Kyzylorda-news.kz. Коммуналдық инфрақұрылымдар, газ, ауыз су, интернет, жол және жарық жүйесі қазіргі қоғамда ең өзекті мәселелердің қатарында. Жаңақорған аудан көлемінде жүргізіліп жатқан іргелі бастамаларды бір жарық жүйесі толықтай жаңғыратын болады.
Жаңақорған ауданында жарық мәселесі өткен жылдың соңына дейін өте өткір тақырып болып келді. Тозығы жеткен электр сымдары мен бағаналары, ескірген трансформаторлар, ауылдарды айтпағанда кент тұрғындарының әбден жүйкесіне тигені белгілі. Мұрат Жолкелдіұлы ауданға әкім болып келгенде осы істі бірінші кезекке қойды. Былтыр аудан үшін ауқымды жоба қолға алынып, жыл соңында қажетті қаржысы қаралып, кентте біршама жұмыстар жүргізілген еді. Осы сауал төңірегінде аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің есігін қайта қақтық.
Жалпы ауданда 1332,6 шақырым электр желісі жүргізілген. Оның ішінде 35 кВ әуе желісі, 10 кВ, 0,4 кВ әуе және 10 кВ кабельді желісі де бар. Сонымен қатар 245 дана қосалқы станциялар орнатылған. Жоғарыда аталған электржелілік жүйенің тозуы 75 пайыздан асқаны айтылып жүр. Биылғы қыс электр желісін жаңалау керектігін сездірді. Мұның салмағын аудан басшылары да жақсы түсініп отыр. Расында бұл мәселеге нүкте қойылатын кез келді. Бірақ бір жылда атқарыла қоюы екіталай. ХХ ғасырдың 60-70 жылдары жүргізілген электр желілері мен бағаналарды жаңалауға қомақты қаржы керек-ақ. Осы жөнінде арнайылап зерделеген едік. 50 жылдан асқан бағаналар мен желінің 70 пайызының тозығы жеткен. Мұны сала мамандары растайды. Бүгінде электр желілерінің үзілуі, бағаналардың сынуы жиі орын алады. Әсіресе, күздегі жаңбыр, қыстағы қалың қар мен боран кезінде ауылдық округтер түгілі аудан орталығында жиі жарық өшіп, сағаттап күттік…
Құнды құжатта Бірлік (9,2 шақырым), Қыркеңсе (1,78 шақырым), Келінтөбе (4,2 шақырым) және Сунақата (2,1 шақырым) елді мекеніндегі 0,4 кВ әуе желісіне де күрделі жөндеу жүргізіледі. Сондай-ақ Түгіскен, Еңбек, Ақсуат елді мекені мен Жаңақорған кентіндегі бір-бір дана 10-0,4 кВ электр станцияларына күрделі жұмыс күтіп тұр. Сондай-ақ Қожакентегі 35,10 кВ станциясына да күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі.
Айта кететіні, аудан әкімінің есебінен елді мекендердің жарықтандырылуын қамтамасыз ету бойынша бюджеттік бағдарлама аясында 34 млн 634 мың теңге қаржы қаралатынын естіген едік. Демек жұмыс жүйеленеді дегенді білдіреді. Біздің бір білетініміз, аудандық эклетр торабы мекемесінің қызметкерлерінің межелі жұмысы бар. Ол – аудан халқыны электр жарығын жеткізіп беру. Себебі, кейбір елді мекендерде электр жарығына ұялы байланысты қуаттап алудың өзі мұң болып тұр. Мұндай талапты Қандөз, Аққорған ауылдық округінің тұрғындары қойып, шағымданғаны есімізде.
Енді жай жөндеуден өткізілетін округтердегі электр желілеріне кезек берсек.
«35 кВ болатын М.Нәлібаев пен Қожакенттегі ұзындығы 21 шақырым болатын әуе желісі жай жөндеуден өтеді. 10 кВ болатын аудан орталығы мен Сунақата және Талаптағы барлығы 38,9 шақырымды құрайтын әуе желісіне жай жөндеу жүргізіледі. 0,4 кВ болатын Сүттіқұдық, Жайылма, Жаңақорған кенті мен Құттықожа ауылы, Қыраш, Түгіскен және Келінтөбе елді мекендеріне жай жөндеу жүргізілетін болады. Сонымен қатар, 10-0,4 кВ болатын кент және ауылдық округтер бойынша 8 электр станциясы жай жөндеуден өткізіледі. Аудан әкімі бастаған жоба мақұлданып, қаржысы қаралса, ең бірінші аудан орталығындағы жарық жаңартылатын болады», – деді Шалқар Әбдімәлікұлы.
Жалпы бұл мекеменің толық межесі емес, бұдан да басқа атқарар жұмыс жетерлік. Ең бастысы, біз күткен ірі бастама ертерек басталып, аудан тұрғындарының игілігіне берілсе дейміз. Аудан басшысы осы мәселенің ертерек шешімін табуын, республикалық қаржының тезірек ауданға келуіне жұмыс жасауға талап қойып отыр. Тұрғындар да берекелі бастаманың оң болуына тілекші. Қалғаны уақыттың еншісінде.
«Қазіргі таңда, Жаңақорған кентіндегі электржелілік жүйені жаңғырту мақсатында жалпы құны 3 млрд 421 млн 718,0 мың теңгені құрайтын бюджеттік инвестициялық жоба (бұдан әрі – БИЖ) іске асырылуда. Құрылыс-монтаж жұмыстарына 2022 жылы республикалық бюджетен 898 878,0 мың теңге қаралып, 70 шақырым электржелілік жүйе жаңғыртылды. 2023 жылға 1 175 676 мың теңге қаралып, құрылыс жұмыстары жалғасуда. Жаңақорған кентінен бөлек 25 ауылдық округте 34 елді мекен бар. 2022 жылы құны 2,3 млрд теңгені құрайтын 9 БИЖ әзірленді. 2023 жылға республикалық және жергілікті бюджеттен 503,4 млн. теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде», – деді бөлім басшысы Қайрат Сапарбаев.
9 ауылдың қатарында Манап, Қандөз, Келінтөбе, Қожакент, М.Нәлібаев, Әбдіғаппар, Құттықожа, Сунақата және Еңбек елді мекені кірді. Егер жұмыс сапалы, әрі тез жүргізілсе келер жылы бұл ауылдардың жарығы толық жаңғыртылады.
«Сонымен қатар, 2023 жылдың басында құны 3,2 млрд. теңгені құрайтын 10 БИЖ (Екпінді, Қожамберді, Сүттіқұдық, Ақүйік, Қосүйеңкі, Жаңарық, Өзгент, Ақсуат, Аққорған, Қаратөбе) әзірленіп, жоғары тұрған ведомстволарға бюджеттік өтінімдер ұсынылды. Аталмыш жобалар уақытылы қаржыландырылып, толық іске асырылса, Жаңақорған ауданының электржелілік жүйесінің тозуы шамамен 51 пайызға, авариялық жағдайлар 42 пайызға төмендейді деп болжамдалуда», – деді бөлім басшысы.
Біздің түсінгеніміз, алдағы 3-4 жылдың ішінде аудандағы жарық мәселесі толық шешімін табады. Ең алдымен кенттегі ірі жобаны биыл немесе келер жылы межелеп, ел игілігіне берсе болғаны. Ал, қалған ауылдардың мәселесі 2025 жылға дейін шешімін табады деген үміттеміз. Оны уақыт көрсетеді, ең бастысы, басталған істі аяғына дейін жеткізу жауапкершілігі тұр. Бұл жаңақорғандықтар үшін керемет жаңалық болар еді. Ендеше, бақылау жұмысын жауапты сала қадағалап, тұрғындармен жүздесіп тұрғаны абзалырақ болар еді...
