақорған тынысы» газетінің қаламгері Баян Үсейінова сөз алып, жүрексінбей байқауға қатысып, бар өнерін ортаға салған келіндерге шын жүректен ризашылығын жеткізді.
– «Адам ұрпағымен мың жасайды», – деп халық тегін айтпаған. Осындай ұрпақ жалғастығы ақ жаулықты аналарымыз аман болсын. Әрбір ұлттың сан ғасырдан бері ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан ізгі мұраларын және ұлттық салт-дәстүрлердің құндылықтарын, ұлттың бойындағы ұлттық үрдіс пен ұлттық рухты жас келіндердің бойына сіңіру, жас келіндерге адамгершілік, ұлттық, ізеттілік, имандылық тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылған іс шараны ұйымдастырушыларға ел атынан үлкен алғысымызды білдіреміз, – деп жүлдегерлерді арнайы дипломмен және ақшалай сый-сыяпатпен марапаттады
