Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған кенті жыл сайын жаңарып, сәулеті көркейіп, келбеттеніп келеді. Биылдың өзінде атқарылған жұмыстар аз емес. Инфрақұрылымнан бастап, аудан орталығында халыққа қызмет жасайтын нысандарға инвестиция құйылуда. Жыл соңына дейін атқарылар жұмыс көп, дегенмен жақын күндері бірнеше ғимараттың тұсауы кесіледі. Солардың бір парасын тілге тиек етеміз.
Алдымен, кентке кіреберіс қақпалар қайта жаңғырды. Сыр беткейден кентке кірер қақпаның іргетасы қаланып, заманауи үлгіде сән беріп тұрса, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолынан орталыққа енгендегі қақпа да қайта сән кіргізді. Айналмалы жол салынып, көлік қатынасы жөнге келуде. Сол секілді, абаттандыру жұмысы жүргізіліп, кенттің кешкі келбеті керемет жарықпен көмкерілді. Кенттің күретамыры саналатын орталық көше бойындағы құм сағат биылғы жылдың жарқын жобасының бірі болды. Иә, осыған дейін вокзал маңындағы аллеяға сағат қойылған еді, бірақ реңі де көрік бермейтін, сұлулығы да сын көтермеді.
Ауданға ажар беріп тұрған сағаттың жалпы қаржыландыру көзі демеушілікпен. Яғни, жеке қаражаты есебінен кәсіпкер инвестиция құюда. Жоба құны – 5 млн теңге. Құрылыстың басталған мерзімі осы жылдың тамыз айының 20-сы болатын. Қазір құрылыс аяқталып, тұрғындар мен қонақтарға түнгі мезгілде тамаша тарту жасап тұр. Сәті түсіп, әкімдік қызметкерлерін емес, тұрғындарды сөзге тартып көрдік.
– Хорасан ата көшесі мен Сапарбеков көшесінің қиылысқан жерінде мынадай әсем құм сағат орнатылды. Үйім осы жерге жақын болғандықтан, жұмыс күнделікті үлкен қарқынмен жүріп жатқанын, үнемі әкім ағамыз және кент әкімдігінің барлық қызметкерлері осында жүргенін көріп жүрдім. Нәтижесінде аудан орталығы көшелерінің бойында кентіміздің сәнін келтіретін тағы бір нысана бой көтергеніне қуанудамыз. Құм сағаттың әсіресе түңгі көрінісі әдемі. Жарық беретін бағаналар орнатылып, сағаттың өзі түрлі-түсті жарықтармен сәнделген. Бұл жұмыстар білікті электрик-маман Сейдахмет Сарбасов ағамыздың еңбегі. Жақын арада осында саябақ ашылады, оның да жұмысы қарқынды жүруде. Бұл бағытта аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетов пен кент әкімі Аскар Ибрагимовтің еңбегіне ел разы болуда. Алла қаласа, әлі де кент орталығында көптеген жаңа объектілер бой көтереді деп сенеміз, – деді білікті ұстаз Әлімжан Ержанов.
Тағы бір керемет жоба – жастар және балалар паркі. Иә, балалар жылына тамаша тарту жасалынып, кенттің көркін кіргізіп қана қоймай, көптің тілеуі қабыл болып, жаңақорғандықтардың ойынсауық ордасына айналатын алаң жақын күндері ашылады.
Бұл істің де қаржыландыру көзі демеушілікпен атқарылуда. «Азимут-М» ЖШС директоры Марлен Ысқақовтың бастамасымен басталған парк құрылысы бітуге жақын. 2 гектар аумақта балалар алаңы ғана емес, сахна, жастар сарайы және өзге де нысандар бой көтереді. Жоба құны – 750 млн теңге. Аттракциондар, жазғы сахна, ойын алаңдары, су бұрқақ, автотұрақ салынатын құрылыс маусым айында бастаған болатын, енді он күнге жуық арада пайдалануға беріледі.
– Шынында өте қуаныштымыз. Әрине, кентке сән беріп тұратыны сөзсіз. Дегенмен көктемнен қоңыр күзге дейін балаларды ойнату үшін Түркістан мен Шиелі шаһарына жол жүретін едік. Бұйырса, өз еншіміз өзімізде, ең бастысы, балалардың қуанышы ғой. Сауапты іске мұрындық болып жүрген басшылыққа алғысымыз шексіз, – деп Бейбіткүл апа қуанышымен бөлісті.
Айта кететіні, кентте бұдан бөлек 3 мектептің құрылысы жүргізілуде. Соның бірі Н.Илялетдинов атындағы №169 мектептің құрылысы жақын күндері пайдалануға беріледі. 600 орындық ғимараттың ашылуын асыға күткен жаңақорғандықтар тек мектепке барар жолдың тротуары салынса деген ниетін жеткізуде. Бұл уақыттың еншісінде ең бастысы білім ордасына балалар тезірек кірсе болғаны. Тағы айту керек, жақын арада екі ауылда газ жүйесі іске қосылады. Бұл да ғаламат жобаның бірі.
Сонымен қатар, кент тұрғындарының сан сауалы бар. Әсіресе ауыз су, көше жарығы, жаяу жүргінші жолы және т.б төңірегінде. Жаңақорған кентінің әкімі Асқар Ибрагимов арнайы брифингте осы сұрақтардың жауабын тарқатып берді.
Әкім алдымен атқарылған істерге тоқталуды жөн көріп:
– Биыл 29 шақырымды құрайтын кентішілік 29 көше орташа жөнделді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясын¬да Хорасан ата, А.Иманов, Түйменов, Қорғантоғай, Қ.Алдаберген көшесі мен Ипподром және Саяжай учаскесіндегі көшелердің орташа жөндеуіне рес¬публикалық бюджеттен берілетін трансферттер есебінен қаржы қаралды, – деді.
Бірінші кезекте жөндеу жұмысы аяқталған көшелерден бастасақ, Ипподром 27 көшесі мен Қорғантоғай, Қ.Алдабергендегі жолдың құрылысын «Қызылорда жолдары» ЖШС жүргізсе, Саяжайдағы және Түйменов көшесін «Шиелі-Жолшы» ЖШС жауапты болды. А.Иманов көшесіне жөндеу жұмысын «Азрет-жол құрылыс» ЖШС жүргізді. Қазір орталық көшенің 95 проценті бітті. Ал кенттің күретамыры Хорасан ата көшесін орташа жөндеуді «Асфальт» ЖШС жүргізуі тиіс. Аталған мекемелердің техникалық бақылауына әр түрлі мамандар жауапты болғанымен, барлығының авторлық қадағалауына ДК «М.Мамуов» жауапты. Хорасан ата көшесінің жөнделуі қазан айының соңына дейін бітуі тиіс еді. Негізі барлық көшелердің жөндеу жұмысы маусым айына дейін белгіленді. Енді мұндай ауқымда көше жолы қашан жүргізілетіні белгісіз. Сондықтан сапаға мән беріп, стандартқа сай салу міндеті тұрды. Біз осы сұрақтың жауабын сұрадық.
– Әрине жолдың сапасы бірінші орында тұруы тиіс. Техникалық бақылаушыларға осыған мән беруді тапсырдық. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен бөлінген қаржы үнемделіп, Сығанақ, К.Бакирова, О.Бидашев көшесіне орташа жөндеу жұмысы жүргізіледі. Сондай-ақ «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы шеңберінде кенттегі ұзындығы 14,1 шақырымды құрайтын 22 көшеге орташа жөндеу жүргізілуде, – деді Есдәулет Мырзадәулетұлы.
Енді кентті көркейту жұмыстарына кезек берсек, «Елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру» бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстар көп. Бұл ретте, жаяу жүргіншілер жолы салынғанын айту керек. Бұл ұзақ жылдан бері өзекті мәселеге айналып келген-ді. Мұсаханов, Хорасан ата, Құрманғазы, Санатория-Жаңаауыл көшесінің бойынан тротуар салынып, тұрғындар бір қуанып қалды. Бас көшеге кент келбетін әсемдеп тұратын жаңа үлгідегі жарықтар орнатылды. Асфальт жүргізілмеген көшелерге тас төсеу жұмыстары жандандырылуда. МАИ бекеті 1, 7, 8, 9 көшеге тас төсеу басталса, Мұсаханов пен С.Қожанов көшесіндегі тозығы жеткен бағаналар заманауи үлгіде жаңғыртылады.
– Осы істен шыққан бағаналарды қайта жөндеп, ретке келтіріп, бағанасы мүлдем жоқ Жанпейісов, сосын мазаратқа апаратын темір жол бойы секілді көшелерге қайта қойылады. Бұл тәжірибе жүзеге асты, Сығанақ көшесі, №110 мектеп-лицей алдындағы бағаналар ескірсе де, қайта жөнделіп, бүгінде кешкі жарыққа жарап тұр. Қысқасы Жаңақорған жаңарып, жаңғырып келеді, – деді әкім.
Жалпы әкім берген мәліметтердің реттілігі осылай жүйеленді. Енді ел не дейді? Неге көңілі толмайды? Қандай мәселелер толғандырады? Соған тоқталсақ. МАИ бекетіндегі Қ.Алда¬берген көшесіндегі асфальт сапасы туралы әртүрлі әңгіме бар. Көшенің ені тар, жолдың сапасыз екені, әр жерден ауыз су құдығының қақпағы асфальттан биік болып тұрғаны көзге көрінеді. Осыны тұрғындар алға тартып жүр.
– Негізі кентішілік жолдардың ені 5 метрден басталады. Ол рас, Қ.Алдаберген көшесі тар болып қалған. Көшенің сметасын былтыр жасап, енгізіп қойған. 5 метр етудің басты себебін ақша үнемдеу деп түсіндірді. Бұл қате негізі, басқа басқа, ол көше қазір МАИ бекетіндегі басты көшеге айналды, өйткені ол көшемен қоғамдық көлік те жүреді. Мен бұл жұмысқа араласа алмадым, өйткені кент тізгіні маған биыл берілді. Бірақ бұдан кейін жасалатын жолдардың ені кем дегенде 6 метр болады, – деді әкім.
Газдандыру, ауыз су мен бағдаршам мәселесі аудандық тұрғын үй шаруа¬шылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің міндетінде екені белгілі болды. Оны төл басылымының келесі санында тарқататын боламыз. Өйткені қарапайым бағдаршам мәселесін талапқа сай шеше алмау ұят нәрсе. Енді А.Иманов көшесінің бойындағы жолақты сызықтарға тоқталсақ. Бұл бір жолақты сызықтар көпке түсініксіз болуда. Көлік кептелісі көбірек орын алып, айыппұл арқалайтындардың саны арта ма деген пікірлер әлеуметтік желіде желдей есіп жүр. Өйткені Халық банк алдындағы бағдаршамнан бастап автовокзалға дейін қарсы бағытқа бұрылуға тыйым салынған.
– Біз бұл сызықтарды дұрыс деп шештік. Өйткені жол апаты тәртіпсіздіктен орын алуда. Сондықтан тәртіпке бағынбасақ болмайды, бастапқыда бәрі осылай көрінгенімен, кейін үйреніп кететініміз рас, – деді кент басшысы.
Қазір жүйіткіген көлік, әсіресе жастардың жылдамдықты шамадан тыс асыруы, масаң күйде көлік басқаратын жүргізушілер жиілеп кетті. Біз тұрғындардың ойын жеткіздік. Соған сай кент әкімінің жауабын бердік. Брифинг осысымен мәнді болғандай. Алдағы уақытта сала басшыларынмен брифингтер жалғасады. Қадірлі оқырман, қызықтырған сұрақтарыңызды жолдаңыздар, біз тиісті сала басшыларынан жауабын алып береміз.
Аудан басшысының бастамасымен басталған жобаға жан бітіріп, көптің алғысына бөленген Марлен Қалилаұлы Жаңақорғанның тумасы. 2012- 2022 жылдары «Премиум Класс-Строй» ЖШС директоры болса, биылдан бастап «Азимут-М» мекемесіне басшылық етуде. Бізге маңыздысы тұрғындардың тілеуі орындалып, балалар қуанса болғаны. Ендеше, аз ғана уақыт ішінде кенттің келісті келбетіне куә боламыз.
